Aikyn.kz жақында британдық Telegraph басылымында жарық көрген адам тәрізді роботтардың дамуынан шығатын қатерлерді талдайды.
Қытайлық Unitree компаниясы биыл адам тәрізді роботтардың жекпе-жегін көрсеткен бейнероликтерімен әлем назарын аударды. Компанияның соңғы әзірлемелері одан да асып түседі. Benben аталған жаңа прототип дауыстық бұйрықтарды орындайды, едендегі киімді жинайды, жәшікті ашып, қажет дәріні таба алады. Бұл роботтардың зауыт пен қоймадан шығып, аурухана, қарттар үйі, дүкен, қонақүй және қарапайым үйге енуге жақындағанын көрсетті.
Қытай үшін бұл технология халықтың қартаюы мен жұмыс күші тапшылығына жауап ретінде ұсынылуда. Роботтар ауыр, бірсарынды және күтімге байланысты жұмыстарды үздіксіз атқара алады. АҚШ саясаткерлері болса, бұндай құрылғыларды шпиондық немесе қашықтан басқарылатын қауіп көзі ретінде қарастырады. Вашингтонның алаңдаушылығы тек экономикалық үстемдікке емес, ұлттық қауіпсіздікке де байланысты.
«Қытай Коммунистік партиясы – біз бетпе-бет келіп отырған ең үлкен қатер. Бұл роботтардың елімізде үстемдік етуіне жол бере алмаймыз», – дейді республикашыл конгрессмен Джон Муленар.
АҚШ Федералдық байланыс комиссиясы импорттық шектеуді роботтар жинайтын деректердің шетелдік барлау қызметтері үшін пайдаланылуы немесе құрылғылардың сырттан басқарылуы мүмкін екенімен түсіндіреді. Қытай бұған «гегемониялық ойлау» деп жауап берсе, Global Times басылымы: «Жеңе алмасаң, тыйым сал», – деп мысқылдайды.
Бүгінгі Қытай гуманоидтардың (адам тәрізді роботтар) өндіріс көлемі бойынша айқын басымдыққа ие. Өткен жылы елдегі стартаптар 16 мың робот шығарды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу жоспарланған. Әлемде сатылған гуманоид роботтардың шамамен 90%-ы Қытайда шығарылған.Bank of America болжамынша, 2035 жылға қарай әлемде 10 млн, ал 2060 жылы 3 миллиардқа жуық адам тәрізді робот болуы мүмкін. Сол кезеңде олар өнеркәсіп жұмысшыларының бестен бірін және қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің жартысын алмастыруы ықтимал.
Бейжің робототехниканы қолдауға 1 трлн юань (148 млрд доллар) бөлді. Елде осы бағытта 150-ге жуық компания жұмыс істейді, ал гуманиодтарға қатысты патенттер саны бойынша Қытаймен ешбір ел теңесе алмайды. АҚШ әлі де жасанды интеллект бағдарламалары бойынша алда. Бірақ Қытайдың күші – өндіріс ауқымы, мемлекеттік қолдау және толық қалыптасқан жеткізу тізбегінде.
«Қытай робототехника тізбегінің барлық дерлік буынына ие және оларды өзгелерден тез әрі арзан біріктіре алады», – дейді сарапшы Павел Звенигородский.
Болашақтағы роботтар бәсекесі – ең ақылды машинаны жасау жарысы емес. Ол өндіріс, қауіпсіздік, еңбек нарығы және технологиялық егемендік үшін күреске айналып барады.









