Сенімді нығайтудағы бірегей алаң

Қазақстан Президенті қо­нақжайлық көрсеткені жә­не саммитті жоғары дең­­­­гейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Пре­зи­ден­ті Ильхам Әлиевке ал­ғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев диалогтың, сенімді нығайтудың және жан-жақ­ты ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде АӨСШК әлеуетін кеңей­ту­ге бағытталған Әзербай­жан тарапының белсенді төрағалығын оң бағалады.

– Қазақстан үшін ке­ңес­­­тің маңызы ерекше. Елі­­міз отыз жылдан аса уа­қыт бұрын кең-байтақ өңір­де өзара сенімді арт­тыру және қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге септігін тигізу мақсатында осы фо­румды құру жөнінде бас­та­ма көтерген болатын. Со­дан бері АӨСШК өзара тиім­ді нәтижеге қол жет­кізу үшін мүше мемлекет­тер­ді ортақ іске жұмылды­рып келеді. Бастапқыда Азия­дағы қауіпсіздікті сақ­­тап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматын­да құрылған бұл алаң бү­гінде бірегей фо­рум­ға ай­нал­ды. Ұйымға мү­ше елдер Азия құрлығы­ның шама­мен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер ша­ры тұрғын­дарының жар­ты­сынан астамы өмір сү­ре­ді. Ха­лық­аралық инсти­тут­тар­дың көбінде мұндай әлеует жоқ, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форматтың ауқымы АӨСШК-нің зор әлеуетін та­нытатынын, ал ортақ бо­ла­шақ құруға ұмтылған жа­­лынды жастар оның қоз­ғаушы күші саналаты­нын айтты.

– Қауіпсіз әрі гүлденген Азия құруға деген шынайы ние­тімізді көрсететін АӨСШК рухы шын мәнін­де белгілі брендке айналды. Бүгін Лаостың осы Ұйымға мүше болғанына қуаныш­ты­мын, – деді ол.

Мемлекет басшысы сам­­мит форумның маңы­зы­на елеулі сын-қатер тө­ніп тұр­ған кезеңде өтіп жат­қа­нын айтты. Президент­тің пі­кірінше, әлемде тыңғы­лық­ты байыптап, мұқият ой­ластырылған шешімді қа­­жет ететін аса күрделі әрі бұ­рын-соңды болмаған үде­ріс­тер орын алып жатыр.

– Түптеп келгенде, халық­ара­лық қауіпсіздік архитек­тура­сы­ның іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қа­лып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жү­­руде. Былтыр әлемде қарулы қақ­­тығыстар саны Екінші дү­ние­жүз­ілік соғыс кезіндегі көр­сет­кіш­­тен асып түсті. Бұл кикіл­жің­дер­дің құны статистикалық де­рек­­термен ғана емес, адам ғұ­мы­ры­­мен де өлшеніп жатыр. Өт­кен жыл­дың өзінде 20 қарулы қақты­ғыс болып, 37 мыңнан астам бей­біт тұрғын ажал құшты. 117 мил­лионнан аса адам босқынға ай­налды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл ұзақ жылдар бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоқ­қа шығарды. Сондықтан Азия­ға анағұрлым мықты инсти­тут­тар қажет. Ниеттестік жөнін­дегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА БАСТАР ИНСТИТУТ

Президент 2022 жылы Аста­на­да ұйымдастырылған VI сам­мит­те АӨСШК мүше мемлекет­те­рі кеңесті толыққанды халық­ара­лық ұйымға айналдыруға уағ­­­­даласқанына назар аударды.

– Бүгінде Ұйымға төрағалық етіп отырған Әзербайжан бұл мис­сияны лайықты деңгейде іске асы­рып келеді. АӨСШК Жарғы­сы­ның қабылдануын асыға кү­те­міз. Бұл алдағы іс-қимылымыздың жол картасы болады. Қазақстан­ның АӨСШК трансформация­сы­на қатысты ұстанымы бұған дейін бе­кітілген міндеттемелерге негіз­дел­ген. Сондай-ақ ортақ түсініс­тік­ке қол жеткізуге және тиісті ке­лісімдерді әзірлеуге икем та­ны­туды басшылыққа алады. Кеңес Азиядағы орнын сақтай отырып, жаһандық серіктестермен ын­ты­мақ­тастыққа ашық институт болу­ға тиіс. Ұйым өзара сенім ру­­хындағы дәйекті диалог пен сын­­дарлы консультацияға негіз­дел­­ген қауіпсіздік моделін ілгері­летуі керек, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қауіп­сіз­дік мәселесі әрқашан АӨСШК қыз­метінің негізгі басымдық­та­ры­ның бірі екенін еске салды.

