Теледебаттың ақтық кезеңі өтті

Саяси нау­қан алдындағы басты пікірталас «Дамы­ған экономика – қуатты қоғам» та­қы­рыбына арналды. Бұл жолғы дебаттың алдыңғыларына қарағанда маңызы ерекше, себебі пікірталасқа 7 партияның көшбасшылары қатысты. Сондықтан телеарна ұжымы кезекті сөз бәйгесін «Басты дебат – 2026» деп атады. 

Дебат алдында арнайы превью-бағдарлама ұйымдастырылды. Оның аясында барлық партияның сайлау алдындағы штабтарынан тікелей қосылымдар жасалып, саяси сарапшылармен сұхбат жүргізілді, сондай-ақ АҚШ, Қытай және БАӘ елдерімен халықаралық телекөпір жүргізілді. Кез келген ашық пікірталастағы ең басты мәселе – тараптарға тең жағдайдың жасалуы. Осы орайда қатысушылардың сөз сөйлеу кезегі жеребе арқылы басты дебатқа бір күн қалғанда тікелей эфирде анықталғанын айта кетейік. 

Жеребе нәтижесінде бірінші болып Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров сөз алатын болды. Одан кейін «Байтақ» партиясының Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева, «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов және Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқановқа кезек тиді.

Төрт кезеңнен тұратын дебат форматы қа­тысу­­шыларға партия бағдарламасын жүйелі түр­де таныстыруға, оппоненттеріне сұрақ қоюға мүм­кіндік берді. Дебат алдында халықтан партия көш­басшыларына 52 000-ға жуық сауал келіп түс­кені жария болды. Бұл сұрақтарға партия төраға­лары үшінші кезеңде жауап берсе, қорытынды бө­лім­де партия жетекшілері өздерінің сайлауалды мә­лімдемелерін жасады.

Алғашқы болып сөз алған Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров сайлауалды науқан барысында өздерінің 20 өңірді аралап, 800-ден астам кәсіпорынға барғандарын, 15 мың шақырым жол жүріп, 1,5 миллионға жуық қазақстандықпен кездескенін баяндады. Оның айтуынша, халықтың басты сұраныстарының бірі – табыстың өсуі мен бағаның тұрақтылығы. Осыған байланысты Respublica отандық өндірісті қолдау, АЭС салу, жол және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, Алатау қаласы секілді жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін ірі жобаларды іске асыруды ұсынды.

Келесі кезек алған «Байтақ» партиясының тө­­раға­сы Азаматхан Әміртаев сөзін табиғатты, қор­шаған ортаны қорғау мәселесінен бастады. Ол осы тұста Арал теңізінің жағдайын айтып, оны экологиялық апатқа балайтынын сөз етті. Бұған қоса партия төрағасы климаттың өзгеруі, су тапшылығы, экологиялық апаттардың адам денсаулығына әсері секілді мәселелерді күн тәртібіне шығаратынын жария етті. 

«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева болса, партияның бұрынғы Парламент Мәжілісінде атқарған жұмыстарын алға тартты. Бірнеше заң жобасының қабылдануына септескендерін жет­кізді. Ал алдағы уақытта шағын және орта бизнесті дамыту, жалақы жайы, еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасау тақырыптарын көтеретінін баяндады. 

Ал елдегі жетекші саяси ұйым саналатын «Әді­лет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Президенттің стратегиялық бағытына тірек болатындарын айт­ты. Бұл тұста төраға биыл қабылданған жаңа Кон­с­титуция ел дамуының бағдарын түбегейлі айқын­дағанын жеткізді. Ол теледебаттың бірінші кезеңінде партияның негізгі құндылықтары мен сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарын егжей-тегжейлі таныстырып өтті. Бағдарламада халықты толғандыратын барлық мәселе қамтылғанын қоса айтты. Сондай-ақ баспана, тұрақты жұмыс, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл тұр­ғын­дарының табысын арттыру және жасанды ин­тел­лектіні меңгеру мә­се­лелеріне зер салды. Ол үшін арнайы оқыту бағ­дарламалары да әзірленетінін жеткізді.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов кіріспе сөзінде партияның негізгі ұстанымдарын атап өтті. Айтуынша, саяси ұйымның күші тұрақтылықта, ал ұстанымның өзегінде адам, еңбек, туған жер және қуатты Қазақстан тұр. Сондай-ақ ол өңірлерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы өнімдерін ел ішінде өңдеу, отандық өндірісті күшейту мәселелеріне тоқталды.

