Елордадағы PGL Astana 2026 турнирінің жеңімпазы анықталды

Елордада Counter-Strike 2 дисциплинасы бойынша өткен халықаралық PGL Astana 2026 турнирі өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Турнирдің шешуші күнінде жанкүйерлер назары Team Spirit пен Team Falcons командалары арасындағы финалдық матчқа ауды. Қорытындысында Team Spirit қарсыласын 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, Астанада екінші жыл қатарынан чемпиондық атағын сақтап қалды.

Финалдың басты жұлдыздарының бірі — турнирдің ең құнды ойыншысы (MVP) атанған Данил donk Крышковец болды.

Үш күн ішінде Barys Arena аренасындағы матчтарды шамамен 20 мың көрермен тамашалады. Ал онлайн-трансляцияны әлем бойынша 2 миллионнан астам киберспорт жанкүйері көрген. Бұл жарысқа халықаралық қызығушылықтың жоғары деңгейде болғанын көрсетті.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрады. PGL Astana 2026 Қазақстандағы ең ірі халықаралық киберспорттық жарыстардың біріне айналып, Астананың ауқымды турнирлер мен спорттық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айта кетейік, халықаралық PGL Astana 2026 турнирі 15-17 мамыр аралығында елордадағы Barys Arena кешенінде өтіп, әлемнің Counter-Strike бойынша ең үздік 16 командасының басын қосты.