The Financial Times хабарламасына сүйенген Aikyn.kz телефон ұрлығымен күрестің жаңа тәсілін талдайды.
Соңғы жылдары Ұлыбританияда смартфон ұрлығы күрт көбейген. Тек Лондонда өткен жылы 71 мыңнан астам телефон ұрланған. Қылмыскерлер көбіне дүкендерге шабуыл жасап немесе көшеде адамдардың қолынан құрылғыларды тартып алып кетеді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен байланыс операторлары телефон өндіруші компанияларға қосымша қауіпсіздік шараларын енгізу жөнінде қысым көрсетіп келеді.
Жаңа технология әзірге тек дүкеннен сатылмай тұрып ұрланған құрылғыларға қатысты қолданылады. Телефон ұрланғаны туралы ақпарат жүйеге енгізілсе, құрылғы алғаш рет қосылған сәтте өндірушінің дерекқорына тіркеліп, автоматты түрде бұғатталады. Нәтижесінде оны пайдалану немесе қайта сату мүмкін болмайды.
Virgin Media O2 қауіпсіздік жөніндегі директоры Стюарт Сеймурдың айтуынша, бұл шешім ұйымдасқан қылмыстық топтардың дүкендерге жасаған шабуылдарының алдын алуға көмектеседі.
«Сала өкілдерімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеу арқылы біз қылмыскерлердің әрекетін тиімсіз етеміз және қоғамдық қауіпсіздікті арттырамыз», – дейді ол.
Бұл бастама алғаш рет Нидерландта сынақтан өтіп, оң нәтиже көрсеткен. Енді Ұлыбритания операторлары да осы тәжірибені енгізіп отыр. Дегенмен мәселе толық шешілді деуге болмайды. Өйткені қазіргі жүйе сатылып кеткен телефондарға қолданылмайды. Сондықтан полиция Apple, Samsung және басқа өндірушілерден ұрланған құрылғыларды қашықтан толық бұғаттайтын әмбебап жүйе енгізуді талап етуде.
Apple компаниясы әзірге кең ауқымды «kill switch» функциясын енгізбегенімен, Ұлыбританияда сатылатын iPhone құрылғыларында «Device Theft Protection» қауіпсіздік жүйесін автоматты түрде іске қосуға келіскен. Бұл жүйе ұрының құрылғыдағы маңызды деректерге қол жеткізуін қиындатады.
Сарапшылардың пікірінше, ұялы телефон ұрлығын азайтудың ең тиімді жолы – ұрланған құрылғыларды әлемнің кез келген нүктесінде пайдалануға жарамсыз ету. Сондықтан байланыс операторлары, өндірушілер және құқық қорғау органдары осындай бірлескен жұмыс болашақта смартфон ұрлығын айтарлықтай азайтады деп сенеді.









