Энергетика саласы қатысушыларының бұл «көлеңкелі кәсібіне» енді тыйым салынуға тиіс. Ең бастысы, Мемлекет басшысы қойған міндет жүзеге асып, 2029 жылы Қазақстан қуатты өзіне қажеттісінен артық өндіретін елге айналуы қажет. Бұл міндет қалай орындалмақ?
Өзгенің жарығы – өзгенің ықпал-ырқы
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезді – «электр дәуірі» деп атады. Себебі жасанды интеллект әр салада үстемдік ете бастаған бұл заманда электр энергиясының жеткілікті деңгейде болуы әр мемлекеттің бәсекеге қабілетін, тіпті экономикалық тәуелсіздігін айқындайтын шешуші факторға айналды. Мұның сыртында, жерінің асты-үсті қазынаға бай Қазақстан, Президент айтқандай, өзінің шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық өрлеу үшін пайдалануға тиіс. Ол мұны «айрықша маңызды міндет» деп бағалады.
– Ашығын айтсақ, бұл тұста қордаланған мәселе өте көп. Қазақстан жыл сайын энергияның елеулі тапшылығымен бетпе-бет келіп жатады. Соның салдарынан қыс мезгілінде, яғни электр энергиясына сұраныс шарықтағанда көрші елдерден қуат көзін қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрміз. Ал жаз айларында өзге елдерге энергияны тым төмен бағамен сатамыз. Осындай қитұрқы әрекет ондаған жылдан бері жалғасып келеді! Маған мұны энергетика саласындағы қалыпты жағдай деп түсіндіріп бақты. Кезінде Балқаштағы ЖЭО құрылысының аяқталмай қалуына да осы жайт себеп болды, – деп Президент сондай көлеңкелі кәсіпті ілгерілетушілерді сынады.
Ол бүгінде Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұздағы жаңа жылу-электр кешендерін іске қосудың кейінге шегеріліп жатқанына назар аудартты. Бұл құрылысқа да қосымша серпін берілуге тиіс.
Қазақстан бүгінде сағатына 123 млрд киловатт электр энергиясын өндіреді. Қуат көзінің мұндай көлемі өнеркәсіп пен құрылыс саласын, ауыл шаруашылығы кешендерін қарқынды дамытып жатқан, ең бастысы, экономиканы жаппай цифрландыруды, ЖИ-ді қоғамның барлық саласына енгізіп, деректерді өңдеу орталықтарын жаппай салып жатқан ел үшін «мүлдем жеткіліксіз». Қ.Тоқаев Қазақстанды 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретін деңгейге жеткізуді тапсырды және осыны «стратегиялық міндет» деп белгіледі.
Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, 2026-2029 жылдары жалпы көлемі 13,3 ГВт энергетикалық қуат іске қосылады. Оның ішінде 7,4 ГВт-ы – базалық генерация, 5,9 ГВт-ы – жаңғыратын энергия көздері болмақ. Ведомствоның сендіруінше, бұл тапшылықты жойып қана қоймай, 20%-дық профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр стансалары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, Президент ескерткен жылу беру кезеңіндегі электр энергиясын тұтынудың болжамды ұлғаюына жүйе дайын. Сондықтан Тоқаев сынаған қитұрқы әрекеттерге министр биыл жол берілмейтініне сенімді.
– Апатты жағдайларды азайту және ЖЭО-лардың жұмысын жақсарту бойынша ауқымды жұмыс атқардық. Биыл ең жоғарғы жүктеме 18,2 мың МВт болады деп болжанып отыр. Стансаларымыз қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жүктеме шырқау шегіне жеткен кезде де енді Қазақстан өзін электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Келесі жылы қайта 1,5 млрд кВт/сағ артық профицит болады деп көзделіп отыр, – деді министр Ақкенженов.
Бұл ретте еліміздің бас энергетигі сол бұрынғыдай тәуекелдің «қызыл» аймағында қалып тұрған 5 ЖЭО-ны – Ақтаудың, Семейдің, Оралдың, Теміртау және Тараз қалаларының жылу-электр орталықтарын 1 жыл ішінде «сары» аймаққа ауыстыруға уәде етті. Ал қалған 14 станса қазірдің өзінде «сары» және «жасыл» аймақтарда орналасқан.
