«Прогресс жолындағы 20 белес»: ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды

Іс-шара барысында ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Сондай-ақ «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстанның халық партиясының (ҚХП) бағдарламалары мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты салыстырмалы талдау жасалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кәсібилік – басты басымдық

Дөңгелек үстелдің негізгі баяндамасын ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов жасады. Ол партия бағдарламасының басты бағыттарын таныстырып, сайлаудағы қарсыластарының ұстанымдарына өз бағасын берді.

Оның айтуынша, болашақ депутаттардың сауатты әрі білікті болуы қажет.

 – Біз ел тарихындағы маңызды кезеңде тұрмыз. Адамдардың өмірін қағаздағы уәделер емес, әділ заңдар мен халыққа қызмет ететін билік өзгертеді. ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасы – жай ғана ұрандар жиынтығы емес, тәуелсіз Қазақстанды дамытуға арналған нақты жоспар. Біз өз бағдарламамызда кәсібилікке ерекше мән бердік. Құрылтай кәсіби болуы керек деп нақты көрсеттік. Бұл – Құрылтай құрамына тек кәсіби мамандар мен өз ісінің майталмандары келуі тиіс дегенді білдіреді. Онда түрлі партия өкілдері бір-бірімен кәсіби диалог жүргізе білуі маңызды.

Өкінішке қарай, өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, VIII шақырылымдағы Парламент құрамындағы кейбір депутаттардың кәсіби деңгейі өте төмен болды. Кейбірі саясатта қауқарсыз екенін көрсетті. Парламентте маңызды мәселелердің орнына таяз тақырыптардың көтерілген кездері де болды. Сондықтан біз Құрылтайдың кәсіби, мықты әрі ықпалды болуына ерекше назар аударамыз. Онда жеке бастың емес, халықтың мүддесі көтерілуі тиіс, – деді ол.

Сонымен қатар Асхат Рахымжанов өзін әлеуметтік бағыттағы халықтық партия ретінде таныстырып жүрген кейбір саяси партиялардың жұмысына көңілі толмайтынын айтты.

Әлеуметтік саясат пен әйелдердің құқықтары

ЖСДП атынан Құрылтайға кандидат ретінде ұсынылған Ажар Сағандықова әлеуметтік саясат пен әйелдердің құқығына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

«Халықты әлеуметтік қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. ЖСДП тегін медицинаны, балалар мен әйелдерге сапалы медициналық қолдауды және лайықты зейнетақы жүйесін қолдайды. Бұл – әрбір қазақстандықтың заңды құқығы. Біз төрт күндік жұмыс аптасын енгізуді ұсынамыз. Қазіргі қоғам үшін бұл өте маңызды. Мен бұл мәселені Мәжіліс мінберінде бірнеше рет көтердім. Партия ұсынып отырған төрт күндік жұмыс аптасы – халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың нақты тетігі», – деді Ажар Бақытқызы.

Ол – ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты. Мәжілістегі жұмысының негізгі бағыттарының бірі – халықтың әлеуметтік жағдайы мен гендерлік саясат мәселелері.

«Парламент қабырғасында әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесін көтеріп жүрген кезде әріптесіміз сыни пікірі үшін жазаланды. Бұл жағдай мені таңғалдырды. Кез келген партия өз жақтастары мен үзеңгілестерін қиын жағдайда қорғауы тиіс. Мұндай жағдайда біз әйелдердің құқығын қалай қорғаймыз?» – деді.

Оның айтуынша, мұндай жағдайлар тек саясатта ғана емес, мемлекеттік құрылымдарда, ірі кәсіпорындарда және квазимемлекеттік секторда да кездеседі.

Инклюзия мәселесі

ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат Нурия Балтабайқызы кәсібиліктің кез келген салада маңызды екенін айтты.

Оның инклюзия мәселесімен айналысып жүргеніме он жылдан асты. Сондықтан бұл саланы жақсы білемін. 

 – Өзім ерекше баланың анасымын. Мемлекет бұл бағытқа қомақты қаржы бөліп жатқанымен, нақты нәтижелер әлі де жеткіліксіз. Себебі тиісті құрылымдарда, оның ішінде депутаттық корпуста да кәсіби мамандар жетіспейді.  Сондықтан ЖСДП ұсынып отырған кәсіби Құрылтай идеясын толық қолдаймын», – деді ол.

Экономика және жер саясаты

ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат Максим Андрюшин партияның экономикалық ұсыныстарына тоқталды.

«ЖСДП әділ экономиканы қолдайды. Біз сән-салтанатқа және аса жоғары табысқа прогрессивті салық енгізуді, өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуді және зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығын қайтаруды ұсынамыз», – деді.

ЖСДП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсұт Насибулов әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, жер саясатына және популизм тақырыбына тоқталды.

«ЖСДП бағдарламасы нақты шешімдерге негізделген. Біз ауыл шаруашылығы және құрылыс мақсатындағы жерлерге толық тексеру жүргізуді, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын орталықтандыруды және заң бұзған құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз. Халыққа бос уәде емес, нақты кепілдік пен шешімдер қажет.

Сонымен қатар өзін оңшыл партия ретінде таныстыратын кейбір саяси күштер халықтың жалақысы мен зейнетақысы мәселелерін көтергендей көрінгенімен, іс жүзінде ірі бизнес өкілдері мен квазимемлекеттік құрылымдардың мүддесін қорғап кетеді. Бұл – шынайы саясат емес, көзбояушылық. Сондай-ақ Құрылтай құрамында тек танымал тұлғалар емес, өз саласының кәсіби мамандары басым болуы керек», – деді.

Жиын соңында ашық пікірталас өтті. Пікірталас барысында сайлауға қатысып жатқан өзге партиялардың бағдарламаларындағы осал тұстар мен олардың саясаттағы кәсібилігіне қатысты сын-пікірлер айтылды. Қатысушылар, әсіресе, кейбір партиялардың басшылығының жиі ауысуы мен партиялық құрылымдарының тұрақсыздығы туралы пікір білдіріп, бұл мәселелерді жан-жақты талқылады.