Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мәселен, Ертіс-Баян өңірінде «Павлодар облыстық балалар ауруханасы» КМК бастауыш партия ұйымы осы медициналық мекеме аумағын тазалады. Іс-шара барысында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, жасыл желектер мен жаяу жүргіншілер жолын ретке келтірді.
«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы біз үшін игі дәстүрге айналды. Осындай акциялар қаламызды көркейтіп, тазалығын сақтауға ықпал етеді. Сондай-ақ ұжымды ортақ іске жұмылдырады. Қоршаған ортаға деген жанашырлық әр адамның, әр отбасының және әр ұйымның жеке жауапкершілігінен басталады», – деді «Павлодар облыстық балалар ауруханасы» КМК бастауыш партия ұйымының төрағасы Камила Даирова.
Ал Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында Абай атындағы орталық саябақ аумағы қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмысы жүргізілді. Игі іске «AMANAT» партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, жастар қауымы және ауыл тұрғындары белсенді атсалысты.
«Таза бейсенбі» – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыратын маңызды акция. Әрбір азаматтың мәдениеті мен жанашырлығы арқылы туған қаламыздың тазалығы сақталады. Осындай акциялар тұрғындарды ортақ іс төңірегінде топтастырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісіне сенімді серпін береді. Ал «AMANAT» партиясы осындай игі іс-шараларды өткізу жұмысын алдағы уақытта да жалғастыра береді», – деді «AMANAT» партиясы Зайсан аудандық филиалының төрағасы Болатбек Балғабаев.
Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Асар шағынауданында тұрғындар көп жүретін қоғамдық орындар тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, бейберекет өскен шөптер орылды. Сондай-ақ ағаш бұтақтары ретке келтірілді. Бұған қоса, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған абаттандыру жұмысы жүргізілді. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырған іс-шараға партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері және коммуналдық қызмет мекемелерінің мамандары қатысты. Жалпы, тазалық жұмысына 30-ға жуық адам мен арнайы техника жұмылдырылды.
«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы – тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған аса маңызды бастама. Тазалықты сақтау және қоршаған ортаны қорғау – тек коммуналдық қызметтерге емес, әрбір азаматқа ортақ міндет. Сондықтан мұндай іс-шаралар қала аумағын абаттандырып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді», – деді «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жандос Қамбарбеков.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілді.









