Бұл атаулы күн 1977 жылы Мәскеуде өткен Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) XI Бас конференциясында бекітіліп, 1978 жылдан бастап кәсіби мереке ретінде аталып келеді. Ал бүгінде бұл күн тек музей қызметкерлерінің мерекесі ғана емес, мәдени мұраны ұлықтайтын, тарих пен тағылымды тоғыстыратын маңызды датаға айналды. Әлем елдерінде осы күні ұйымдастырылатын «Музей түні» акциясы да музейлердің қоғам өміріндегі орнын айқындай түседі. Айтулы шара алғаш рет 1997 жылы Берлинде өткен еді.
Қазақстанда да музей мәдениетіне деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Еліміздегі музей ісінің тарихы тереңде жатыр. Ел аумағындағы алғашқы музейлердің бірі 1831 жылы Орынбордағы Неплюев әскери училищесі жанынан ашылған. Онда жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясына қатысты мұралар жинақталған. Содан бері музейлер ұлттың рухани жадын сақтайтын маңызды мәдени орталыққа айналды. Мәдениет саласындағы жаңғырту жұмыстары, экспозициялардың жаңаруы және интерактивті жобалардың көбеюі музейлерді көпшілікке жақындата түсті. Мәселен, жыл басында алғашқы үш айда еліміздің музейлеріне 822 мыңнан астам адам барыпты, 1 219 көрме ұйымдастырылып, жаңа экспозициялар мен тақырыптық залдар ашылды. Сонымен қатар 4 200-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара өткізілген. Оның ішінде дәрістер, танымдық экскурсиялар, білім беру бағдарламалары мен интерактивті жобалар бар. Әсіресе, жастар аудиториясын тартуға бағытталған заманауи форматтардың көбейгені байқалады. Бұл – қоғамның тарихи санаға, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы күшейіп келе жатқанын аңғартатын көрсеткіш.
Қазір республика бойынша 285 музей жұмыс істейді. Олардың қатарында 5 республикалық музей, 12 музей-қорық, 15 өңірлік тарихи-өлкетану музейі, 71 мемориалдық және 16 көркемөнер музейі бар. Бұдан бөлек, қалалық, аудандық және ауылдық музейлер де ел тарихын, жергілікті мәдениетті насихаттауда маңызды рөл атқарып келеді. Кейінгі жылдары музейлердің қызметі дәстүрлі жәдігер сақтаумен ғана шектелмей, ағартушылық бағытта да қарқын ала түсті. Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Светлана Кобжанованың айтуынша, көпшілік музейді тыныштық пен қатаң ережелер орнаған кеңістік ретінде қабылдайды. Кейбір адамдар үшін ол тек әдемі суретке түсетін орын ретінде саналады. Алайда қырық жылдан астам уақыт бойы Қазақстан өнерін зерттеп келе жатқан кейіпкеріміз музейдің табиғаты мүлде тереңде жатқанын айтады. Одан бөлек, музей қызметкерлерінің басты міндеті жәдігерді сақтау ғана емес, оның маңызын келер ұрпаққа жеткізу екенін алға тартты.
«Музей – естеліктер сақталып қана қоймай, уақыт өте жаңа мағынаға ие болатын тірі кеңістік. Ал музейтанушының жұмысы тек жәдігер сақтаумен шектелмейді. Кей жағдайда маман ғалым секілді архив ақтарып, тарихи деректерді зерттейді, ал кейде детектив сияқты көмескі қалған оқиғалардың ізін іздеуге мәжбүр болады. Сондықтан музейтанушыны өткен мен болашақтың арасын жалғайтын дәнекер ретінде сипаттасақ болады. Музейдегі әрбір экспонаттың артында тұтас бір дәуірдің ізі, белгілі бір адамның тағдыры жатады. Мұра – иелік ету емес, бұл – үлкен жауапкершілік», – деді Светлана Кобжанова.
Қазақстан музейлері халықаралық мәдени байланыстарды дамытуға да басымдық беріп отыр. Биылғы алғашқы тоқсанда республикалық және халықаралық деңгейде 28 ірі жоба жүзеге асырылды. Ел тарихы мен мәдениетін танытатын көшпелі және тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, отандық музейлер 26 халықаралық көрме, фестиваль және форумдарға қатысты. Бұл өз кезегінде шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты нығайтып, жаңа мәдени жобалардың жүзеге асуына жол ашуда.
Қазақстан музейлерінің қорында бүгінде 4,5 миллионнан астам жәдігер сақтаулы. Бұл – ұлт тарихының бірнеше ғасырлық шежіресін бойына жинаған баға жетпес қазына. Сол құнды мұралардың қатарында әлем ғылымы мен археологиясының назарын аударған бірегей артефактар да бар. Олардың ішінде Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам», Аралтөбе сармат жауынгері, Шілікті мен Байгетөбе қорғандарынан шыққан «Алтын адамдар», Талды кешенінің тарихи ескерткіштері айрықша орын алады. Сондай-ақ «Таксай ханшайымы», «Ұржар абыз әйелі», Елеке сазы қорғанынан табылған алтын киімді жауынгер де қазақ даласының көне өркениетін әлемге танытқан тарихи жаңалықтардың қатарына енді. Бұл жәдігерлер Ұлы дала мәдениетінің тереңдігін дәлелдеп қана қоймай, Қазақстан музейлерінің ғылыми әлеуетін де айқындай түседі.
Бүгінде музей мамандарының біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жыл ішінде жүзден астам қызметкер шетелдік тағылымдамалардан өтіп, халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысқан. Бұл – отандық музей ісін заманауи талаптарға бейімдеп, ғылыми-зерттеу және экспозициялық жұмыстардың сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Музей саласының дамуы кәсіби мамандар даярлау ісімен де тығыз байланысты. Қазір елімізде мәдениет саласына кадр дайындайтын 10 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Онда 10 мыңнан астам студент білім алып, 4 мыңнан аса педагог еңбек етеді. Ал музей саласының өзінде 4 мыңға жуық маман қызмет атқарады. Олардың арасында ғылым докторлары мен кандидаттары, магистр дәрежесіне ие кәсіби зерттеушілер бар.
Қазақ руханиятының көрнекті қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген еді. Расында, өткеннің ізі сақталған жер – музей. Онда халықтың тарихы, өнері, тағдыры мен рухы сақталады. Сондықтан музейлер тек жәдігер қоятын орын емес, қоғамның мәдени деңгейін көтеретін, ұлттық сананы қалыптастыратын маңызды кеңістік саналады.
Қазір музейлердің алдында жаңа талаптар пайда болды. Бүгінгі көрермен, әсіресе жастар, тек жәдігерді тамашалап қана қоймай, ерекше әсер алғысы келеді. Сондықтан әлемдегі көптеген музей дәстүрлі форматтан біртіндеп алыстап, заманауи технология мен интерактивті тәсілдерге бет бұрып жатыр. Өйткені жастар үшін музей – тек өткеннің қоймасы емес, эмоция сыйлайтын, ойландыратын, таңғалдыратын мәдени кеңістік болуы керек. Сондықтан бүгінгі музейдің басты ерекшелігі – келушімен тіл табыса білуінде. Заманауи музейлер интерактивті технология, мультимедиалық шешімдер, цифрлық инсталляциялар мен ерекше экспозициялық әдістер арқылы көрерменге тарихты жаңаша сезіндіруге ұмтылып келеді.
Сымбат БЕГІМБАЙ









