Енді екінші оқылымда мақұлданса, жаңа заңның төбесі көрінетін күн де алыс емес. Иә, психологтар туралы заң жобасы дәл уақытында күн тәртібіне шықты. Өйткені бүгінде әлеуметтік желілерде өзін «психолог», «коуч», «психосамотолог» деп таныстыратын мамандардың саны күрт артты. Бұл орайда көпшілікте олардың барлығы кәсіби білім мен бейінді дипломға ие ме, қызметі үшін жауапкершілік ала ма деген заңды сауалдар бар екені де рас. Жоғарыдағы заң жобасының негізгі өзегі де осы сұрақтардан бастау алады.
Мәжіліс қабырғасында депутат Асхат Аймағамбетов психологиялық қызметтің бүгінгі ахуалын нақты мысалдармен түсіндірді. Оның айтуынша, көшеде тамақ сату үшін де санитарлық талаптар қажет, ал адамның жан дүниесімен жұмыс істеу үшін ешқандай талаптың болмауы – үлкен қайшылық. Шынында да, бұл салыстыру қоғамдағы жүйесіздікті дәл көрсетеді. Егер сапасыз тамақ адам денсаулығына зиян келтірсе, кәсіби емес психологиялық көмек адамның тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін.
Депутат заң жобасының басты мақсаты осы ретсіздікті жүйеге келтіру екенін атап өтті. Яғни, психологтардың бірыңғай реестрі жасалып, олардың білімі мен кәсіби мәртебесіне нақты талаптар қойылады. Сонымен қатар психолог пен психиатр арасындағы шекара да заң жүзінде айқындалмақ. Бұл – психологиялық көмектің мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қош, заңның психологиялық қызметтер нарығына қалай ықпал ететінін Qazaq Expert Club сарапшысы, дипломды психолог Жадыра Сабирова түсіндірді. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы негізгі мәселе – мамандықтар арасындағы шекаралардың көмескіленуі. Көп жағдайда адамдар кімге жүгініп отырғанын нақты түсінбейді: арнайы білімі бар маманға ма, әлде кәсіби дайындығы жоқ, бірақ әлеуметтік желіде белсенді тұлғаға ма?
Жадыра Сабирова, сондай-ақ коуч, психолог және психотерапевт арасындағы айырмашылық тек тәсілдерде емес, адамның жағдайына қатысты жауапкершілік деңгейінде екенін атап өтеді.
«Коуч мақсат қоюға, дамуға және нәтижеге жетуге бағыттайды. Психолог эмоциялармен, мінез-құлықпен және ішкі қайшылықтармен жұмыс істейді. Ал психотерапевт терең психикалық күйлер мен бұзылыстарды ғылыми негізделген әдістер арқылы емдеумен айналысады және әдетте, қосымша клиникалық дайындықтан өтеді. Бұл – кәсіби жауапкершіліктің әртүрлі деңгейлері. Егер осы рөлдер араласып кетсе, адамның қажетті көмекті ала алмау қаупі артады», – дейді психолог.
Кәсіби стандарттарды енгізу, мамандардың тізілімін жасау және білімге қойылатын талаптарды күшейту – ең алдымен, клиентті қорғауға бағытталған қадам. Бұрын таңдау көбіне ұсынысқа немесе жеке сенімге негізделсе, енді кәсіби талаптарға сәйкестік маңызды бағдарға айналады.
Халықаралық тәжірибеде мұндай жүйелер бұрыннан бар. Психотерапия көбіне денсаулық сақтау жүйесінің бір бөлігі ретінде реттеледі, онда міндетті білім, тәжірибе және лицензиялау талап етіледі. Коучинг салыстырмалы түрде икемді сала болып қала береді, бірақ онда да өз стандарттары мен сертификаттау жүйелері бар. Ұзақмерзімді перспективада мұндай өзгерістер нарықтың сапалық тұрғыда дамуына ықпал етеді.
«Психологиялық көмек бейресми қызмет ретінде қабылданбай, кәсіби біліктілік, жауапкершілік және нақты шекаралар маңызды болатын салаға айналады», – дейді Жадыра Сабирова.
Ал Қазақстан психологтар одағының төрайымы Гүлзат Асанованың бұл заң жобасына өзіндік көзқарасы бар. Оның айтуынша, «жалған психологтар көбейді» деген уәж айтылғанымен, бұл мәселені нақты дәлелдейтін статистика немесе зерттеу жоқ. Яғни, заң белгілі бір қоғамдық пікірге сүйеніп әзірленіп отырғандай әсер қалдырады.
Одан бөлек, ол диплом мәселесіне тоқталды. Бүгінде түрлі қысқамерзімді курстар арқылы «диплом» алу оңайлаған. Бірақ мұндай құжаттар маманның кәсіби деңгейін толық көрсете ала ма? Бұл да өткір мәселенің бірі. Себебі нағыз психолог болу тек теориялық біліммен шектелмейді. Мысалы, гештальт-терапия немесе когнитивті мінез-құлық терапиясы сияқты бағыттарда жұмыс істеу үшін дипломнан бөлек, бірнеше жылдық қосымша дайындық, жеке терапия, супервизия қажет. Бұл – халықаралық стандарттарға сай қалыптасқан жүйе.
