Мазмұнды келіссөз, нәтижелі мәміле

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ба­ва­рияға шақырып, қонақжайлықпен қарсы ал­ғаны үшін Премьер-министр Маркус Зёдерге алғыс айт­ты.

– Баварияның өзіне тән ерекшелігін, эконо­ми­ка­лық қуатын, инновациялық әлеуетін жоғары ба­ға­лаймын. Кеше Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен өте мазмұнды келіс­сөз­дер жүргіздім. Уағдаластықтарымызды нақты нә­тижеге айналдыруға ниеттімін әрі аталған мәсе­ле­де Баварияны басты серіктес ретінде қарастыра­мын. Бұл – өнеркәсіп пен ғылымдағы өзінің озық жетістіктерін дәстүрге деген айрықша құрметімен ұш­тастырған өңір. Осы арқылы Бавария Германия эк­о­номикасын алға сүйреп, экономикамызды жаң­ғырту мен әртараптандыруда Қазақстанның сенімді серіктесі болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бавария­ның технологиялық табыстары мен Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін біріктіруге ай­тарлықтай мүмкіндік бар. Елдеріміздің эко­но­ми­калық ықпалдастығын жандандырып, халық­тары­мызды бір-біріне жақындата түсуде көлік бай­ланыстарын жақсартудың да маңызы зор. Кез­де­су соңында Мемлекет басшысы Бавария Пре­мьер-министрімен қонақжай қазақ жерінде жүздесуді асыға күтетінін айтты.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Ланд­тагының Төрағасы Ильзе Айгнермен кездесті. Кездесу барысында Президент Германияның жо­ғары басшылығымен бір күн бұрын Берлинде жүр­гізілген келіссөздер табысты әрі нәтижелі сипатта өр­бігенін атап өтті.

Қазақстан Президенті Баварияның сан қырлы қазақ-герман қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалай­тынын айтты.

– Бавария Қазақстанмен сауда-саттықты жандандыру және байланыстарды дамытуда айрықша рөл атқарады. Германия – еліміздің маңызды серіктесі, Еуропадағы және одан тысқары жерлердегі стратегиялық әріптесі саналады. Өйткені еліңіздің ықпалы мен рөлі, жетістіктері Еуропа аумағынан да алысқа таралған. Біз бұған сенімдіміз. Германия – экономикасы жағынан әлемдегі үшінші ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Бавария Премьер-министрінің орынбасары – Экономика, өңірлік даму және энергетика министрі Хуберт Айвангермен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны және Мюнхенде технологиялық форум өткізуге қолдау көрсеткені үшін Хуберт Айвангерге алғыс айтты.

Кездесуде Қазақстан мен Бавария компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланысты нығайту және технологиялық серіктестікті кеңейту перспективасы талқыланды. Германия аймақтарының арасында Бавария Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесі саналатыны аталып өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру бағыттарында әлеует жеткілікті.

Келісімдер жалғасын тапты

Мемлекет басшысының Германиядағы ресми сапарының екінші күні Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтпен кездесуден басталды.

Президенттің айтуынша, Siemens – еліміздің аса маңызды серіктесі. Өйткені компания қызметіндегі өнеркәсіпті цифрландыру, электрлендіру, ұтқырлық пен интеллектуалды инфрақұрылым сияқты негізгі бағыттар Қазақстанның жаңғыру басымдықтарына сай келеді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Linde компаниясының отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Linde – өндіріске қажетті газдар мен инжиниринг саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Компанияның технологиясы металлургия, тау-кен, химия, энергетика, денсаулық сақтау, электроника салаларында және жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылады.

Президент компанияның Қазақстанда инвестициялық құны 500 миллион долларға дейін бағаланатын бірқатар жобаны іске асыру жоспарын, соның ішінде Linde мен Qarmet арасындағы Теміртау қаласында жаңа ауа бөлу қондырғысының құрылысы бойынша келісімге қол қойылуын құптады.

Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Aurubis AG байқаушылар кеңесінің төрағасы Фриц Варенхольтты қабылдады. Кездесуде Қазақстанның тау-кен металлургиясы кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды.

