Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құру жөнінде депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы 12 жылдан астам уақыт бойы инклюзивті ортаны қалыптастыруға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының инфрақұрылым нысандары мен көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
– Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың ауқымдылығына қарамастан, жергілікті жерлердегі жағдай уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларының дербес жауапкершілігінің жүйелі түрде жеткіліксіз болуына байланысты әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Қазақстандағы инклюзивті саясаттың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру, сондай-ақ олардың қоғам өмірінің барлық саласына толыққанды қатысуын қамтамасыз ету.
2026 жылғы 21 сәуірдегі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктердің жұмысын қатаң сынға алып, нысандарды бейімдеу мәселесіне формалды түрде қарап отырғанын атап өтті. Қазір елімізде қалыптастырылып жатқан «кедергісіз орта» көп жағдайда декларативтік сипатта қалып отыр. Барлық өңірлерде техникалық талаптарға сәйкес келмейтін және азаматтардың іс жүзінде пайдалануына жарамсыз «формалды пандустардың» орнатылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл – жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде бақылаудың жеткіліксіздігінің тікелей салдары, – деді ол.
Депутат Қазақстан Республикасындағы 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасында ауқымды мақсат айқындалғанын сөз етті.
– Атап айтқанда, 2030 жылға қарай «қадамдық қолжетімділік» талаптарына сай келетін инфрақұрылым нысандарының үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Алайда қатаң бақылау тетіктері мен лауазымды тұлғалардың дербес есептілігі енгізілмейінше, аталған индикаторлардың орындалмай қалу қаупі жоғары. Айта кету қажет, «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы қолжетімді орта қалыптастыру бойынша министрлерге, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне, аудан, аудандық маңызы бар қала, кент және ауыл әкімдеріне арналған дербес KPI көрсеткіштерін енгізуді көздейтін нақты өкім жобасын әзірледі.
Аталған жоба мемлекеттік органдармен және Ұлттық статистика бюросымен алдын ала пысықтаудан өтті. Біз көрсеткіштердің толықтай өлшенетінін, ал оларды әкімшілендіруге қажетті құралдардың бар екенін және қолдануға дайын екенін растаймыз. Инклюзивті кеңістікті қалыптастыру бойынша лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігінсіз жүйелі өзгеріске қол жеткізу мүмкін еместігін мойындайтын уақыт келді, – дейді Ерлан Әбдиев.










