Әрине, ата-анасының жанында еңбек ететіндерге ешқандай қауіп жоқ. Ал өз бетінше жұмыс істегісі келетін, бірақ кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар екені рас. Дегенмен елімізде жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселесі соңғы жылдары ерекше назарға алына бастағаны байқалады. Өйткені жасөспірімнің еңбек етуі – тек қосымша табыс табудың жолы ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың еңбекке бейімделуі, алғашқы кәсіби дағдыларды игеруі және болашақ мамандығын саналы таңдауы үшін маңызды кезең.
1,7 миллион жасөспірім: әлеует пен шынайы көрініс
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны 1 миллион 700 мыңнан асады. Алайда олардың тек 5 мың 300-і ғана ресми түрде жұмыспен қамтылған. Бұл – жастар еңбегінің басым бөлігі әлі де бейресми секторда екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Яғни, бейресми түрде еш жерде тіркелмей, мүмкін жұмыс берушімен келісімшарт та жасаспай қаншама жастар еңбек етіп жүр деген сөз.
Жасөспірімдер көбіне сауда, қоғамдық тамақтану, ойын-сауық және демалыс салаларында еңбек ететінін байқаймыз. Көгалдандыру жұмыстарынан бастап, курьерлік қызмет, даяшы, сатушы-кеңесші, аспаздың көмекшісі, аниматор сынды мамандықтар – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастыратын негізгі бағыттар екені даусыз.
Өңірлік ерекшелік: мегаполистер алда
Жасөспірімдердің ең көп шоғырланған аймақтары – Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалалары. Әсіресе, жұмыспен қамтылған оқушылардың 59 пайызы мегаполистерде тіркелген. Мұның басты себебі – ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының дәл осы қалаларда орналасуы.
Бұл үрдіс урбанизацияның еңбек нарығына әсерін айқын көрсетеді. Қалада мүмкіндіктер көбірек, бірақ жасөспірімдерді бақылау да күрделі.
Бүгінде жасөспірімдерді қауіпсіз әрі ресми жұмыспен қамту үшін бірқатар жүйелі шара іске асырылуда. Соның бірі – Электрондық еңбек биржасындағы «Менің жазғы каникулым» платформасы. Бұл жоба бойынша платформаға 14 жастан асқан оқушылар тіркеліп, түйіндемесін орналастырып, бос жұмыс орындарын өз бетінше іздей алады. 2026 жылдың басынан бері осы платформа арқылы 1 024 оқушы жұмыс тапса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 552-ге жеткен.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шаралары да қолға алынған. Былтырдан бері 8,5 мыңнан астам жас азамат осындай бағдарламаларға тартылды. Олардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға қатысуда. Бұл бағытта ай сайынғы ең төменгі жалақы 24 АЕК-ті, яғни 2026 жылы 103 800 теңгені құрайды.
Тағы бір маңызды құрал – Enbek.kz платформасы. Мұнда оқушылар түрлі бағытта онлайн курстардан өтіп, жаңа дағдыларды меңгере алады. Соңғы бір жылда 500 мыңнан астам жас жұмыс іздеу дағдыларын игерген. Ал «Мансап компасы» платформасы арқылы 136 мыңнан астам оқушы кәсіптік бағдарлау тестілерінен өтіп, өз болашағын жоспарлауға мүмкіндік алған.
Ащы шындық: бейресми еңбек пен құқықбұзушылықтар
Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жасөспірімдердің еңбек етуіне қатысты бірқатар өзекті мәселенің бар екенін айтты.
Министрдің айтуынша, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында биылғы жылдан бастап ведомствоаралық іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Жоспардың шеңберінде Еңбек кодексіне және «Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға заңнамалық өзгерістер енгізу пысықталуда.
Жаңа түзетулер жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуді, жасөспірімдердің құқықтарын нақты бекітуді және олардың еңбек ету шарттарын айқындауды көздейді. Бұл өзгерістер Халықаралық еңбек ұйымының талаптарына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар бақылау тетіктері де күшейтіледі: кәсіпорындарда цифрлық мониторинг енгізіледі; құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында тексерістер артады; ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүйеленеді.
Жасөспірімдердің еңбекке араласуындағы негізгі мотивация – өз қажетіне ақша табу және ата-анасына көмектесу. Яғни, бұл әлеуметтік-экономикалық факторлармен тығыз байланысты. Ал жасөспірімдерді жұмыспен қамту – бұл тек табыс табу мүмкіндігі емес. Бұл – еңбек мәдениетін қалыптастыру, жауапкершілікті сезіну, өмірлік бағытты айқындау. Алайда бұл процесс міндетті түрде қауіпсіз, заңды және қорғалған болуы тиіс. Мемлекеттің басты мақсаты – жасөспірім еңбегін көлеңкеден шығарып, оны өркениетті арнаға бағыттау. Өйткені бүгінгі жас жұмысшы – ертеңгі білікті маман. Ал оның алғашқы еңбек тәжірибесі әділ әрі қауіпсіз болуы керек.
Жанболат МҰҚЫШЕВ,
ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы
комитетінің басқарма басшысы:
Қауіпсіздік пен құқықты басты орынға қоюымыз керек
Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің еңбекке араласуы – уақыт талабына сай дұрыс қадам. Бұл олардың жауапкершілігін арттырып, өмірлік тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Алайда олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының толық сақталуы ескерілуі қажет.
Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, еңбек шартын негізінен 16 жастан бастап жасасуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар белгілі бір жағдайларда 15 жастағы немесе 14 жастағы оқушылар да жұмыс істей алады, бірақ тек оқуынан тыс уақытта және денсаулығына зиян келтірмейтін жеңіл жұмыстарға ғана тартылуы ескеріледі. Ал 14 жасқа толмаған балалар тек мәдениет және өнер саласында, мысалы, театр, кино немесе концерттік ұйымдарда ғана жұмыс істей алады. Бұл жерде ата-аналардың рөлі ерекше маңызды. Өйткені мұндай жағдайларда еңбек шарты жасөспіріммен қатар оның заңды өкілінің келісімімен рәсімделуі қажет. Яғни, ата-ана баласының қайда, қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын толық бақылауда ұстауға тиіс.
Сондай-ақ заңда кәмелетке толмағандарға қатысты бірқатар нақты шектеу бар. Оларды ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстарға тартуға болмайды. Мәселен, ойын-сауық орындары, түнгі клубтар, алкоголь немесе темекі өнімдеріне қатысты жұмыстар, сондай-ақ денсаулығы мен адамгершілік дамуына кері әсер ететін қызмет түрлері жасөспірімдер үшін қатаң тыйым салынған. Жұмыс уақыты да шектелген: 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жас аралығындағылар 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек.
Айгүл СЕЙІЛ









