МҚҰ-лар әдетте, халықты қарызға батыратын «қанаушы» ретінде біржақты сыналады. Бірақ ауылдағы бизнесті қолдайтыны да, банкирлер менсінбей теріс айналатын шалғайдағы шаруаның жалғыз үміті де негізінен солар. Сарапшылар микроқаржы ұйымдарына депозит қабылдау құқығын беруді ұсынды. Мұндай шешім қаржы нарығын дамытуға серпін бе, әлде жаңа тәуекел ме?
Іріленген актив, іріктелген «лига»
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебінде айтылғандай, 2026 жылдың басында микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (МҚЖҰ) активтері 2,2%-ға ұлғайып, 3,5 трлн теңгеге жетті. 2025 жыл қорытындысындағы өсімі де қомақты: 17,2%. МҚЖҰ активтерінің құрылымында ең көп үлес микроқаржы ұйымдарына (1,7 трлн немесе 47,4%), кредиттік серіктестіктерге (1,3 трлн немесе 36%), ломбардтарға (0,6 трлн теңге немесе 16,5%) тиесілі. Саланың қарқынды дамуы арқасында былтыр 2 микроқаржы ұйымы банкке айналып, «жоғарғы лигаға» ауысты.
Бұл ұйымдар бұқараны емес, негізінен бизнесті қаржыландырудан көбірек табыс табады екен. Өткен жылы олар 3,1 трлн теңге қарыз үлестірген. Оның ішінде 56,6%-ы – бизнес субъектілеріне берілген микрокредит, тек 43,4%-ы – халықтың сұрап алған берешегі. Бұл ретте кәсіпкерлерге таратылған микрокредиттер былтыр бірден 7,4%-ға өсті.
Банктерден айырмашылығы, бұл ұйымдар қаражаттан тарығып жүгінген кәсіпорындар мен қарапайым адамдардан негізінен қымбат кепілзат талап етпейді. Бұл бизнес сенімге құрылған көрінеді: 90-шы жылдары қалтасында тиын қалмаған тұтынушы ауыл дүкенінде: «Менің атыма жаза салшы, жалақы алғанда берермін!» дейтін болса, бүгінде ауыл тұрғындары сауда орнынан тауар алуға шамасы жетпесе: «Менің атыма рәсімдей салшы!» дейтін болды. Бір ғажабы, халық пен бизнес келесі жолы қиын жағдайға тап болғанда, микрозаем арқылы тығырықтан шығуға мүмкіндігі болуы үшін алған қарызын уақытылы қайтарып отыруға тырысады екен. Қаржылық реттеушінің ресми дерегінше, төлем төлеу тоқтатылғанына 90 күннен асып кеткен проблемалы несиелердің (NPL90+) МҚЖҰ портфеліндегі үлесі небары 3,9%-ды құрайды. 2025 жылы – 4,6% болған. Соның ішінде жеке тұлғалардың үш айдан көп қайтармай жүрген берешегінің үлесі жалпы портфельдің 5%-ына дейін төмендеген (2025 жылы – 6,3%).
Жалпы, бұл табысты сала: МҚЖҰ-ның меншікті капиталы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрады.
Салада «Үш қорғаныс желісі» түзіледі
Міне, осы микроқаржыландыру секторында реформа басталды. 2026 жылғы 19 наурызда күшіне енген қаржы нарығын, оның ішінде микроқаржы секторын одан әрі дамытуға және реттеуге бағытталған жаңа заң осы өзгерістердің іргетасын қалады. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбектің түсіндіруінше, негізгі жаңалықтардың бірі – тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу арқылы микроқаржы ұйымдарына қадағалауды күшейту.
– Біз бұдан былай «3 қорғаныс желісі» атты жаңа модельге өтеміз. Оның аясында бизнес бөлімшелер, тәуелсіз тәуекел-менеджменті мен комплаенс, сондай-ақ ішкі аудит бөлімшелері арасындағы функциялар мен жауапкершіліктің ара-жігі нақты ажыратылады. Бұған дейін олар тонның ішкі бауындай араласып кететін немесе басшылық бірінің міндетін атқаруды екіншісіне жүктей салатын. Жаңа модель ұйымдардағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді департамент директоры.
Тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Ең алдымен, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тиісті талаптар қарыз беру үшін өзі қарыз алатын, яғни міндеттемелерінің құрылымында сырттан тартылған қаражаты басым микроқаржы ұйымдарына қатысты қолданыла бастайды. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап талаптар нарықтың барлық басқа қатысушыларына таратылады. Бұл тәсіл сектордың жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуін және тәуекелдерді басқарудың тиімді процестерін құру үшін қажетті құзыреттерді қалыптастыруын қамтамасыз етеді.
Нұржан Бидайбектің айтуынша, саладағы «өзімбілемдікпен» күрес басталды: МҚҰ басқарушы құрамының, бастықтарының жауапкершілігін арттыру үшін олардың басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтіледі. Қаржы саласындағы жұмыс өтіліне қойылатын талаптар белгіленді.
«Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында микроқаржыландыру нарығының лицензиядан айырылған субъектілері, сондай-ақ олардың құқықтық мирасқорлары бұдан былай қарыз алушылармен жұмыс істеу кезінде микроқаржылық қызмет туралы заңнамада қойылатын барлық талап пен шектеулерді сақтауға міндетті болады. Ұйымдар азаматтардың тұтынушылық микрокредиттері бойынша берешекті өндіріп алуды, сондай-ақ ұйымның осындай берешегі бойынша талап ету құқықтарын лицензиядан айырылған соң 24 ай ішінде ғана басқаға, мысалы, коллекторларға беруді жүзеге асыра алады», – деді агенттіктің департамент басшысы Нұржан Бидайбек.
Осы орайда микроқаржы ұйымдарына жеке тұлғалардың тұтынушылық микрокредиттері бойынша берешегін коллекторлық агенттіктерге сатуына мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды. Сөйтіп, қабылданған шаралар микроқаржыландыру нарығының ашықтығы мен орнықтылығын арттыруға, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға және бірыңғай кәсіби стандарттарды қалыптастыруға бағытталған.
Ұсыныс пен үрей
– Ауылдық жерлерде банк жоқтың қасы. Бұл жағдайда микроқаржы ұйымдары, соның ішінде кедиттік серіктестіктер үлкен маңызға ие. Олар ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржымен қамтамасыз етеді, жағдайына қарайды, аграрлық өндірістің маусымдылығын ескереді. Екінші деңгейдегі банктермен салыстырғанда қарыз алушыларға икемді талаптар қояды және ауылдық аумақтарда маңызды әлеуметтік рөл атқарады. Әйткенмен, салада қордаланған жүйелі проблемалар қазіргі моделді кешенді өзгертуді талап етеді, – дейді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
Бүгінде Қазақстанда 200-ден астам кредиттік серіктестік (КС) жұмыс істейді, көпшілігі негізінен Аграрлық кредит корпорациясы арқылы тартылатын мемлекеттік ресурстар есебінен қызмет етеді. Осыған орай бір топ экономист пен депутаттар МҚЖҰ-ларға жеке және заңды тұлғаларға депозит ашып, жинағын қабылдауға рұқсат етуді ұсынды.
Олардың дәйектеуінше, банктер «тәуекелі жоғары, таза табысы төмен және кепілдігі арзанқол» деп ауылға жолай бермейді, ірі агрохолдингтерді ғана жарылқап, шағын және орта агробизнесті толыққанды кредиттеуден аяқ тартады. Өз кезегінде, кредиттік серіктестіктер аграрлық секторда банк жүйесін жоқтатпайды, қаржы тапшылығының орнын толтыруға қал-қадари тырысады.
Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі шектеулі моделді ары қарай өзгеріссіз сақтаса, оның соңы келесі салдарға әкеп соғуы мүмкін: біріншіден, ауыл мен ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсалатын бюджет шығыстарының тиімділігі төмендей береді. Екіншіден, агросектордың мемлекеттік қолдауға тәуелділігі арта түседі. Үшіншіден, ауыл экономикасының құрылымдық дамуы шектеледі. Ауыл кәсіпкерлері, жалпы ауылдықтар ет пен сүт сияқты қарапайым шикізаттан ары аса алмайды, оны өңдеуге қаржы таппайды.
