Тек қара халықты тәртіпке салуға келгенде тайсалмайтын Үкімет өз тәртібін түзеуде тайсақтап отыр. Онсыз да сыртқа 17 млрд доллар қарыздар болып отырғанда екі бірдей банктен тағы несие алмақшы. Бұл – ешқандай квазимемлекеттік секторды қоспағандағы, таза Үкіметтің сыртқы қарызы. Бір қызығы, Мәжілістің өткен аптадағы отырысында «бір қарызды екінші қарызбен жауып жатыр» деген сөз айтылып қалды. Неге мұндай күйге түстік? Осы біздің халық тұрмақ, Үкіметтің өзі несиеге белшесінен батып кеткен жоқ па?
Айтып отырған екі қаржы институты – Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі. Біріншісінен алатын несие – 600 млн доллар. Екіншісінен 62,3 млрд жапон иені несиеге беріледі, ол шамамен 400 млн доллар. Екі несие де 11 жыл мерзімге берілген. Жалпы көлемі 1 млрд доллар Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады.
2026 жылғы бюджет шығыстары – 27 трлн теңге. Бюджеттің өз табысы 19,3 трлн теңге болған. Осыдан қалыптасқан жыртықты жамау үшін Ұлттық қордан келетін 2,8 трлн теңге кепілді трасферт бар. Содан қалатын бюджет тапшылығы қазір 4,6 трлн теңге. Оған осы 490 млрд теңге қосылады. Сосын халықаралық нарықта 1-1,5 млрд доллар көлемінде еурооблигациялар шығару көзделген. Қалғанын жыл бойы тағы түрлі қарыз алып, жыртықты осындай әдіспен жаппақшы.
Көршілер арасында қарыз алудан үздікпіз
Бюджет тапшылығын жою әлбетте, Үкіметтің ең маңызды жұмысы. Бірақ оны қарызбен толтыра беру қаншалықты тиімді? Сыртқы қарызға қатысты түрлі статистика осындай күмәнді сұрақ тудырмай қоймайды. Мәселен, ТМД Статистика комитеті мен Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметтері бойынша, Орталық Азия елдерінің (оның ішінде Түрікменстан жоқ) сыртқы қарызы соңғы бес жылда 34,9%-ға өскен. Өткен жылдың қорытындысында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның жиынтық сыртқы берешегі шамамен 290,8 млрд долларды құраған. Бұл мәліметті ranking.kz сараптама сайты берді.
Енді қызығы, осы қомақты қарыздың ішінде орасан үлесін – 62,5%-ын Қазақстан алып тұр. Егер 2020-2023 жылдары қарызымыз 161,1-164,7 млрд доллар аралығында өзгеріп отырса, былтыр 181,8 млрд долларға бір-ақ жетіпті. Алдыңғы жылдары өсім 0,1%-2,8% шамасында болып жүрсе, былтыр бірден 10,4%-ға артқан. Мұндай қарқын көршілерімізде байқалмайды. Дегенмен осы миллиардтардың ішінде меморгандарының үлесі – небәрі 8,8% екен. Бірақ бұл да жұбаныш емес. Өйткені былтыр 12,8 млрд доллар болып тұрған қарызды бір жылда 16 млрд долларға дейін өсіріп жіберіппіз.
Ақыры бюджет жыртығын жамаймыз деп қарызданған екен, ендеше республикалық бюджет салаларды қаржыландыруға қабілетті болып тұрса, қанекей?! Өкінішке қарай, жағдай бәрібір кері кетіп тұр. Бұл жайындағы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың мәлімдемесіне қарайық. Үкімет жариялаған ЖІӨ-нің 6,5%-дық өсімі құр қағаз жүзінде болып отыр. Жұрттың табысы тек тіршілігі мен несиелерін төлеуге жұмсалып келеді.
Осыларды айтқан депутат мына бір жөнсіздіктерге наразылық білдіреді. Былтыр Үкімет депутаттармен келіспей, бюджетті 8 рет түзеткен. Стратегиялық бағдарламалардан қаражат алынған. Соның ішінде әлеуметтік қорғау мен денсаулық сақтау салаларынан 125 млрд теңге қысқартылған. Сонымен қатар 75 млрд теңге көлеміндегі 99 инвестициялық жоба тоқтатылған. Демек, неше мәрте сағаттап отырып талқыланған парламенттік тыңдаулар, депутаттар мен қоғамның орасан еңбегі зая кетті деген сөз.
Әсіресе, салық саясатына ерекше назар аудартқысы келеді. Үкімет экспорттаушыларға қайтарылуға тиіс қосылған құн салығын тоқтатып қойған. Бұл дегеніңіз – кәсіпорындардың қаражат айналымында жүруге тиіс 898 млрд теңге Үкіметтің өз қалтасында қалды деген сөз. Бұдан бөлек, 2025 жылғы бюджет тапшылығын жабу үшін Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылға тиесілі 154 млрд теңге салықты алдын ала жинап алған. Оның арты бизнес өкілдері жаппай сотқа жүгінуге әкеліп, мемлекет әрбір екінші істе ұтылып жатыр. Салық төлеушілердің пайдасына шығарылған сот шешімдерінің үлесі 52,6%-ға дейін өскен.
