Vatican.va сайтында жарияланған Рим Папасы Leo XIV-тің энцикликасы әлемдік медиа ресурстарда талқылана бастады. Aikyn.kz Жоғарғы Понтификтің адамзат баласына арналған хатының басты идеясымен таныстырады.
ЖИ туралы энциклика – Рим Папасының жасанды интеллектке қатысты этикалық, рухани және қоғамдық көзқарасын білдіретін ресми құжат. Жасанды интеллект туралы пікірталас көбіне технология, экономика немесе қауіпсіздік төңірегінде өрбиді. Бірақ биыл Pope Leo XIV бұл мәселеге мүлде басқа қырынан қарады. Ол өзінің алғашқы энцикликасын түгелдей ЖИ дәуіріндегі адамды қорғау мәселесіне арнады. Құжат «Адамның ұлылығы» (Magnifica Humanitas) деп аталады. Құжат Ватиканның ЖИ туралы ең маңызды ресми ұстанымдарының бірі саналады.
Leo XIV-тің негізгі ойы қарапайым. Технология адамға қызмет етуі керек, ал адам рухани тұрғыда технологиядан зиян көрмеуі тиіс. Оның пікірінше, ЖИ өздігінен жаман құбылыс емес. Керісінше, ол медицинада, ғылымда, білім беруде және өндірісте пайдалы екенін дәлелдеді. Бірақ мәселе технологияның өзінде емес, оны кімнің және қандай мақсатта қолданатынында.
Энцикликада Рим Папасы қазіргі әлемнің алдында маңызды таңдау тұрғанын айтады. Адамзат жаңа «Вавилон мұнарасын» тұрғызады немесе адамның қадір-қасиеті сақталатын қоғам құрады. Оның пікірінше, технологиялық прогресс адамның рухани болмысын әлсіретпеуі керек.
Понтифик әсіресе ЖИ-дің адам санасымен теңестірілуіне қарсы. Энцикликада ЖИ қаншалықты қуатты болғанымен, оның тек мәлімет өңдейтін жүйе екені айтылған. Ол қуаныш пен қайғыны сезбейді, махаббатты түсінбейді, ар-ұжданға ие емес және моральдық жауапкершілікті көтермейді. Сондықтан адам мен машинаны тең қою қауіпті қате деп есептейді.
Тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік әділет. Leo XIV ЖИ байлық пен билікті азғана технологиялық компаниялардың қолына шоғырлануына алаңдайды. Оның пікірінше, технологияның жемісі бүкіл қоғамға қызмет етуі керек. Бұл жағынан оның көзқарасы Оңтүстік Корея секілді елдердің «инклюзивті ЖИ қоғамы» идеясына жақын.
Сонымен қатар энцикликада автоматтандыру салдарынан жұмыссыздықтың өсуі, жалған ақпарат, цифрлық тәуелділік және ЖИ-дің әскери мақсатта қолданылуы ерекше сынға алынған. Leo XIV адам өміріне қатысты маңызды шешімдерді ешқашан толықтай алгоритмдерге бермеуге шақырды.
Рим Папасының көзқарасы бойынша, болашақтағы басты сұрақ «ЖИ қаншалықты ақылды болады?» емес. Ең маңыздысы – адамның өз адамгершілігін, еркіндігін және рухани болмысын сақтау проблемасы. Сондықтан Ватикан ЖИ дәуіріндегі негізгі міндет технологияны дамыту емес, адамды жоғалтпау деп есептейді.
Энцикликаның толық мәтінімен мына сілтемеден танысуға болады: Ватикан. Энциклика.










