Ол: «Біз кімбіз, қандай құндылықтарға сүйенеміз, қайда барамыз?» деген маңызды сауалдарға жауап береді. Негізгі заңның баптары мемлекеттің қалай жұмыс істейтінін айқындаса, ал преамбула елдің не үшін өмір сүретінін аңғартады. Сондықтан оның жаңаруы мемлекет пен қоғамның өзгергенін білдіреді.
Жаңарған сана, жаңа серпін
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қалыптасу кезеңі артта қалып, бүгінде еліміз өз тағдырын өзі шешетін кемел қоғамға, орта державаға айналды. Жаңа Ата заңның кіріспе бөлігі осы тарихи тамырластықты айқындап, Ұлы даланың мыңдаған жылдық мұрасы мен бүгінгі заманауи шынайылықты өзара ұштастырды. Қазақ халқының ұлан-байтақ даладағы өркениеттер тоғысында қалыптасқан мемлекеттік дәстүрі мен ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздігі заңнамалық тұрғыдан тиянақты бекітіліп отыр.
Жаңа Ата заңның преамбуласына: «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстанның Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», – делінген.
Осы арқылы келер ұрпаққа ұлы ұлағат, тағылымды тұжырым ұсынылады: тарих сахнасындағы талай сыннан сүрінбей өткен бабалар жолы мен бүгінгі ұрпақтың жасампаздығы біртұтас ұлттың ұстынын құрайды. Тамыры тереңге жайылған бәйтерек қана дауылға төтеп беріп, көкке қарай бой түзей алады.
1995 жылы алдыңғы Конституция қабылданған кезде Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы сатысында тұрды. Сондықтан ескі Ата заңның «алғысөзінде» былай жазылды: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».
Сөз арасындағы иірім мен ой астарына үңіле білетін зерделі оқырман ескі Конституцияның преамбуласынан асқақ манифесті, бебеулеген ата-баба рухын емес, керісінше, халықты қанға бөккен тоталитарлық заманның үрейлі табын, жаһан жұртшылығынан орын сұрағандай жасқаншақтықты, жас мемлекеттің кібіртіктеп басқан қадамдарын еске түсіретін жалтақтықты сезер еді.
Яғни ескі преамбулада жаңа мемлекеттілік құру, бейбітшіл азаматтық қоғам қалыптастыру, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алу сияқты тілектер көрініс тапты. Бұл – егемендігін енді ғана бекемдеп, етек-жеңін жаңа ғана жауып жатқан мемлекеттің үні, ұғымы еді. Одан бергі 26 жылда Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасты, толысып, кемеліне келді, аңсарлы армандары орындалды.
Тарихтан тағылым, ертеңге аманат
Уақыт – тарихтың үнсіз редакторы. Үш онжылдық ішінде Қазақстанның мемлекеттік институттары толық нығайды, тәуелсіздік ұғымы қоғамдық санада орнықты, бодандықтың не екенін білмейтін жаңа ұрпақ қалыптасты. Ел енді мемлекеттілігін іздеп отырған жоқ, қайта оны нығайту, сапасын арттыру, келесі тарихи кезеңге лайықтау мәселесін алға қойып отыр. Сондықтан 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияның кіріспесінде жаңа міндет-мақсаттар белгіленіп отыр.
Демек, преамбуланың жаңаруы – өткенді өшіре салу емес, артта қалған белеске бүгінгі биіктіктен қарау. 1995 жылғы мәтін тәуелсіздікті орнықтыру дәуірінің тынысын танытса, жаңа мәтін қалыптасқан мемлекеттің өз құндылықтарын айқындауға көшкенін көрсетеді. Бір кезде елге «тәуелсіз мемлекет болу» мұраты маңызды болса, енді сонау сақ, ғұн, Көк түріктен бастап, бертінде Жошы баба мен Қазақ хандығынан тамыр тартқан «Әділетті Қазақстан» құру мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Тарихтың бір белесі артта қалғанда, жаңа белестің мұраты да өзгереді.
