Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өткен Ulaanbaatar open күрес түрлері бойынша халықаралық рейтингтік турнирде сәтті өнер көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Беделді жарысқа Азияның 20-дан астам елінен 200-ге жуық спортшы жиналды. Турнир және United World Wrestling әлемдік рейтинг сериясы кезеңдерінің бірі болды.
Турнир қорытындысы бойынша 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қазақстан құрамасының қоржынын үш марапатпен толықтырды.
92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде аға лейтенант Азамат Дәулетбеков күміс жүлдегер атанды. 61 келіге дейінгі салмақтағы тағы бір күміс медальді ефрейтор Асыл Айтақын жеңіп алды. 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде ефрейтор Болат Сақаевқа бұйырды. Олардың нәтижелері Қазақстан ұлттық құрамасының жалпы табысына еніп, жарыс қорытындысын 12 медальға жеткізді.
Халықаралық аренада ұландықтардың табысты өнер көрсетуі құқықтық тәртіп әскеріндегі дене шынықтыру дайындығының жоғары деңгейін және әскери споршылардың әлемнің ірі спорт алаңдарында Қазақстан атынан лайықты өкілдік ететінін көрсетеді.








