Оны тіпті өз бойыңнан да кездестіресің. Жақында Астанадағы Жастар театры көрермен назарына ұсынған Мұхамедқали Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» романтикалық комедиясы осындай ойға жетелейді. Көрерменмен бірге біз де премьераның сахналануын көріп қайттық.
Бір шаңырақтың шайқалуына кейде үлкен дау да, ауыр сөз де қажет емес. Көңілге ұялаған титтей күдік, орынсыз қызғаныштың өзі жетіп жатыр. Жеңіл юморға құрылған «Just жұбайлар» қойылымының астарында салмақты сауал бар: жақын адамымызды қаншалықты тыңдаймыз, оған қаншалықты сенеміз?
Бір хабарламаның әлегі
Комедияның оқиғасы қарапайым. Жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлардың мамыражай тіршілігіне күтпеген жерден күдік араласады. Бәріне себеп – жұмбақ хабарлама. Сырт көзге елеусіз көрінетін осы бір жағдай ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілікті ушықтырып, ақырында күлкілі оқиғалардың тұтас тізбегіне ұласады. Күмәнданған адамның көңіліне күдік тез ұялайды. Бір сөзден екінші мағына іздеу, болмаған нәрсені болдыға балау, өз жорамалыңа өзің сену – адам табиғатына тән мінез. Драматург осы психологиялық құбылысты комедияның өзегіне айналдырған. Оқиғаның қызығы да сонда: кейіпкерлер шындықты анықтауға ұмтылған сайын жағдайды күрделендіре түседі. Айналасындағы адамдардың араласуы да түсініспеушіліктің түйінін бірден шеше қоймайды. Бірақ мұндағы басты мәселе кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенінде ғана емес. Ең маңыздысы – екі адамның бір-біріне қаншалықты сенетінінде. Бүгінгі күннің өлшемімен қарасақ, шығарманың өзектілігі тіпті айқындала түседі.
Мұхамедқали Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» комедиясы қазақ театрлары үшін бейтаныс туынды емес. Оның сахналық ғұмыры бірнеше буын көрерменнің көз алдында жалғасып келеді. Бұл шығарма ең бірінші Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанды. Режиссер Айдос Бектеміров қойған комедия театр репертуарынан ұзақ уақыт түскен жоқ. Осы тұста бір нәрсеге назар аударған жөн. Комедияны сахналау оңай көрінгенімен, көрерменді күлдіру мен күлкінің астарына ой жасыру – екі бөлек мәселе. Әзілдің жетегінде кетсең, кейіпкердің жан дүниесі көмескіленеді. Ал тұрмыстық тартысты тым салмақтандырсаң, шығарманың табиғи жеңілдігі жоғалады. Сондықтан режиссердің шеберлігі күлкі мен драмалық шындықтың арасынан үйлесім табуымен өлшенеді. Хасенов шығармасының өміршеңдігі де осы екі арнаның тоғысуында болса керек. Оның кейіпкерлері асқақ мұрат үшін күресіп жүрген қаһармандар емес. Кәдімгі өзіміз сияқты адамдар. Кейде аңғал, кейде қызба, кейде өзімшіл. Бірақ сол қарапайым мінездердің ар жағында үлкен өмірлік шындық жатыр.
Бұл қойылым бұрынғыдан өзгерек
«Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» комедиясы кейін еліміздің өзге театрларында да қойылды. Осылайша, бір шығарма түрлі сахнада сан алуан бояуға ие болды. Бір нұсқада тұрмыстық комедияның табиғаты басым болса, енді бірінде жастық шақтың романтикасы мен музыкалық сипаты айқындалды. Ал Жастар театрының жаңа қойылымы «Just жұбайлар» деген атаумен ұсынылып отыр. Атаудың өзінен бүгінгі көрерменге жақындауға деген ұмтылыс байқалады. Демек, шығарманың бұрынғы сахналық нұсқаларындағы отбасылық тартыс бүгінгі коммуникация мәдениетімен сабақтастырылады. Қоюшы режиссері – Нұрфат Вахитов.
«Just жұбайлар» комедиясында Әселдің рөлін сомдаған Шехназа Қызыханованың айтуынша, кейіпкерінің қызғанышы мен ашуының астарында сүйген адамына деген шынайы махаббат жатыр.
– Әселдің қызғанышқа бой алдырып, ашуға берілуінің басты себебі – шынайы махаббат. Сол сезімді көрерменге сенімді жеткізу үшін кейіпкердің басынан өтіп жатқан жағдайға жан-тәніммен сенуге тырыстым. Жалпы, актердің басты құралы – сенім. Жылдар бойы жиналған тәжірибе де көмектеседі. Бұл пьеса Кеңес Одағы кезінде жазылғандықтан, қазіргі заманға бейімдедік. Негізгі желісі сақталды, бірақ кейіпкерлердің есімдерін, сөздері мен оқиғаларын жаңарттық. Әр актер өз үлесін қосып, күлкілі сәттерді импровизациямен толықтырды. Сахнадағы жұбайым менен төрт-бес жас кіші. Маған сахна сыртында «апай» деп, сахнада «жаным» дейді. Бастапқыда бір-бірімізге үйренісу сәл қиын болды. Дегенмен көрермен көрген актерлік шешімдерді екеуміз бірге таптық, – дейді Шехназа Қызыханова.
Мұхамедқали Хасенов шығармасының бірнеше буын режиссер мен актерді қызықтырудағы сыр да осында шығар. Оның көтерген мәселесі бір кезеңнің ғана шындығы емес. Жас жұбайлардың бір-біріне деген сенімі, отбасындағы сыйластық, қызғаныш пен күдік – қай уақытта да маңызын жоғалтпайтын тақырыптар. Біз жақынымыздан көп нәрсе күтеміз. Бірақ оны тыңдауға, түсінуге, ақтауға келгенде кейде сараңдық танытамыз. Бір ауыз сөздің астарынан күмән іздеп, бір сәттік ренішті үлкен дауға айналдырамыз. Ал шын мәнінде адамға кейде дәлелден бұрын сенім қажет. Театр осы қарапайым ақиқатты күлкі арқылы жеткізе алады. Міне, комедияның өміршеңдігі де, өнер ретіндегі салмағы да осында.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ









