Кездесуге Астана қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ғабит Тәжімұратов, Астана қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сәуле Самидин және «AMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының төрағасы Санира Жүсіпова қатысты.
Заманауи форматта ұйымдастырылған «Ашық микрофон» кездесуі барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қабылдау мақсатында QR-код арқылы өтінім беру жүйесі енгізілді. Сонымен қатар арнайы хабарландырулар таратылып, азаматтармен тікелей байланыс орнатылды. Осылайша, жиында партия филиалының атқарған жұмысы баяндалып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу барысына назар аударылды.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының төрағасы Санира Жүсіпова партия жұмысы жаңа форматта ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.
«Аудан аумағындағы барлық ПИК пен тұрғындар чаттарында көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмауы мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінде мұндай кездесулерге 300-ден астам тұрғын қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіруде. Ең бастысы, Есіл ауданы аумағында «AMANAT» партиясы тұрғындармен бірлесе жүзеге асырған жол картасы 100 пайыз орындалды. Мәселен, газдандыру мәселесі толық шешімін тапты. Атап айтқанда, Тельман және Шұбар шағынаудандары толық табиғи газға қосылды», – деді Санира Жүсіпова.
Оның айтуынша, партия жұмысының басты ерекшелігі – тұрғындармен тек ғимарат ішінде ғана емес, азаматтарға ыңғайлы форматта аулаларда, әлеуметтік нысандарда және ашық алаңдарда кездесулер өткізу. Осы жүздесулер әкімшілік өкілдерімен және басқарма басшыларымен бірлесіп ұйымдастырылып, тұрғындардың мәселелерін ашық әрі тиімді талқылауға мүмкіндік берді.
Осы орайда, депутат Ғабит Тәжімұратов тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер оң шешімін тауып жатқанын жеткізді.
«Осы тоқсанда тұрғындармен 5 кездесу өткіздім. Оның барысында көтерілген мәселелер бүгінде өз шешімін табуда. Атап айтқанда, «Орман парк» және «Пригородный» тұрғындарын толғандырған бірқатар өзекті мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында шешілді. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен мәселелер жеке жол картама енгізіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда», – деді халық қалаулысы.
Бұл ретте, депутат Сәуле Самидин тұрғындармен тұрақты байланыс орнатудың маңызына тоқталды.
«Азаматтармен тұрақты байланыс орнату мақсатында WhatsApp желісінде «Активист» чаты ашылды. Аталған чатта осы шағынаудан тұрғындары өздерін толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын білдіруде. Соның бірі – Ұлы дала даңғылы мен Жошы хан көшесіндегі жол құрылысына қатысты мәселе. Осы жағдай қала әкімінің назарына жеткізіліп, нәтижесінде тиісті қаржы бөлінді. Бүгінде бұл мәселе оң шешімін табуда», – деді депутат.
Жиын барысында тұрғындар өз сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кездесуге қатысқан басқарма басшылары азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, бірқатар мәселенің нақты шешу жолдарын ұсынды.
Кездесу соңында ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген ПИК және МИБ төрағалары, мердігер ұйым өкілдері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері марапатталды.
Тілек ҚАБЫЛ