Осы орайда жаңа преамбуланың ең ұтымды, ұлт ұпайын түгендер сөзінің бірі – «Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтау». Бұл сөйлем Қазақстанның мемлекеттілік тарихын тек қазіргі тәуелсіздік жылдарымен шектемейді. Мұнда тарих өткеннің мұрағаттағы көлеңкесі емес, бүгінгі мемлекеттіліктің рухани арқауы ретінде қарастырылады. Ұлы даланың кеңістігі ғасырлар бойы мемлекеттер мен саяси бірлестіктердің, құқықтық дәстүрлер мен мәдениеттердің тоғысқан мекені болды. Жаңа Ата заң сол ұзақ жолды қазіргі Қазақстанның тарихи санасымен жалғайды.
Сонымен бірге жаңа Конституциядағы тарихи сабақтастық туралы сөзді тарихқа тағзым деп қана түсіну жеткіліксіз. Ол – мемлекет пен ұлттың өзін тарихи үдерістің жалғасы ретінде сезінуі. Мықты тамырына сеніп, сүйенген ағаштың батылы ғана жаңа бұтақ өсіруге жетеді. Қазақстан осылай өзінің тарихи негізін айқындай отырып, болашаққа бағдарланған конституциялық бағытын нақтылап отыр.
Преамбулада Қазақстанның унитарлы сипаты, шекарасы мен аумағының тұтастығына қолсұғылмаушылық арнайы атап өтіледі. Бұл – мемлекеттің кеңістіктік тұтастығын саяси ұстаным ғана емес, конституциялық құндылық ретінде бекіту. Жаңа Конституцияның 2-бабында егемендік, тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық және басқару нысаны өзгермейтін негіздер ретінде арнайы бекітілген.
Мұның қазіргі әлемдегі мәні ерекше. Мемлекеттің шекарасы картадағы сызық қана емес. Оның артында елдің қауіпсіздігі, халқының тыныштығы, экономикалық тұрақтылығы, ұрпақтың келешегі тұр. Сондықтан аумақтық тұтастықты преамбула деңгейінде айқындау мемлекеттің қандай асыл ұстындарын уақытша саяси конъюнктураның құрбандығына шалмайтынын, құбылмалы жағдайларға тәуелді етпейтінін паш етеді. Азаттық – тек сыртқы әлемге жарияланатын жалпы ұран емес, елдің ішкі саяси санасының да өзегі болуға тиіс.
Ал «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты осы мемлекеттіліктің ішкі сапасын айқындайды. Әділет мұрат болса, заң мен тәртіп – соған жеткізер жол. Бұл екеуін бөліп қарау қиын: заңсыз әділет – жай сезімге, ал әділетсіз заң – құр рәсімге айналмақ. Сондықтан преамбулада адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау туралы тұжырымның қатар өрбуі маңызды. Конституцияда мемлекеттің ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ретінде бекітілген.
Осы тұста преамбуланың билікке ғана емес, әр азаматқа да үн қататынын аңғарамыз. Заң мен тәртіпті бірінші кезекте мемлекеттің өзі сақтауы керек. Бірақ оны қоғам да құрметтемейінше, құқықтық мәдениет қалыптаспайды. Мемлекет азаматтың құқығын қорғағанда ғана азаматтың заңға сенімі күшейеді. Ал сенім жоқ жерде ең жақсы жазылған баптың өзі суы тартылған арна секілді: сыртқы пішіні сақталғанымен, тіршілікке еш нәр бере алмайды.
Ертеңге сақтар ең асылын
Жаңа преамбуланың тағы бір ерекшелігі – оның болашаққа көзқарасы. Мұнда мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтары бір қатарда аталады. Бұл кездейсоқ тізім емес. Жаңа Конституцияның 3-бабында адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде тұңғыш рет танылып отыр. Яғни преамбулада айтылған құндылықтар кіріспеде қалмай, кейінгі конституциялық нормаларда жалғасын табады.