Экономикаға деп алып, несиеге жұмсаймыз
Егер халықаралық қаржы ұйымдарынан осыған дейінгі алынған қаражат экономиканы қаржыландыруға жұмсалып жатса, нәтижесі қайда? Мемлекет неге кәсіпкерлердің қалтасына қол сұғады? Бір жағынан, бюджет тапшылығы анау-мынау емес, бірнеше триллион теңгеге жетіп жатқанда бұл да түсінуге болатын жағдайға ұқсайды. Әйтсе де, Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтің сөзі тағы ойландырмай қоймайды. Депутаттың сөзінше, мемлекет азаматтардан қаржылық тәртіпті талап ете отырып, өзі қарыз жүктемесін арттыруды жалғастырып отыр. Сөйтіп, берешекті арттырып, бұрынғы қарыздарын қайта қаржыландыруға көп шығындалып жатқанына налиды.
© коллаж: Елдар ҚАБА
Депутаттың айтуынша, бүгінде банктер қарыз алушылардың төлем қабілеті мен борыштық жүктемесін бағаламай несие бере алмайды. Ендеше дәл осындай тәртіп мемлекеттік қаржыға да қолданылуға тиіс деп санайды. Әсіресе, 2025 жылы тартылған қаражаттың жартысынан көбі, яғни 8,2 трлн теңгенің 51%-ы экономиканы дамытуға емес, бұрыннан бар қарыздарды өтеуге жұмсалған атап өтті.
Әйтсе де, Қаржы министрі қазіргі мемлекеттік қарыз деңгейі әзірге қауіпсіз шекте екенін тағы қайталады. Оның сөзіне қарағанда, жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 36,4 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 22,8%-ын құраған. Қазір ол 36,6 трлн теңгеге дейін өскен. Бірақ экономика 6,5% өскендіктен, қарыздың қатынасы 20%-ға дейін түскен. Ал біздегі бекітілген талап бойынша мемлекеттік қарызды 32%-дан асырмау керек.
Ал тікелей мемлекеттік қарызға келсек, ол – 17 млрд доллар. Ол ЖІӨ-нің шамамен 4,5%-ына тең. Такиевтің айтуынша, бұл көрші елдердің көбімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Компаниялардың өз «кеселі» бар
Экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, дамыған елдердің кейбірінде мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нен де өсіп кетіп жатады. Мысалы, Британия, Жапония, АҚШ-тарда ЖІӨ-ге жақын. Біздегі бюджеттің мойнына түсетін 17 млрд доллар өте аз. Ал жалпы қарыз саналатын 182 млрд доллардан қорқудың қажет жоқ. Мысалы, мұнай шығарылып жатқан «Қашағандағы» Солтүстік Каспий корпорациясына 7-8 мемлекеттің инвесторлары жиналған. Солар Нидерланды банкінен 40 млрд доллардан артық қарыз алды. Енді оны төлейтін – «Қашағанның» өзі. Егер қарызынан құтыла алмай жатса, оған Қазақстан бір тиын да төлемейді, яғни еш кепілдік бермеген.
Сол сияқты Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар шын мәнінде өз банктерінен өздері қарыз алады. Тек Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелген соң біздегі мемлекеттік қарызға қосып есептеле береді. Сөйтіп, әлгі 182 млрд доллардың шамамен 120 млрд-ы осындай компаниялардың еншісінде. Одан бөлек, тағы 40 млрд-тай банктердің қарызы бар. Оған да банктердің өздері жауап береді.
«Ал Үкіметтің 17 млрд долларына келсек, Қазақстан үшін бұл да қомақты қаражат. Соны жауып отыруға жыл сайын менің білуімше, 1,5 трлн теңге кетеді. Дамушы мемлекет үшін бұл көп. Дамыған елдер үшін қорқынышты емес. Себебі олар өте тиімді пайдаланады. Ғарышты игеруге, жаңа технологияларға, сол сияқты тиімді жобаларға жаратып, одан да көп пайда табады», – дейді ол.
Экономист тағы екі жайтты ерекшелеп айтады. Біріншіден, біздегі жемқорлық мәселесі де жағдайды ушықтырып тұр. Transparency International рейтингінде Қазақстан 96-орында. Жалпы 80-орыннан әрі қарай жемқор елдер санатына кіреді десек, біздің жағдай мәз емес. Ақырында қарызға алған қаражаттың біразы сол коррупционерлердің қалтасына кетеді. Мұнайда қарызға алған ақшаның дұрыс жұмсалуын қатаң бақылау керек. Бұл орайда Жоғары аудиторлық палатаның дүркін-дүркін беріп жатқан есебін құптайтынын айтады.
Екіншіден, «Самұрық Қазына» ҰК-ға қарасты квазимемлекеттік алпауыт компаниялар өз жанынан 500-ге жақын серіктес компания ашып алған. Соның бәрі бюджеттен қаржыландырылады. ЖАП та сол себепті елде жүздеген компанияны жабу қажет екенін туралы бекер айтып жүрген жоқ.
Ербол ТҰРЫМБЕТ