Келесі сөз алған Жалпыұлттық социал-демо­кратиялық партиясының төрағасы Асхат Рахым­жанов зейнетақы мен жәрдемақыны көбейту мә­се­лесін алға тартты. Оның сөзінше, сайлауалды бағдар­ламада жемқорлықпен күресу басым бағыттардың бірі ретінде қамтылған. Сол үшін Құрылтайға өт­кен жағ­дайда аталған қатерді тоқтатуға күш сала­тындарын жария етті.

Бірінші кезеңнің соңғы сөзін алған Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салатындарын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет қолдауының халыққа бағытталуы қажет екенін, еңбек адамын жоғары бағалап, медицина мен білім саласының сапасын жақсарту керегін сөз етті. 

Екінші кезеңде партия төрағалары бір-бірімен сұрақ-жауап алмасса, үшінші кезеңде халықтың көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап берді. Осыдан кейін қорытынды төртінші кезең басталды. Соңғы кезеңде әр төрағаға 2 минут ішінде еркін насихатын жүргізуге мүмкіндік берілді. Әр спикер өз саяси ұйымы Құрылтайға өткен жағдайда қандай өзгерістер жасайтынын баяндады. 

Әуелі Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров халыққа мүмкіндік керек екенін айтты. Оның  сөзінше, ел кәсіп ашқысы келеді, жас маман еңбек етуге әзір. Сондықтан байлықты еселеп, табы­сын арттыру – басты мақсат. Ол Құрылтайға нақты жоспармен келетіндерін, Президент айт­қандай, елімізде мықты орта тап қалыптастыру қа­жетін мәлімдеді. Сондай-ақ мемлекеттік мүддесі әр­дайым бәрінен жоғары тұратынын жеткізді.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әмір­таев балалардың денсаулығы және оған экологиялық ахуалдың әсері мәселесін алға тартты. Оның сөзін­ше, таза ауа, таза жер, таза су – басты мәселе. Пар­­тия өкілдерінің осыған дейін 600 қоғамдық тың­дауға қатысқандарын, қайта өңдеу зауыттарына инвестиция тартуға көмек бергендерін әңгімеледі. 

«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева мәлімдемесінде өздерінің саясатта 25 жылдық тә­жірибесі барын алға тартты. Әр істе нәтиже көрсетіп, бастаған жұмыстарын жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді. Сонымен қатар халық уәде емес, нақты жұмыс күтетінін айтып, өздерінің соған лайық екенін атап өтті.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай шынайы өзгеріс ұранмен емес, еңбекпен іске аса­тынын баян етті. Сондықтан саяси ұйым еңбекті бағалап, экономиканы өркендетуге, мәдениет пен технологияға ден қоймақ. Партия төрағасы мәлі­мдемесінде өз жақтастарына шынайы алғыс айта отырып, әлеуметтік әділетсіздікке, жікшілдікке жол бермейтіндерін жеткізді. Сондай-ақ партия мем­лекеттің тұтастығына қатер төндіретін барлық жолды кеспек. Сөзінің соңында Айбек Дәдебай Мемлекет басшысының реформаларын сәтті іске асырып, нақты жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.  

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айту­ғанов болса, Құрылтай сайлауы жай сайлау емес, Қазақстанның келешегін айқындайтын таңдау еке­нін сөз етті. Сондықтан осы жауапкершілікті әр шаңырақ сезінуі керек. Сонымен қатар ол сай­лауалды бағдарламасында нақты жоспарлары барын, жастарды жұмыс, біліммен қамтып, ауыл мен қала халқына бірдей мүмкіндік жасауға дайын екенін айтты.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия­сының төрағасы Асхат Рахымжанов өздерінің нағыз сыннан өтіп, шираған саяси ұйым екенін алға тартты. Сол себепті әр отбасы, ауыл, аудан, қала, жалпы елдің жағдайын жақсартуға күш салмақ екен. Осы жайларды айта келе спикер жалпы қоғамның ахуалы назарларынан тыс қалмайтынын атап өтті.

Соңғы сөз алған Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Құрылтайға өткен жағдайда еңбек адамына басымдық беретіндерін баян етті. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде ұзақ уақыт еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне атсалысқан тұлғалармен ашық сөйлескендерін, жағдайды толық ұғып, олардың мәртебесі жоғары болуына кепілдік беретіндерін айтты.  

Осылайша, төрт кезеңнен тұрған сайлауалды теле­дебаттар аяқталды. Әр партия ел дамуы жолындағы ұстанымдарын жария етті. Енді қазақстандықтар 23 тамызда таңдауын жасап, партияларға дауыс беретін болады.

М.ТӨЛЕУ