Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге және спортшыларды даярлауға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру мақсатында «Шахтер» және «Локомотив» стадиондары жаңғыртылуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Академияның құрылыс алаңына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Freedom QJ League президенті Рохус Шох барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Оқу-жаттығу орталығы шамамен 10 гектар аумаққа орналасады. Мұнда 3,5 мың көрерменге арналған стадион, жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық манеж, толық өлшемді жаттығу алаңы, оқу сыныптары, медициналық блок, жатақхана, бассейн және басқа да қажетті бөлмелері бар әкімшілік-тұрмыстық кешен салынады. Жобаны Freedom Holding Corp компаниясы Қарағанды облысының әкімдігімен жасалған меморандум аясында қаржыландыруда.
Қазіргі уақытта әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, стадионның және жабық манеждің құрылысы жалғасып, жаттығу алаңы абаттандырылуда.
– Бүгінде жаттығу алаңының дренаж жүйесін толық аяқтап, келесі кезеңдерге кірістік. Мұнда халықаралық стандарттарға сай заманауи жылыту, автоматты суару және жабын технологиялары қолданылады. Мұндай шешімдер Еуропа стадиондарында пайдаланылады және алдағы уақытта FIFA сертификатын алуға мүмкіндік береді, – деді «ИнтерСтрой НС» компаниясының басқарушы директоры Закир Азнабакиев.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін негізгі монолиттік жұмыстарды, манеждің іргетасын және инженерлік желілердің басым бөлігін аяқтау жоспарланған.
Келесі жылы құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп, көгал төсеп, аумақты абаттандыруға кіріседі.
Сонымен қатар Сұрыптау ықшамауданындағы «Локомотив» стадионын қайта жаңғырту жалғасуда. Құрылыстың ең күрделі кезеңі артта қалған.
– Негізі толық дайын. Жақын арада жасанды жабынды төсеуге кірісеміз. Қыркүйек айында алаң мен жарықтандыру жүйесін орнатып, сынақтан щткіщу үшін іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының даму жобаларының жетекшісі Игорь Агафонов.
Нысанды аралаған Ермағанбет Бөлекпаев қайта жаңғырту жұмыстарын тек алаңмен шектемеуді тапсырды.
– Егер мұнда турнирлер өткізілетін болса, сапалы көрермен мінберлері де болуы керек. Оларды қай жерге орналастырған тиімді екенін қарастырып, шатырмен жабдықтаңыздар. Келесі жылы аумақты толық абаттандырып, жүгіру жолақтарын салыңыздар. Айналаның барлығы жаңа алаңның деңгейіне сай болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Кең ауқымды жаңғырту жұмыстары «Шахтер» стадионында да жүргізілуде. Мұнда футбол алаңы толық жаңартылып, италиялық көгал төселді, сұйықтықпен жылыту жүйесі, заманауи жарықтандыру және дыбыс жабдықтары орнатылды.
Жыл соңына дейін командалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған бөлмелерді жөндеу аяқталып, қосалқы ойыншыларға арналған жаңа орындықтар орнатылады.
– Стадион барлық жанкүйер үшін жайлы болуы керек. Әртүрлі аймақтарды қарастырған жөн: ыңғайлы орындар, ата-аналар балаларымен емін-еркін келетін отбасылық секторлар болуы қажет. Заманауи футбол мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Бұл мәселені командамызбен бірге жан-жақты пысықтаймыз, – деді Рохус Шох.
«Шахтер» стадионының директоры Нұрлан Рыстиннің айтуынша, жанкүйерлер үшін қолайлы жағдай жасаумен қатар спорт нысанын кешенді жаңғырту жалғасуда.
– Алаң FIFA мен UEFA талаптарына толық сәйкес келеді. Қазір жарықтандыру жүйесін орнату аяқталуға жақын. Келесі аптаның соңында жабдықтарды іске қосу үшін Philips компаниясының мамандары келеді. Сондай-ақ ішкі бөлмелер мен сауықтыру кешенін жөндеу жалғасып жатыр. Келесі жылы көрермендерге арналған 19 мың орындықтың барлығы жаңасына ауыстырылады, – деді Нұрлан Рыстин.
Жұмыс сапары Қазақстан чемпионаты Бірінші лигасының Қарағандының «Шахтер» командасы мен Ақтаудың «Каспий М» клубы арасындағы матчын тамашалаумен аяқталды. Кездесу алаң иелерінің 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.









