Anthropic көміртекті азайтумен күресуге мол қаржы аударды. Бұл Қазақ еліне не береді?

Quartz-тың атмосферадан көмірқышқыл газын жою тәсілдеріне арналған материалы негізінде Aikyn.kz бұндай технологиялардың елімізге не беретінін талдайды.

Frontier – Stripe, Google және Shopify қолдауымен 2022 жылы құрылған коалиция. Оның мақсаты – атмосферадан көмірқышқыл газын жою технологияларын дамытуға қаржы жинау. Жақында коалиция 915 млн доллар қосымша қаржы тартып, жалпы міндеттемелер көлемін 1,8 млрд долларға жеткізді.

Anthropic – Frontier-ге қосылған жасанды интеллектке маманданған алғашқы стартап. Бұл ЖИ индустриясының климаттық жауапкершілікті мойындай бастағанының белгісі. Өйткені жасанды интеллект тек цифрлық өнім емес, оның артында энергия, су, дата-орталықтар және көміртек ізі бар.

Frontier жаңа қаржыны көміртекті тікелей ауадан ұстау, мұхит сілтілігін арттыру және биомассаға негізделген көміртекті жою әдістеріне бағыттамақ. Бұған дейін коалиция 50-ден астам жоба бойынша шамамен 700 млн долларлық келісімшарт жасасып, 1,8 млн тонна көміртекті жоюға міндеттеме алған.

Frontier басшысы Ханна Беббингтон Валоридің айтуынша, бүгінгі басты сұрақ – көміртекті жою технологиялары дамыған сайын оған сұраныс та жеткілікті деңгейде өсе ме деген мәселе. Себебі климаттық мақсаттарға жету үшін бұндай технологиялар зертханалық деңгейде қалмай, өнеркәсіптік ауқымға шығуы керек.

Бұл бастама Қазақстан үшін де маңызды. Энергетика министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, елдегі электр стансаларының 62,1% көмірмен жұмыс істейді.

Қазақ елі Орталық Азияда бірінші болып CCUS (Carbon Capture, Utilization and Storage) технологияларын жүйелі түрде енгізе бастады. Декарбонизация бойынша 22 Жол картасы бекітілді. Еліміз соңғы жылдары «таза көмір» технологиялары, көміртекті ұстау, сақтау және төмен көміртекті энергетика мәселелеріне көбірек назар аудара бастады. Назарбаев Университеті көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО түтін құбырларынан көмірқышқыл газын ұстап қалу және утилизациялау үшін жаңа катализаторлар мен сорбенттерді іздеуде.

Ел аумағында орман алқаптарын кеңейтіп, ағаш отырғызу да экологиялық қауіпсіздіктің стратегиялық бағыты. 2021-2027 жылдары 2 млрд ағаш отырғызуға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Frontier секілді бастамалар Қазақ елі үшін де пайдалы болуы мүмкін. Біріншіден, мол көмір қорын пайдалануда көміртекті ұстау және жою технологиялары біз үшін өмірлік маңызы бар құрал бола алады. Екіншіден, егер Қазақстан бұндай технологияларды ерте меңгерсе, болашақта көміртек нарығына қатысып, өнеркәсіптік шығарындыларды азайту арқылы жаңа инвестиция тарта алады.

«Таза көмір» технологиясымен бірге жаңартылатын энергия, энергия тиімділігі және өнеркәсіпті жаңғырту саясаты да жүргізілуі тиіс.

Anthropic-тің Frontier-ге қосылып, ЖИ компаниялары үшін жаңа кезеңге жол ашты. Ендігі жерде технологиялық даму тек жылдамдықпен емес, экологиялық жауапкершілікпен де өлшенеді.