Мұның астарында ел дамуының философиясы жатыр. Табиғи ресурс сарқылуы, технология ескіруі, қоғамның беталысы өзгеруі мүмкін. Ал білімге, ойға, шығармашылыққа салынған инвестиция ұрпақтан ұрпаққа ауысады. Бүгінгі мектеп оқушысының, ЖОО студентінің қабілеті – ертеңгі ел экономикасының, ғылымының, мәдениетінің капиталы. Сондықтан жаңа Конституцияның білім мен ғылымды преамбула деңгейінде ұлықтауы Қазақстанның болашақ байлығын жер қойнауынан ғана емес, адам санасынан іздейтінін аңғартады.
Бұл әсіресе цифрлық дәуірде маңызды. ЖИ, жаңа технология, цифрландыру қоғамның өмір салтын ғана емес, адамның еңбек ету, білім алу, ақпарат тұтыну тәсілін өзгертті. Бұл заманда мемлекеттің қуаты тек өндірілген өніммен шектелмейді. Оның интеллектуалдық әлеуеті, ғылымы, шығармашылығы, жаңа білім өндіру қабілеті шешуші мәнге ие. Ата заңның адам капиталын стратегиялық бағыт ретінде бекітуі осы тарихи өзгеріске берілген жауап.
Преамбула табиғатты аялау қажеттігін де мойындайды. Бұл бір қарағанда жалпыға түсінікті сөз сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ конституциялық мәтінге енген әрбір құндылықтың салмағы бар. Сайын даланы ғасырлар бойы тіршіліктің негізі еткен, өзін соның бір бөлшегі сезінген қазақ халқы үшін табиғатты қорғау – қазіргі заманның сәнді тренді емес, ата-бабадан тікелей мирасқа қалған тарихи өмір салтының жаңа құқықтық өрістегі жалғасы. Қазақ ежелден Ұлы даланың тұмса табиғатын өзі иелік ететін дүние-мүлік емес, келер ұрпаққа қалдырар аманат ретінде қабылдаған. Сол аманаттың қазіргі атауы – экологиялық жауапкершілік, «Таза Қазақстан» қағидаты.
Преамбуланың соңғы тұстарының бірі – «келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіну». Бұл сөз бүкіл мәтінді бір арнаға тоғыстырады. Өйткені тәуелсіздік те, аумақтық тұтастық та, әділет те, білім де, табиғат та қазіргі ұрпақпен бітпейді. Конституцияның шын мәні оның бүгінгі азаматқа ғана емес, ертеңгі елге қандай мұра қалдыруымен өлшенеді.
Қорыта айтқанда, жаңа Ата заңымызда преамбуланың жаңаруының мәні – Қазақстанның өзін жаңа тарихи кезеңде қайта пайымдауында. Жаңа мәтін бір жағынан Ұлы даланың мыңжылдық жадын арқау етеді, екінші жағынан адам құқығы, заң үстемдігі, білім, ғылым, инновация, экология, тәртіп секілді заманауи құндылықтарды төрге оздырады. Өткен мен болашақтың арасындағы көпірдің аты – сабақтастық.
Ең бастысы, преамбуладағы сөздердің тағдыры енді тәжірибе мен өмірге байланысты. «Әділетті Қазақстан» соттағы әділ шешімге, «Заң мен Тәртіп» күнделікті құқықтық мәдениетке, «Таза Қазақстан» сана мен қоршаған ортадағы тазалық пен адалдыққа, адам құқығы мемлекеттік қызметтің өлшеміне, білім мен ғылым ұлттық дамудың нақты жетістігіне айналғанда ғана бұл сөздер шын, терең мәніне ие болады.
Ата заңның жаңа аңсары да осында: тарихын ұмытпайтын, бүгінін жауапкершілікпен құратын, болашағын біліммен бекемдейтін ел болу. Ықылым заманнан Ұлы дала талай дәуірді өткерді. Ендігі міндет – сол толағай тарихтан күш алып, келер ұрпаққа әділеті мығым, заңы орнықты, ауқаты зор, ойы озық Қазақстанды қалдыру.
Айхан ШӘРІП










