Көрменің мақсаты өткен мен қазіргі уақыт арасындағы өзгерістерді жад, естелік және тарихи деректер негізінде талдауға бағытталған. Іс-шараға бейнелеу өнерінің өкілдері, суретші Сембіғали Смағұлов, Лейла Махат, Мансұр Смағамбетов, Сырлыбек Бекбота, Гүлмарал Тәттібай, Наталья Лигай, Ануар Мүсірепов сынды тұлғалар қатысты. Көрменің ашылу барысында Оралбек Қабөкенің өзі көрмені аралап, толықтай таныстырып өтті. Автордың айтуынша, көрмедегі әр мүсіннің атауы тарихи терең мәнге ие. Соның бірі – «Ала жіп» атауы. Бұл – көшпенді мәдениетіндегі қазақ ұғымы. Суретші туындысының бұлай аталуын бірнеше мысалмен түсіндіріп берді.
– Қазақта «Ала жіптен аттама» деген сияқты сөздер бар. Мәселен, айдалада жалғыз үйдің иесі үйде болмаса, есіктің аузына тек ала жіп байлап кететін болған. Бұл – үйдің иесі жоқ, кіруге болмайды деген түсінік. Ал малдың басына ала жіпті байлау арқылы бөтен адамның малына тиісуге болмайтынын түсіндірген. Сол ала жіпке қарап, тіпті үкімі шықпаған күнәһар адамның өзі қоршап қойған ала жіптен аттап қашып кетпеген. Бізде ізгілік пен зұлымдықтың арасындағы шекара бұл ала жіппен белгіленген. Осы «ала жіптен аттау – ар мен ұжданның алдынан аттау» деген мағынаны білдірген. «Ала жіптегі» жылқы мүсіні болмысымызға, дүниетанымызға символдық түрде негізделіп жасалған, – деді автор.
Одан бөлек, «Ақ бала», «Құн», «Қымыз», «Жер ана», «Бөтен құрсақ», «Алмасу» деп аталатын өткел кезеңдерінің атауы да тереңінен таныстырылып өтті. Айта кетейік, келушілер көрмені 22 шілдеге дейін тамашалай алады. Көрме кураторлары көрме еліміздің бүкіл өңірін, оның ішінде ӨzgeЕрістің барлық желісін және мүмкіндік болса, әлемді де аралайтынын айтты.
«Біз әзірге көрмені өзіміздің кеңістігімізде қоямыз. Өйткені көрмені ұйымдастыру оңай емес. Көрмені жасауға алты ай дайындық уақыты кетті. Ең басты шығын, ең басты күш – уақыт және адамның шығармашылыққа жұмсаған шығыны. Шынын айтқанда, мұндай көрмелерден кейін адамдар рухани өткелден өтеді. Сондықтан Оралбек мырзаның күрделі ой процесінен өткізген туындысын бүкіл Қазақстанға көрсетуге тырысатын боламыз. Егер мүмкіндігіміз болып жатса, шетелге де апарамыз», – деді Тоғжан Жұмабай.
Туындылар жаһандану, тұтынушылық мəдениет және әлеуметтік қатынастардың өзгеруін, адамның ішкі табиғатына әсері өтпелі түрде болып жатқанын көрсетеді. Қазірдің өзінде суретшінің өнерін бағалап, көрмеге баруға қызығушылық танытқан көрерменнің саны көбеюде.
Асылзат АҚЫЛХАН,
ЕҰУ 3-курс студенті









