Дональд Трамп: «Сен нағыз есіңнен адасқансың. Мен болмағанда, қазір түрмеде отырар едің»

Axios материалына сүйенген Aikyn.kz  екі елдің басшылары арасындағы келіспеушіліктің себебін түсіндіреді.

Axios басылымының мәліметінше, Ливандағы әскери жағдайдың ушығуына байланысты болған телефон әңгімесінде (1 маусым) Дональд Трамп Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қатты сынға алған. Ол Израильдің әрекеттері Вашингтонның аймақтағы дипломатиялық жоспарларына қауіп төндіріп отырғанын айтқан.

Дереккөздердің хабарлауынша, әңгіменің негізгі тақырыбы Израильдің Ливандағы әскери операцияларын кеңейтуі және Бейрутқа соққы жасау жоспарлары болған. Трамп бұл әрекеттер Израильді халықарал ық аренада одан әрі оқшаулап, АҚШ-тың Иранмен жүргізіп жатқан келіссөздерін бұзады деп есептеген.

Ақ үйге жақын ақпарат көздерінің мәліметінше, Трамп Израильдің өзін қорғауға құқығы бар екенін мойындағанымен, соңғы кездері Нетаньяху жағдайды әдейі ушықтырып жатыр деп санаған. Әсіресе, Ливандағы бейбіт тұрғындардың қаза табуы АҚШ президентінің алаңдаушылығын күшейткен.

Axios жариялаған ақпаратқа сәйкес, Трамп телефон әңгімесі кезінде Нетаньяхуға өте ауыр сөздер айтқан. Әңгіменің мазмұнымен таныс америкалық шенеунік Трамптың Израиль басшысын «ақылсыз әрекет жасап жатырсың» деп айыптағанын жеткізді. 

Дереккөздердің айтуынша, Дональд Трамп: «Сен нағыз есіңнен адасқансың. Мен болмағанда, қазір түрмеде отырар едің. Мен сені құтқарып жүрмін. Ал енді сені бәрі жек көреді. Осы үшін Израильді де бәрі жек көріп отыр», – деген сөздерді Нетаньяхуға айтқан.

Екі басшының арасындағы даудың негізгі себебі – Иран мәселесі. Қазір АҚШ пен Иран арасында келіссөздер жүріп жатыр. Әлемдік ақпарат көздерінің мәліметінше, талқыланып жатқан құжаттардың бірі Ливандағы әскери әрекеттерді тоқтатуды көздейді. Сондықтан Израильдің жаңа әскери операциялары Вашингтонның дипломатиялық бастамаларына қауіп төндіруде. Иран тарапы «келіссөздерден шығамыз» деген мәліметтер тарата бастаған.

Дүйсенбідегі (1 маусым) телефон әңгімесінен кейін Трамп өзінің Truth Social платформасында Иранмен келіссөздер «жақсы қарқынмен жалғасып жатқанын» мәлімдеді. Президент соғысты тоқтатып, проблеманы дипломатиялық жолмен шешкісі келетін сияқты.

Ал Нетаньяху өз ұстанымын өзгертпейтінін мәлімдеген. Оның айтуынша, егер «Хезболла» Израильге шабуылдарын тоқтатпаса, Израиль Бейруттағы нысандарға соққы беруді жалғастырады. Сонымен бірге Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі операцияларын да жалғастыруда.

Бұл жағдай АҚШ пен Израиль арасындағы стратегиялық одақтың сақталғанына қарамастан, екі ел басшыларының Таяу Шығыстағы жағдайды бағалауда әртүрлі көзқарас ұстанып отырғанын байқатты. Трамп үшін басты мақсат – Иранмен келіссөздерді сақтау болса, Нетаньяху қауіпсіздік мәселесінде әскери қысымды күшейтуді жөн көреді.