Гүлзат Асанова кәсіби қауымдастықтарда бұл механизмдер бұрыннан бар екенін атап өтті. Этикалық комитеттер жұмыс істейді, шағымдар қаралады, қажет болған жағдайда мамандарға шектеу қойылады немесе сертификаты қайтарып алынады. Яғни, сала өзін-өзі реттеу тетіктерін қалыптастырып қойған. Сондықтан оны толықтай мемлекеттік бақылауға өткізу тиімді ме, әлде керісінше кәсіби қауымдастықтарды күшейту керек пе – бұл да талқылауды қажет ететін мәселе.
Заң жобасына қатысты тағы бір маңызды мәселе – қазіргі сертификаттардың тағдыры. Көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мамандар мен институттардың еңбегі қалай бағаланады? Егер жаңа талаптар енгізілсе, олар қайтадан лицензия алуы керек пе? Бұл мәселе әзірге толық айқын емес.
Сонымен қатар заңда психологтардың міндеттері нақты көрсетілгенімен, олардың құқықтары жеткілікті деңгейде қамтылмағаны байқалады. Мысалы, клиенттен жазбаша келісім алу, құпиялылықты сақтау, өз біліктілігін ашық көрсету сияқты талаптар бар. Бірақ мамандарды қорғайтын құқықтық механизмдер әлсіз. Бұл теңсіздік кәсіби ортада алаңдаушылық туғызады.
Кәсіби мамандардың сөзінен байқағанымыз, жаңа заң тек реттеу құралы ғана болып қоймай, сонымен бірге бірқатар жаңа проблемаларды да туындатуы мүмкін. Яғни, заңда негізгі талап ретінде диплом мен ресми тіркеу қарастырылса, бұл кәсібиліктің шынайы өлшемін көрсетпей қалуы мүмкін. Формалды түрде дипломы бар, бірақ тәжірибесі мен дағдылары жеткіліксіз мамандар заңды түрде қызмет көрсете бастайды. Ал бірнеше жыл бойы халықаралық стандарттар бойынша оқып, тәжірибе жинаған мамандардың еңбегі ескерусіз қалуы ықтимал.
Бүгінде көптеген психологтар кәсіби қауымдастықтарға мүше болып, сол арқылы өз біліктілігін дәлелдейді. Бұл ұйымдарда ішкі бақылау, этикалық нормалар, супервизия жүйесі бар. Егер заң барлық реттеуді мемлекеттік деңгейге өткізіп жіберсе, осы қалыптасқан жүйе әлсіреуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде сапаның төмендеуіне әкеледі.
Лицензиялау жүйесі енгізілсе, ол белгілі бір деңгейде тәртіп орнатады. Бірақ артық бюрократия да туындайды. Құжат жинау, тексерістерден өту, тіркеу рәсімдері – мұның бәрі мамандарға қосымша жүк болады. Әсіресе, жас мамандар үшін бұл салаға кіруді қиындатып жібермек.
Психологтардың шығындары артқан сайын, қызмет бағасы да өседі. Бұл – нарықтың заңдылығы. Ал бағаның өсуі халықтың бір бөлігін психологиялық көмектен шеттетіп жіберетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде көптеген адам үшін психолог қызметі қолжетімсіз саналады.
Қазақстанда психология ғылымы мен практикалық қызметтің арасында байланыс әлсіз екені де жиі айтылады. Заң тек формалды талаптармен шектелсе, бұл мәселе шешілмейді. Керісінше, ғылыми-зерттеулер мен нақты практика арасындағы алшақтық сақталып қала береді.
Соған қарамастан, бұл заңның оң әсері де болатынын жоққа шығаруға болмайды. Ең алдымен, ол психологиялық қызметті ресми түрде мойындатып, оның мәртебесін арттырады. Бірыңғай реестрдің пайда болуы халыққа мамандар туралы ашық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл – сенім қалыптастырудағы маңызды фактор. Сонымен қатар базалық талаптардың енгізілуі кәсіби деңгейі мүлде төмен «мамандардың» санын азайтуы мүмкін. Яғни, заң ең кем дегенде сүзгі қызметін атқарады.
Сөз соңында айтарымыз, психологтар туралы заң – қажет бастама. Бірақ оның тиімділігі көптеген факторға байланысты. Ең бастысы, заң формалдылыққа емес, нақты сапаға жұмыс істеуге тиіс. Бұл үшін мемлекеттік реттеу мен кәсіби қауымдастықтардың тәжірибесін үйлестіру, білім сапасын қатаң бақылау және үздіксіз кәсіби дамуды талап ету маңызды. Егер осы тепе-теңдік сақталса, заң қоғамға пайдалы құралға айналады. Ал егер тек қағаз жүзіндегі талаптармен шектелсе, онда ол жаңа проблемалардың бастауы болуы да мүмкін.
Айгүл СЕЙІЛ









