Боксшы Данияр Елеусінов ем қабылдауды бастағанын мәлімдеді

2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов ем қабылдауды бастағанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі жағдайы туралы айтып, жанкүйерлерін алаңдамауға шақырды. Оның сөзінше, қазір кешенді түрде ем қабылдап жатыр.

– Қазір ем қабылдауды бастадым. Тек тамырға дәрі алу емес, жалпы кешенді түрде емделіп жатырмын. Алла қаласа, бәрі жақсы болады деп ойлаймын, – деді Данияр Елеусінов.

Спортшы бұған дейінгі әрекеттеріне де тоқталып, кейбір адамдарды ренжітіп немесе ауыр сөз айтып қоюы мүмкін екенін жеткізді.

– Сондықтан бұған дейін болған жағдайларға мән бермеңіздер. Біреуді ренжітіп қойған болсам, ауыр сөздер айтып қойған шығармын. Кімде болмайды? Менің жаман әдетім – эфирге шығып кету. Бірақ енді ондай болмайды деп ойлаймын. Өйткені бұл дерттен арылуға байыппен кірісіп отырмын, – деді ол.

Олимпиада чемпионы емнен кейін қайта қатарға қосылатынына сенім білдірді.

– Бәрі жақсы болады. Жақында қайта қатарға қосыламын. Бұрынғы көңілді, бақытты Данияр қайта оралады, – деді Данияр Елеусінов.