Италияның бұрынғы диктаторы Бенито Муссолинидің шөбересі Романо Флориани Муссолини футболдағы алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
23 жастағы қорғаушы Италияның А сериясында алғаш рет гол соғып, «Лацио» клубының ірі жеңісіне үлес қосты.
27 қазанда өткен Италия чемпионатының тоғызыншы турында «Лацио» сырт алаңда «Сассуолоны» 6:2 есебімен жеңді. Кездесудің 16-минутында Романо Флориани Муссолини қарсылас қақпасын дәл көздеп, командасының үшінші голын соқты. Алғашында төрешінің көмекшісі офсайд белгісін көтергенімен, VAR жүйесі голды есепке алды.
Бұл – жас футболшының Италияның жоғары дивизионындағы алғашқы голы. Бұған дейін ол екі жыл бұрын «Юве Стабия» сапында екінші дивизионда бір рет мергендік танытқан.
Матчтан кейін футболшы алғашқы голын ерекше қуанышпен қабылдағанын айтып, өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс білдірді.
Романо Флориани Муссолини 2003 жылы дүниеге келген. Ол – Бенито Муссолинидің немересі, италиялық саясаткер Алессандра Муссолинидің ұлы. Футболшы «Лацио» клубының жастар жүйесінде тәрбиеленген. Оның жейдесінде әйгілі тегінің орнына «Романо» деген есімі жазылған.
Айта кеткен жөн, «Лацио» осы жеңістен кейін тоғыз турда 25 ұпай жинап, Италия чемпионатының турнирлік кестесінде бірінші орынға көтерілді.






