Бокстан Азия және әлем чемпионы Оразбек Асылқұловқа пәтер кілті табысталды (видео)

Бокстан Азия және әлем чемпионы Оразбек Асылқұловқа екі бөлмелі пәтер берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің ең атақты спортшыларының бірі – боксшы Оразбек Асылқұловқа пәтер кілтін табыстады. Кездесу Қазақстан бокс федерациясының президенті Мұталип Шахмұраттың қатысуымен Kokshe Arena спорт кешенінде өтті.

Оразбек Асылқұлов – Қазақстан ұлттық құрамасының жарқын өкілі, 2026 жылғы Азия чемпионы (Ұлан-Батор), 2025 жылғы әлем чемпионы (Дубай), 2024 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионы, халықаралық және республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, сондай-ақ ҚР Спартакиадасының жүлдегері.

Оның Моңғолияда өткен Азия чемпионатындағы жуырдағы жеңісі ерекше мақтаныш тудырады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жекте ақмолалық спортшы жоғары шеберлік, қайсарлық пен нағыз чемпионға тән мінез көрсетіп, тартысты бәсекеде үндістандық қарсыласын жеңді.

Осыдан екі жыл бұрын дәл осы турнирде Оразбек Асылқұлов күміс медаль жеңіп алып, тұғырдың екінші сатысына көтерілген болатын. Бүгінде ол құрлықтың ең мықты боксшысы мәртебесін нық бекітті.

Салтанатты рәсім барысында Марат Ахметжанов спортшының жетістіктері бүкіл өңірдің мақтанышы екенін атап өтіп, жастар арасында спортты дамытуға зор серпін беретінін айтты. Ол дарынды спортшыларды қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Оразбек Асылқұлов көрсетілген қолдау мен ықылас үшін алғысын білдіріп, берілген баспана алдағы жеңістер мен жаңа спорттық белестерге жетуге қосымша мотивация болатынын айтты.

Боксшының жеке бапкері Ерлан Ғазизов 1 млн теңгеге сертификатпен марапатталды. Ал Kokshe Arena спорт кешеніне Мұталип Шахмұрат шағын автобус сатып алуға сертификат табыстады.

Бұған дейін боксшының анасымен бірге пәтер жалдап тұратыны айтылған еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.