Ербол Мырзабосынов дзюдодан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, жүлде иеленген спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты.

Жиында Ербол Мырзабосынов жас дзюдошыларды әлем чемпионатындағы табысты өнерімен құттықтады.

Қазақстандық спортшылар жаһандық додада 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, барлығы 11 жүлдеге қол жеткізді. Бұл – отандық дзюдо тарихындағы әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижелердің бірі.

«Бүгінде елімізде дзюдоға ерекше көңіл бөлініп, жас спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сіздердің әлем чемпионатындағы тарихи нәтижелеріңіз – осы жұмыстың нақты жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлем чемпионатында топ жарған жас дзюдошыларды арнайы құттықтауы – сіздер үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл – еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Алда бұдан да биік белестер бар. Ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды талай халықаралық додада көкке көтере берулеріңізге тілектеспін», – деді Ербол Мырзабосынов.

Марапаттау барысында спортшылармен қатар, олардың жоғары нәтижеге жетуіне үлес қосқан жаттықтырушылардың еңбегі де атап өтілді.

Жаттықтырушы-кеңесші Седрик Пол Р. Таймансқа «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды. Ал Мейрлан Баймаханбетов, Талғат Тұрсынов, Сұлтан Өтешов, Бағдат Ерғазы, Алтынбек Сұпығалиев және Алмас Несіпберлинов «Спорт саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Дзюдо федерациясының вице-президенттері Серікбол Уразалин мен Ержан Зейндиновке ҚР Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.

Әлем чемпионатында жүлде алған 15 спортшыға министрліктің Алғыс хаттары берілді. Олардың қатарында 60 келі салмақта және командалық сайыста алтын медаль жеңіп алған Расулхан Ғабит, +90 келі салмақта және командалық есепте топ жарған Әділжан Жаудинов, сондай-ақ 52 келіде чемпион атанған Фатима Сұпығалиева бар. Бұдан бөлек, күміс және қола жүлдегерлер де марапатталды.

Командалық жарыста жеңіске жеткені үшін аға жаттықтырушы Мейрлан Баймаханбетовке арнайы жүлде қоры табысталды. Ал жеке бапкерлер Саламат Отарбаев, Айбек Садықов және Берік Жетпісбаев ҚР Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Дзюдо федерациясының ақшалай сыйлығымен марапатталды.