Қазақстанның үш боксшысы Қытайдағы Әлем кубогында жартылай финалға шықты

Гуйянда (Қытай) бокстан әлем кубогы кезеңінің бесінші жарыс күніндегі күндізгі сессия аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының үш өкілі жартылай финалға жолдама алды.

70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Абылайхан Жүсіпов Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, өзіне кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.

Сондай-ақ Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін) да жартылай финалға шықты. Қазақстандық былғары қолғап шебері Қырғызстан спортшысы Анваржан Ходжиевтен басым түсті. Әйелдер арасындағы жарыста Виктория Графеева (60 келіге дейін) Оңтүстік Корея өкілі О Ён Джиді сенімді түрде жеңді.

Ал Лаура Есенкелді (70 келіге дейін) мен Тимур Нұрсейітов (75 келіге дейін) жарысты ширек финал кезеңінде аяқтады.

Айта кетейік, кешкі сессияда Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.