Футбол патшасы Пеленің футболкасы 6 миллионнан астам долларға сатылмақ

Бразилиялық футболшы Пеленің 1958 жылғы әлем чемпионатының финалында киген спорттық жейдесі аукционда 6 миллион доллардан астам сомаға сатылуы мүмкін, –  деп хабарлайды Aikyn.kz The Athletic порталына сілтеме жасап. 

1958 жылғы әлем чемпионаты Швецияда өткен. Финалда Бразилия ұлттық футбол құрамасы алаң иелері – Швеция ұлттық футбол құрамасын 5:2 есебімен жеңіп, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанған. Ол кезде Пеле – 17 жаста. Шешуші кездесуде екі гол соққан болатын. 

Порталдың мәліметінше, Пеленің футболкасының құны 6 миллион доллардан асады. Сауда-саттық 29 маусымда басталып, 16 шілдеде аяқталады.

2022 жылы футболшының спорттық киіміне қатысты рекордтық сомаға аукцион өткен. Сол кезде аргентиналық Диего Марадонаның 1986 жылғы әлем чемпионатында ағылшындар қақпасына екі гол соққан кездегі формасы 9,28 миллион долларға сатылған.

Еске салайық, Пеле 2022 жылдың 29 желтоқсанында 82 жасында қайтыс болды. Ол Бразилия құрамасы сапында 1958, 1962 және 1970 жылдары әлем чемпионы атанды. «Сантос» клубының ойыншысы ретінде Пеле Бразилия чемпионатын алты рет жеңіп алды. Сондай-ақ екі мәрте Либертадорес кубогы мен Құрлықаралық кубоктың иегері атанды. Ол мансабында 1 279 гол соғып, осы көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.