– Біздің Ұйым дау-дамайды бей­біт жолмен реттеуге, қару­сыз­дандыруға және бейбітшілікті ны­ғайтуға айтарлықтай үлес қоса ала­ды. Бүгінде мұның маңызы ар­та түсті. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы және басқа да халық­аралық институттармен байланыс орната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қай­­шылықтарды еңсеруде ана­ғұр­­лым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда кеңеске мүше ел­­дер­дің ұжымдық саяси ерік-жі­герін нәтижелі бастамаларға жұ­мыл­дыруға шақырамыз. Нақты қа­дам ретінде Превентивті дип­ло­матия тетігін іске қосуды ұсы­намыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақ­ты­ғыстың алдын алу оның салдарын жою­ға қарағанда анағұрлым тиім­ді әрі арзанға түседі. Мұндай те­тік Ұйымға мүше елдердің ше­шім шығаруға жүйелі түрде атса­лы­суына және мәлімдеме қа­был­даудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, болашаққа бағдарланған Ұйым бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек.

– Жасанды немесе супер ин­тел­лект қазірдің өзінде эко­но­ми­ка­лық даму мен ұлттық бәсекеге қа­білеттілікті айқындайтын фак­торға айналды. Кибершабуылдар за­манауи қақтығыстарды ушық­тыруда төтенше рөл атқарады. Бұ­дан бөлек, жасанды интел­лек­ті­нің бақылаусыз дамуы зор алаң­даушылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны ха­лықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қа­зір­дің өзінде ЖИ агенттерінің қор­ғау тетіктерін айналып өтіп, сырт­қы жүйелерге рұқсатсыз қол жет­кізу фактілері тіркелді. Егер ха­лықаралық-құқықтық тетік­терді енгізу арқылы осы үдеріс­тер­ді тоқтатпасақ, мұндай жағ­дай­лардың салдары ауырлап, мем­лекеттер арасындағы қақ­ты­ғыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жа­санды интеллектінің дамуы ада­мзаттың оны тиімді бақылау қа­білетінен асып түспеуі керек. Сон­дықтан сенімді нығайту ша­ралары цифрлық ортаға да тие­сілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жа­санды интеллектімен толық­тыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологияларын орын­ды пайдалану экономи­ка­лық өркендеуді жеделдететінін, сон­дай-ақ мемлекетті басқарудың тиім­ділігін арттырып, тұтас ай­мақ­тың даму мүмкіндігін кеңейте тү­сетінін атап өтті. Осы орайда тәуе­келдерді бірлесіп бақылау қажет.

– Жақында Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бо­йын­­­­­­ша келісімді құптаймыз. Шын мәнінде, бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы ха­лық­аралық шарттың негізі бола ала­ды. АӨСШК аталған үдеріске зор үлес қосуға қауқарлы екеніне се­німдімін. Осы саладағы жаһан­дық күш-жігер аясында Қазақ­стан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналас­тырады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер айма­ғымыздың цифрлық болашағын бірге қалыптастыру үшін орталық жұмысына атсалысады деп ой­лаймын, – деді Мемлекет бас­шысы.

МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ

Президент қазіргі таңда кез кел­ген стратегиялық жобаны жү­зе­­ге асыру үшін ақпараттық қауіп­­­­сіздіктің маңызы зор деп са­­найды. Әсіресе бірнеше мем­ле­кет­ке ортақ бастамаларда оның мәні арта түседі.

– Бүгін Қазақстан мен Әзер­байжан маңызды кезеңге қадам басты. Елдеріміз Каспий табаны­мен тартылған Транскаспий тал­шық­ты-оптикалық байланыс же­лісін іске асыруға кірісті. Цифр­лық Жібек жолы бірегей жобасы Еуразия кеңістігінде анағұрлым жылдам әрі қауіпсіз мәлімет ал­ма­суға мүмкіндік береді. Со­ны­мен қатар Азияның цифрлық әлеуетін нығайтып, ынтымақ­тастықтың тың бағыттары ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Әзербай­жан мен Арменияның бітімге келу процесіне қолдау білдіріп, Оң­түстік Кавказ тәжірибесі кө­реген көшбасшылықтың нәти­же­сін айқын көрсеткенін айтты.

– Ондаған жылдар бойғы қақ­ты­ғыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перспектива­ға жол ашып, Шығыс пен Батыс ара­сында байланыс орнатуға мүм­кіндік берді. Берік саяси ерік-жі­гері мен зор экономикалық әлеуе­ті бар АӨСШК ірі транс­ше­каралық жобаларды жүзеге асы­ру­ға елеулі үлес қоса алады. Сон­дық­тан АӨСШК-нің көлік бай­ла­нысы стратегиясын бірлесе әзір­леуді ұсынамын. Бұл Стра­тегия өңіріміздегі «Бір белдеу, бір жол», Солтүстік – Оңтүстік ха­лықаралық көлік дәлізі, Орта дә­ліз және TRIPP бастамасын қ­о­са алғанда, негізгі халықаралық кө­лік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді, – де­ді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таң­да энергетика қауіпсіздігіне қа­тер төніп тұрғанын айтты.