Тұтас желі елді біріктіреді
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Аңсар Айдаров Мемлекет басшысының сынына іліккен нысан – Екібастұз ГРЭС-2-де жұмыстар қарқын алатынын мәлімдеді. Оның дерегінше, ондағы үшінші және төртінші энергоблоктар құрылысы жаңадан бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. 3-ші энергоблокты 2028 жылы, 4-шісін 2030 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.
– Құрылыс алаңында 450-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Жабдықтарды жеткізу де жоспарға сай жүзеге асырылады. Қазандық жабдықтары келіп жетті. Келесі жылдың басынан турбиналық жабдықтар жеткізіледі деп күтудеміз: оларды сол жылы монтаждаймыз. Бүгінгі таңда Екібастұз ГРЭС-2-дегі үшінші және төртінші энергоблоктардың құрылысы бойынша кестеден ауытқулар тіркелген жоқ, – деді Ансар Айдаров.
Өз кезегінде КЕGОС АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Павлодардағы тұтас қалашыққа бара-бар «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» секілді мол қуат көзін қажет ететін жаңа жобалар іске қосылғанда Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болмайтынын хабарлады.
– Жалпы, «ДӨО алқабы» жобасы іске қосылған кезде де электр энергиясы профицит болады. Болжалды балансқа сәйкес, 2028 жылы электр тапшылығынан профицитке көшу күтіледі. 2029 жылдан бастап қажетті резервті ескере отырып, профицит шамамен 2,8 ГВт құрайды, ал 2035 жылға қарай ол шамамен 5 ГВт-қа жетеді, – деді Қазақстанның ұлттық электр желілерін басқаратын ұлттық компанияның басшысы.
Оның сөзінше, Қазақстанның көршілерден энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету, электр энергиясына сұраныстың артуы салдарынан туындаған қуат тапшылығын еңсеру мақсатында ауқымды стратегиялық іс-шаралар қолға алынған. Оның аясында 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 ГВт-тан асатын жаңа энергия көздерін іске қосу жоспарланды. Бұл ретте атом энергетикасын өркендетуге, экологиялық талапқа сай «таза» көмір генерациясын дамытуға айрықша басымдық берілмек.
Экономиканың өрлеуі, өндірістік жаңа жобалардың іске қосылуы және цифрлық инфрақұрылымның кеңеюі елдің энергетикалық жүйесіне түсетін жүктеменің едәуір ұлғаюына алып келеді. Сондықтан Президенттің 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге қол жеткізу міндеті 3 бағытта, атап айтқанда генерация қуаттарын арттыру, электр желілерін дамыту және тұтыну көлемінің өсуін толық үйлестіру арқылы жүзеге асырылмақ.
KEGOC басшысы Нәби Айтжановтың мәліметіне жүгінсек, осы орайда елдің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр сымдарын күшейту жобасы қолға алынды. Тек осы арқылы «Алматы – Жамбыл – Шымкент» транзитінің өткізу қабілеті 440 МВт-қа арттырылады. Оны 2027 жылдың шілдесінде пайдалануға беру жоспарланған. Көпшілік біле бермес, бірақ республиканың оңтүстік өңірлерінде жарықтың біразға сөніп қалуы оқиғалары әлі күнге кездесіп тұрады. Ал мына жобаны жүзеге асыру оңтүстік аймақты электрмен жабдықтау сенімділігін нығайтады, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау үшін қосымша жағдайлар жасайды екен.
Сорақысы сол, еліміздің батыс өңірлері кеңес кезіндегідей көрші Ресейге тәуелділіктен арыла алмай келеді. Сол себепті Батыс Қазақстанның энергожүйесін Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасы өңірдің шетелдік энергиядан тәуелсіздігін күшейтуге және оған қуат өткізуші инфрақұрылымның қабілетін 500 МВт-қа дейін ұлғайтуға бағытталған.
