Алдымен облыс көлемінде өткен мектепішілік кезеңге 9094 оқушы қатысып, өз бақтарын сынаған. Ал аудандық және қалалық кезеңдерде 568 үміткер өнер көрсетті. Осыдан-ақ жастардың жыр бәйгесінде қаншалықты белсенді болғанын көруге болады. Байқаудың маңызын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов атап өтті.
– Бұл байқау жай ғана өнер сайысы емес, тарих пен тағылымның, сөз бен сана биігінің, рух пен ұлттық мұраның тоғысқан тұғыры. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Бұл – ұлттың интеллектуалдық мәдениетін арттыруға бағытталған тарихи құжат. Ал бүгінгідей дода ұстаз бен шәкірттің ортақ жеңісі деуге болады. Мұнда тек жеңімпаз анықталмайды, ұлттық рух жаңғырады, сөз салтанат құрады. Ұрпақ пен тарих арасындағы алтын көпір беки түседі, – деді ол.
Бақытжан Нарымбетовтың сөзінше, «Алпамыс батыр» сынды жырлар ғасырлар бойы халқымыздың ерлік рухын, намыс пен адалдықты, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікті ұрпақ бойына сіңіріп келеді. Әр бала кішкентайынан осындай руханиятпен сусындап өссе, бұл өте ғажап дүние. Оның рухын жырмен тәрбиелеу – болашақта танымын кеңейтеді. Батырлар жырын жаттау – жай ғана есте сақтау емес, бұл – бабалар аманатын ұлықтау.
Облыстық байқаудың жүлде қоры да ауқымды. Жеңімпаздарға 1, 2 және 3-орындар бойынша жалпы сомасы 3,6 миллион теңгені құрайтын ақшалай сертификаттар табысталды. Ал бас жүлде иегері шетелдегі халықаралық тілдік лагерьге жолдама иеленді. Сондай-ақ жеңімпазды дайындаған жетекшіге автокөлік сыйға берілмек. Байқау қорытыныдысы бойынша, Рудный қаласы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Ұлдана Жүрсінбаева Бас жүлдені жеңіп алды. Оның айтуынша, үздіксіз дайындық нәтижесіз қалдырмаған.
– Шынымен, 98 беттік жырды жаттау оңайға соқпады. Ұзақ уақыт дайындық пен тұрақтылықтың арқасында осы нәтижеге жеттім десем болады. Үш ай бойы бар зейінімді бір арнаға тоғыстырып, тынбай дайындалдым. Ішкі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі өзге қатысушылар жүлделі орын алып жатқанда, үмітімді үзіп те үлгерген едім. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені иеленгеніме ерекше қуанып тұрмын. Жетекшіме көп алғыс айтамын. Гүлжазира апай Смағұлованың еңбегі орасан, – дейді бас жүлде иегері Ұлдана Жүрсінбаева.
Ал 1-орынды жырды нақышына келтіре орындап, ұлттық өнерге деген терең сүйіспеншілігін танытқан – Қарабалық ауданан келген Томирис Орехова бұйырды. 2-орынды Қостанай қаласынан Айдос Марат, Қарабалықтық Даяна Ертанова еншіледі. 3-орын рудныйлық Әдемі Елдейбек, Жангелдин ауданынан келген Бақытбек Көшімбек еншіледі.
Бұл тұста іс-шараға «AMANAT» партиясы, «Қазақ тілі қоғамы» халықаралық қоғамы, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік экономикалық университеті қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.
М.ТӨЛЕУ