– Трансшекаралық энерге­ти­ка­лық инфрақұрылым қақтығыс­тар­дың зардабын жиі тартуда. Со­ның салдарынан әлемдегі энер­­­­­гетика нарығында тұрақсыз­дық белең алды. Бұл болжаусыз кезең дағдарыс аймағынан тыс ел­дердің де экономикалық өсімін те­жеуде. Дәл осы себепті еліміз се­ріктестікке ден қойып отыр. Қа­зақстан, Әзербайжан және Өз­бекстан жасыл энергия жеткізу жө­ніндегі стратегиялық серік­тес­тік туралы келісімге қол қойды. Осы­лайша, Каспий жасыл энер­гетикалық дәлізінің негізі қалан­ды. Бұл елдеріміздің энергети­ка­лық жүйелерін өзара байланыс­ты­рып, Қара теңіз арқылы Еуропа на­рықтарына шығуға жол аша-ды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Әзер­бай­жанмен бірлесіп, Баку – Тби­лиси – Жейхан құбыры арқылы Қа­зақстан мұнайын тасымалдау­дың көлемін арттыру жоспары ту­ралы айтты.

– Каспий теңізі өңіріміздің ға­на емес, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие. Қазақстан Кас­пий өңірдегі және одан тыс­қары мемлекеттердің ортақ игілігі үшін әрқашан бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі болуы керек деп санайды. Бұл ретте су ре­сурстары мен экология сала­сын­­дағы бірлескен күш-жігер ар­­қылы оны сақтап қалу өте өзек­ті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы АӨСШК қыз­метіндегі экологиялық бағыт­тың маңызы арта түскенін атап өтті. Оның пікірінше, су ресурс­тары­ның тапшылығы мен эко­жүйенің тозуы Азиядағы ең күр­де­лі сын-қатердің біріне айналды.

– Азия мен Тынық мұхиты ай­мағында дүниежүзі халқының 60 пайызы мекендейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайы­зына ғана иелік етеді. Сәй­ке­сінше, өңірдің су ресурс­тары­мен қамтылуы жан басына шақ­қан­да әлем бойынша төменгі орын­да. Қазақстан су ресурстары ал­дағы уақытта да ынтымақтас­тық­тың көзі болуы керек деп са­найды. Осыған орай технология ал­масу, бірлесіп зерттеу және су үнем­дейтін шешімдерді ілгерілету мақ­сатында АӨСШК су ресурс­тары серіктестігін құруды ұсы­на­мын. Бұл ретте Қазақстан Бірік­кен Ұлттар Ұйымы жүйесінде су ресурстарына қатысты жаһандық күн тәртібін жүйелі үйлестіруді қам­тамасыз ететін Халықаралық су ұйымын құру бастамасын кө­тер­ді. Аталған ұсынысты АӨСШК мүше мемлекеттерінің қосылуына мүмкіндік бере отырып, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан бір­лесе ілгерілетуіне болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, бұл бастамалар ин­вестиция мен адам капиталы бол­маса түбегейлі нәтиже бер­мей­ді.

– Бұдан мың жылдан астам уа­қыт бұрын ұлы философ әрі ға­лым әл-Фараби қоғамның қуа­ты оның халқының білімі мен адам­гершілік қасиеттерінде еке­нін айтқан. Сондықтан Ұйымға мүше мемлекеттерді АӨСШК-нің адами капитал жөніндегі се­ріктестігін құруға шақырамын. Мақ­сат – жас ұрпақты техноло­гия­лық, экономикалық және геосаяси жаңғырулар екпінімен сәт сайын өзгеріп жатқан әлемге бейімдеу. Біз осы маңызды мәсе­лені шешуге үлес қосу үшін сарап­шылық тәжірибемізді, маң­дайалды университеттер мен ғы­лыми-зерттеу ұйымдарының әлеуетін ұсынуға дайынбыз. Ке­лесі жылы қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми-зерттеуге арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылуы ықти­мал. Қазақстан Ұйымға мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шә­кір­та­қы ұсынуға, сондай-ақ ға­лым­дарға зерттеу гранттарын беру­ге әзір, – деді Мемлекет бас­­­шысы.

Қазақстан Президенті сөз соңында Әзербайжанның Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ралары жөніндегі кеңеске тө­ра­ғалығын табысты жалғас­тыруы­на тілектес екенін жеткізді. Сон­дай-ақ бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұ­мыс­қа берік негіз қалайтынына се­нім білдірді.