– Бұл жобаны жүзеге асыру батыс аймақты өзімізде өндірілген электрмен толыққанды жабдықтауға жол ашады. Атырау және Ақтөбе облыстарындағы электр стансаларының өндіру қуатын еселеп, Ақтөбе энергия торабына түсетін жүктемені жеңілдетеді. Жобаны аяқтау келесі жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Ары қарай батыс аймақты Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасының екінші кезеңі 2035 жылы жүзеге асырылады. Сөйтіп, бүкіл елімізді жоғары вольтты энергия желісімен айналдыра байланыстыру жұмыстары аяқталмақ, – деді KEGOC басшысы.
Осы аталған жобалар Оңтүстік пен Батысты сенімді электрмен жабдықтауға, елдің энергетикалық жүйесі тұтастығын нығайтуға және Қазақстанның энергетикалық дербестігін арттыруға бағытталған.
Жарықты ЖИ басқарады
Қалай болғанда, энергетикаға жауапты тұлғалар Мемлекет басшысының сын-ескертпелерінен кейін осы жұмыстарға қарқын беруге тырысып жатыр. Соның ішінде Алматы ЖЭО-2-ні жаңғыртуға, Алматы ЖЭО-3-ті реконструкциялауға, Көкшетау мен Семейде жаңа жылу электр орталықтарын салуға, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейтуге, Қызылорда, Түркістан облыстарында бу-газ қондырғыларын тұрғызуға, сондай-ақ энергия жинақтау жүйелері бар ЖЭК-ті дамытып, гидрогенерация жобаларын жүзеге асыруға жете көңіл бөлінбек.
Энергетика министрлігіне мүдделі меморгандармен және ұйымдармен бірлесіп, 2027 жылдың қыркүйегіне дейін елдің энергетикалық балансын өзектендіру жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Электр энергетикасы саласындағы инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асырылуына бақылау артады. Жобаны қолданысқа енгізуді негізсіз созбалаңға салған мердігерлермен шарттар бұзылуға тиіс.
Айтпақшы, жаңа ЖЭО-лар салмай-ақ, цифрлық технологияларды және жасанды интеллектіні енгізу арқылы да қуаттың ағынын оңтайландырып, босқа ысырап болатын электр шығынын азайтуға болады екен. Бұған қоса, KEGOC базасында диспетчерлік басқару жүйесіндегі 50 мыңнан астам көрсеткішті жаңарту тіпті апаттық жағдайларды жедел жоюға жол ашқан. Мәселен, жыл басынан бері «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік желісінде жүктеменің күрт секірісінің 70-тен астам жағдайы тіркелген. Оның 95%-ы тұрғындарды электр энергиясынан ажыратпай-ақ реттеліпті. Бұрын әр апат сайын қалың жұрт қараңғылық құшағында қалатын еді.
AI-KEGOC интеллектуалды платформасы 21 энергия торабы мен жаңғыратын энергия көздерінің 169 нысанында электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемін бір тәулік бұрын болжайды. Синхрофазорлық өлшеулер негізінде жүйені мониторингтеу мен басқарудың цифрлық жүйелері «Солтүстік – Оңтүстік» негізгі энергия көпірінің өткізу қабілетін 250 МВт-қа арттырыпты. Яғни жаңа нысандар салуға қосымша шығындалмай, оның өткізу қабілеті тұтас бір қала тұтынатын көлемдегі электр энергиясына көбейтілген және электр энергиясының шығындары азайтылған.
Түптеп келгенде, энергетика мәселе-сі – әрбір отбасының, түрлі кәсіпорынның, тұтас мемлекеттің болашағына қатысты мәселе. Бүгінгі инфрақұрылымдық шешімдер ертеңгі инвестициялық ахуалға, өндіріс қарқынына және халықтың тұрмыс сапасына ықпал етеді. Сондықтан бұл бағыттағы саясат жаңа нысандар салумен қоса, технологиялық жаңғыруға және басқару тиімділігіне негізделуі қажет. Өйткені қуатты энергетика – бәсекеге қабілетті экономиканың, мемлекеттің тәуелсіздігінің де тірегі.
Елдос СЕНБАЙ








