Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері байқаудың аралық қорытындыларымен Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі атынан сайлауды байқауға 14 депутат пен төрт комитет төрағасы қатысып жатқанын хабарлады.
«Біз барған сайлау учаскелерінде бәрі өте жақсы өтіп жатыр. Азаматтардың ешқандай қысымға ұшырамай, ерікті түрде таңдау құқығын пайдаланып жатқанын көріп отырмыз. Көптеген халықаралық ұйымдар мен түрлі мемлекеттерден келген бақылаушылар Қазақстан Республикасындағы сайлау процесінің ашық әрі айқын өтіп жатқанын атап өтуде», – деді елші.
Дипломат қазіргі сайлаудың тарихи маңызына да тоқталды.
«Құрылтай» сөзінің өзі – түркі әлемінде қолданылатын дәстүрлі ұғым. Бұл маңызды мемлекеттік мәселелер талқыланатын алқалы органды білдіреді. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы негізінде өтіп жатқан бүгінгі сайлау – тарихи оқиға. Өйткені бұл – бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған алғашқы дауыс беру», – деп атап өтті ол.
Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рахман Мохамад Фаджроел сағат 08:00-ден 10:00-ге дейін үш сайлау учаскесін аралады.
Дипломат байқау барысында сайлаушылармен, сайлау комиссияларының мүшелерімен және саяси партиялардың өкілдерімен әңгімелескенін айтты.
«Мәселен, «Қазақстанда демократия, сайлаудың халықаралық стандарттары мен еркін дауыс беру қағидаттары қалай жүзеге асырылып жатыр?» деген сұраққа барлығы бірауыздан оң жауап беріп, «бәрі өте жақсы жұмыс істеп тұрғанын» жеткізген. Мен Қазақстанды құттықтағым келеді. Өйткені елімізде еркін әрі әділ сайлау өткізуге қатысты халықаралық стандарттардың сақталып отырғанын Қазақстан іс жүзінде көрсетіп отыр. Осылайша, Қазақстан өзінің демократиялық мемлекет екенін бүкіл әлемге паш етті. Бүгінгі сайлау арқылы Қазақстан елдегі демократияның қалай жұмыс істейтінін әлемге тағы бір мәрте көрсетті», – деді ол.
Қазақстандағы Палестина Мемлекетінің Елшісі, дипломатиялық корпус дуайені Монтасер Абу Зейд те таңертең бірнеше сайлау учаскесіне барып, ешқандай заң бұзушылық тіркелмегенін жеткізген. Оның айтуынша, халық өз еркімен және көтеріңкі көңіл-күйде дауыс беріп жатыр. Ешқандай шағым түскен жоқ. Қазақстан халқына бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылық тілеймін деді ол сөз соңында.










