15 қазанда Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиті өтті. Осы сапарда Қазақстан Президенті бірнеше мемлекеттің билік өкілдерімен жеке кездесті. Соның қатарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен жүздесуі де бар.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, қазақ-қатар сан қырлы серіктестігін нығайту, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру перспективасына айрықша назар аударды. Жаһандық мәселелер сөз болып, Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде де пікір алмасты.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бұған дейін де талай келіссөз өткізгені есте. Негізгі сапарлар мен кездесулердің хронологиясына қарар болсақ, Қатар Әмірінің Астанаға үш рет келгенін көреміз. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы маусымда және 2024 жылғы ақпанда Дохаға сапарлап барды. Кейінгісі тіпті тарихи мемлекеттік сапар болды.
Екі ел арасында ынтымақтастық көптеген саладан көрініс тауып отыр. Қатар мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі әлі де салыстырмалы түрде шағын болғанымен, өсу динамикасы қарқынды. 2025 жылы екіжақты алыс-беріс 8,7 млн долларды құрады. Оның ішінде Қазақстан экспорты – 4,3 млн доллар, ал Қатардан жасалған импорт 4,4 млн доллар айналасында. Биыл алғашқы 6 айда сауда айналымы 6 млн долларға жуықтады. Қазақстаннан Қатарға ет өнімдері, бидай, арпа, бал, кондитерлік өнімдер және металлургия өнімдері экспортталады. Ал Қатардан Қазақстанға негізінен мұнай-химия өнімдері, полимерлер, тыңайтқыштар және заманауи жабдықтар импортталады.
Сауда айналымы шағын болғанымен, инвестициялық әріптестік бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті. Қазақстан мен Қатар арасындағы жалпы құны 17,6-20 млрд долларға бағаланатын бірлескен стратегиялық жобалар пакеті іске асырылып жатыр. Негізгі ірі жобалар банк және қаржы саласында. Қатардың Lesha Bank инвестициялық банкі Қазақстандағы Bereke Bank АҚ-ын толықтай сатып алды. Бұл – Қазақстанның қаржы секторындағы кейінгі жылдардағы ірі халықаралық келісімдердің бірі.
Сондай-ақ Қатардың Power International Holding конгломераты «Қазақтелекомнан» «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/Altel брендтері) акцияларының 100 пайызын сатып алып, осы саладағы негізгі инвесторға айналды. Қазақстанда жаңа буын дата-орталықтарын салу жобалары қарастырылып жатыр.
Энергетика және газ өңдеу саласында да әріптестік бекем. Қатардың UCC Holding компаниясы «ҚазМұнайГаз» серіктестігімен бірге Қашаған кен орнында қуаттылығы 1 млрд және 2,5 млрд текше метр болатын екі газ өңдеу зауытының құрылысын қаржыландырып жатыр. Бұған қоса, «Орталық Азия – Орталық» газ құбыры желісінде жаңа компрессорлық станса салу және екінші «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын жүргізу жобалары іске асырыла бастады. Жамбыл облысында қуаттылығы 1,1 ГВт болатын заманауи бу-газ қондырғысын салу бойынша да жоба жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, Қазақстан мен Қатар байланысы жыл сайын нығая түсуде.
Е.НҰРЕКЕШ









