Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC ұйымындағы жеңіліссіз сериясын сақтап келе жатқан үздік спортшылардың қатарында тұр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұйымның ресми дерегіне сәйкес, «Номад» UFC-де жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Осы нәтижесінің арқасында ол промоушендегі ең мықты жеңіліссіз файтерлер тізіміне енді. Бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық спортшы эквадорлық Майкл Моралеспен тең тұр.
Рейтингте Рахмоновтан жоғары небәрі төрт файтер орналасқан. Атап айтқанда, Наталия Сильва — сегіз, Илия Топурия мен Хамзат Чимаев — тоғыз жеңіске жеткен. Ал тізімді он жеңіспен Мовсар Евлоев бастап тұр.
Айта кетейік, Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді жеңген. Осылайша ол қарсыласына мансабындағы алғашқы жеңілісін сыйлады.
Жарақатына байланысты қазақстандық спортшы уақытша октагоннан тыс қалды. Қазіргі таңда жанкүйерлер оның UFC-дегі келесі жекпе-жегін асыға күтуде. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Рахмонов жыл соңына қарай немесе келесі жылдың басында қайта оралуы мүмкін.









