ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломаттары Астанада өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жанындағы АҚШ, Германия, Италия, Канада, Ұлыбритания, және Францияның Тұрақты өкілдерінен құралған делегация Астанаға іссапармен келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов: «Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы өзара құрмет, сенім және қауіпсіздік, орнықты даму мен адам құқықтары құндылықтарына ортақ бейілділікке негізделген берік іргетасқа сүйенеді», – деп атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін баса айтты.

Өз кезегінде, шет мемлекеттердің елшілері Қазақстан Ұйымның маңызды мүшесі екенін, ЕҚЫҰ аясындағы елдер арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін ерекше атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар прагматикалық және өзара қолайлы ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін растады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.