Елімізде мыс сынықтарын және техногендік минералдар түзілімін қайта өңдеу бойынша «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен Aurubis арасындағы ынтымақтастық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар аталған бағыттағы келешегі бар жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу мүмкіндігі қарастырылды.

Өнеркәсіпке бетбұрыс

Қазақстан Президентінің Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары бизнес, өнеркәсіп және технология көшбас­шыларының басын қосқан Қазақстан-Бавария технологиялық форумымен қоры­тындыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысу­шылар алдында сөйлеген сөзінде Баварияны технологиялық прогресс пен өнеркәсіптік жетістіктері бай мәдени мұрасымен, берік дәстүрлерімен және жаңашылдық рухымен үйлесім тапқан бірегей өңір деп атады.

– Неміс бизнесі елімізде мықты сапасы­мен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар. Бұл ретте Еуропаның жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі, инженерия мен жоғары технологияның орталығы ретінде дүние жүзі мойындаған Баварияның алатын орны ерекше. Біздің азаматтарымыз үшін «Гер­ма­нияда жасалған» деген белгі әрқашан сапа мен сенімділік синонимі саналады. Дәл осы себепті Мюнхенге арнайы келіп, Баварияның саяси басшылығымен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей диалог құр­ғанды жөн деп ұйғардым, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Бавария Германия­ның федералдық жерлері арасында Қазақ­станның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты. Қазақстан бұл аймаққа не­гізі­нен мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, бейорганикалық химиялық заттар, майлы дақылдар, бидай және басқа да та­у­арлар экспорттайды.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық компания жетекшілеріне елімізде инвесторларға жасалып жатқан қолайлы жағдай, атап айтқанда, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб пен Астана халықаралық қаржы орталығы туралы кеңінен мағлұмат берді.

Содан кейін Президент өзара тиімді серіктестіктің негізгі бағыттарына тоқталды.

– Озық өндірісті дамыту негізгі басым­дықтардың бірі болғаны абзал. Қазақстан машина жасау, металлургия, электр техникасы және қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуды қолға алды. Әйтсе де еңбек өнімділігін одан әрі арттыру үшін өндірісті автоматтандырып, роботты техника мен озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Siemens және KUKA секілді компаниялар аталған салаларда көшбасшы саналады. Қазақстанның ірі кәсіпорындары, соның ішінде Qarmet те бар, өнеркәсіп саласындағы тұрақты сұ­раныс пен сенімді серіктестік байла­ныстарды қамтамасыз ете алады. Өршіл мақсаттары­мызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» деген қарапайым сөзбен бейнелеуге бола­ды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аса маңызды материалдарды серіктестіктің тағы бір бағыты ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаев микроэлектроника өндірісіндегі ынтымақтастық перспекти­васына айрықша тоқталды.

Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа өндірістердің халықаралық нарыққа шығуы үшін көлік және логистика саласындағы сенімді байланыстар өте маңызды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық бизнесмендерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бойында өнеркәсіп және логистика хабтарын бірлесе қалыптастыруға шақырды.

Бавария ауыл шаруашылығына арналған машина жасау, ғылыми негізді егін шаруа­шылығы, су үнемдейтін технологиялар және тамақ өнеркәсібі салаларында озық құзыретке ие. Осы артықшылықтарды ес­кере отырып, шағын үлгілі шаруашылық­тарды дамытуға қатысты ортақ жобаны іске қосу ұсынылды. Бұл бастама аясында Еуропа стандарттарына сай жоғары сапалы агроөнімдерді өндіруге және өңдеуге басым­дық беріледі.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде бизнеске, инвестиция мен инновацияға арналған бірегей алаң ретінде Alatau City мегажобасын таныстырды. Бавариялық компаниялар Алатау қаласын инженерлік және сервистік бөлімшелерін орналастыратын, үздік шешімдерді көр­сететін, жергілікті серіктес іздеп, инвес­тициялық жобаларды іске асыратын алаң ретінде қолдана алады.

Мемлекет басшысы сөзін қорыта келе, Алматы қаласында Бавария экономикасының өкілдігін ашуды ұсынды. Аталған мекеме Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда неміс кәсіпорындарының мүддесі үшін жұмыс істей алады.