Қазақстандықтардың банктердегі теңгелік жинағы үш айда 1 триллион теңгеден астамға артты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметінше, 2026 жылдың ІІІ тоқсанында жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 4,3%-ға өскен. Қор сарапшылары мұны инфляцияның баяулауымен және банктердің салымдарға жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсынуымен байланыстырады. Базалық мөлшерлеме төмендегеніне қарамастан, банктер клиенттерді тарту үшін депозиттердің табыстылығын жоғары деңгейде сақтаған.
Қазақстандықтар қандай депозиттерге көбірек ақша салды?
ІІІ тоқсанда мерзімді депозиттер ең жоғары өсім көрсетті. Үш айдың ішінде олардың көлемі 787,6 миллиард теңгеге немесе 13,8%-ға артқан. Ал жинақ депозиттеріндегі қаражат 134,2 миллиард теңгеге көбейіп, 5,3% өсті.
Осылайша, жеке тұлғалардың депозиттеріндегі мерзімді және жинақ салымдарының жиынтық үлесі 33,8%-ға жетті. ҚДКБҚ мәліметінше, депозит нарығында шағын салымшылар басым болғанымен, жалпы өсімге орта және ірі көлемдегі салымдар көбірек ықпал еткен. Ал қаражатты кез келген уақытта алуға мүмкіндік беретін талап етілмелі депозиттер халық арасында әлі де сұранысқа ие.
Шетел валютасындағы депозиттердің үлесі азайды
Қазақстандықтардың теңгедегі жинағы көбейгенімен, шетел валютасындағы депозиттердің көлемі айтарлықтай өзгермеген. Қор мұны валюталық салымдардағы өзгерістердің негізінен айырбас бағамына байланысты болуымен түсіндіреді.
Нәтижесінде, депозиттердің долларлану деңгейі тарихи ең төменгі көрсеткішке жетті. ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша, шетел валютасындағы салымдардың үлесі 1,9 пайыздық тармаққа төмендеп, 17,9%-ды құрады. Қор сарапшыларының бағалауынша, теңгедегі депозиттердің өсуі халықтың ұлттық валютадағы жинақ құралдарына қызығушылығы сақталғанын көрсетеді.