Алайда бұл ұсыныстар қаржылық реттеуші, Ұлттық банк және Үкімет тарапынан қолдау таппай тұр. Оның мәнісі жуырда Үкіметтен Сенатқа түскен жауап хаттан белгілі болды. Шенеуніктердің дәйектеуінше, микроқаржылық қызметті жүзеге асырушы ұйымдарға, соның ішінде кредиттік серіктестіктерге (КС) жеке және заңды тұлғалардан, тіпті өз қатысушыларынан шоттар ашу, депозиттер қабылдау құқығын берсе, онда банктерге қойылатын жоғары әрі күрделі талаптарды оларға да таратуға тура келеді.
Мәселен, барлық екінші деңгейлі банктер Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКҚ) салымшылардың қаражатын қорғау үшін жүйелі түрде жарна аударады. Бұл қаражат банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшыларға өтемақы төлеу үшін арнайы резерв ретінде жиналады.
«КС-тер депозиттік қызметке жіберілсе, оларға реттеу мен қадағалаудың арнайы тетіктерін енгізу қажет болады. Мұндай тетіктерге пропорционалды реттеу, жинақтарды қорғау жүйелеріне қатысу, қаржылық тұрақтылық пен корпоративтік басқаруға қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен күшейту жатады. Мұның сыртында Қазақстанда депозиттер қабылдау тек банктік операцияларға жатады және банктік лицензиясы болған жағдайда ғана жүзеге асырылады», – делінген Үкіметтің жауабында.
Депозит қабылдау қызметі тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды, соның ішінде корпоративтік басқару стандарттарын, жоғарылатылған пруденциалдық нормативтерді сақтауды, салымдарға кепілдік беру жүйесіне қатысуды, уәкілетті орган тарапынан күшейтілген қадағалауды көздейді.
«Қазіргі уақытта КС-терге жарғылық және меншікті капиталының көлемі, левередж коэффициенті сияқты пруденциалдық нормативтерді сақтауы бойынша ең төменгі талаптар қолданылады. Олар банктерге қойылатын талаптардан көп төмен. Қызметі тек өз қатысушыларын кредиттеумен шектелетіндіктен, КС-тар тәуекелдерді басқарудың толыққанды жүйелерін енгізу, комплаенс және ішкі аудит қызметтерін құру міндеттерінен босатылған. Ағымдағы жағдайда олар банктік операцияларды толық көлемде жүзеге асыру үшін жеткілікті ресурстар мен құзыреттерге ие емес. Сондықтан КС-терге шоттар ашу және депозиттер қабылдау құқығын беру мүмкін емес», – деп үзілді-кесілді мәлімдеді Үкімет.
Үкіметтің бұл ұстанымының астарында – халықтың жинағын алаяқтардың тұзағынан, тұрақсыз ұйымдардың жырымынан қорғап жатыр ма, әлде банктердің сойылын соғып, бәсекеден арылтып жатыр ма, ол жағы әркімнің ақыл таразысына жүк. Бірақ бұл сақтық ауыл кәсіпкерлігін дамытудың баламалы жолдарын жасанды бітей бермегені де жөн.
Қорыта айтқанда, микроқаржы ұйымдары ауылдағы тұрғындар мен кәсіпкерлерге қарыз беруге арналған қаражатты ары қарай да өз капиталынан (қожайыны-құрылтайшысының немесе инвесторының қалтасынан), банктік несиелерден, сондай-ақ облигациялар шығару және мемлекеттік бюджет кредиттерін тарту арқылы табуына тура келеді. Ал саладағы реформалар және жаңа модель секторды қадағалау саясатын қатайтуға, жауапкершілікті күшейтуге, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге, салада өзін-өзі реттеуді енгізуге бағытталған.
Елдос СЕНБАЙ










