Мұның бәрі күйшіге қажет қасиет болғанымен, біздіңше ешқайсысы жеке-дара күйшіліктің мәнін толық ашпайды. Техникасы мықты домбырашының бәрі күйші болып кетпейтіні сияқты, байырғы нұсқаны бұлжытпай, нотасын сол қалпы қайталау да үлкен күйшіліктің жалғыз өлшемі емес. Күйшілік – музыканың ар жағындағы дүниені сезіну, күйдің мінезін тану және сол мінезді өз табиғатыңнан өткізіп, қайта сөйлете білу. Күйдің тілінде сөйлете алу. Шәміл Әбілтайдың өнеріне осы тұрғыдан қараған жөн.
Шәміл Әбілтайдың күйін алғаш тыңдағанда, таңғалатын бір нәрсе бар. Ол жылдамдық та, қағыс та, әсерлі қимыл, яғни виртуоздық та емес. Ең алдымен, құлаққа түсетіні – дыбыс. Шәмілдің домбырасынан шыққан үннің өзіне тән бояуы бар. Соған таңғаласын. Әлем музыка тарихындағы ірі орындаушылардың бір ерекшелігі де осында болса керек. Сондықтан мақаланы дыбыстан бастасақ. Шәмілдің дыбысынан.
Домбыра туралы сөз болғанда, орындаушылық шеберлікті көбіне оң қолмен байланыстырылып жатады. Қағыс түрлері, қолдың серпіні, білектің еркіндігі… Бәрі рас. Бәрі маңызды. Бірақ күйдің дыбысы тек оң қолмен жасалмайды. Сол қол да бар. Шәміл Әбілтайды тыңдағанда, сол қолдың қызметіне еріксіз назар аударасың. Кейде оның сол қолы пернені басу үшін емес, дыбыс жасау үшін арнайы жаратылғандай әсер қалдырады. Мысалы, бір нотаны он адам бір пернеден басуы мүмкін, бірақ он адамның домбырасынан он түрлі үн шығады. Сол онның ішінде Шәмілге жететіні жоқ.
Бірден түсіндіре кетейік, домбырашы үшін сол қолдың міндеті бір дыбыстан екіншісіне көшу ғана емес. Әрине, әу баста музыкалық мектепте солай үйретеді. Бірақ өте келе, кемел аспапшы атанған кезде екі қолдың міндеті бір болады. Шәмілде солай. Тіпті оның оң және сол қолдың қызметін бөліп қарай алмаймыз. Осы қасиетті сөзбен түсіндірудің өзі қиын. Кейбір орындаушылық құбылыстарды терминге айналдырып үлгерген сәтте оның негізгі әсері жоғалып кететіндей болады. Шәмілдің дыбысын да тек қағыс формуласы (тәсілдер) арқылы түгел түсіндіру мүмкін емес. Оны тыңдап сезіну керек. Бір мысал айтайын.
Шәмілдің күйін тыңдағанда, өз басыма мешіттен естілген азан ойға оралады. Бұл жерде азанның сөз-әуені мен күйдің сарынын салыстырып отырған жоқпыз. Музыкалық ұқсастық та іздеудің қажеті жоқ. Ұқсастық – адамның ішкі халінде. Кейде алыстан естілген азанға арнайы құлақ түріп отырмасаң да, дауыс назарыңды өзіне бұрады. Бір сәтке айналадағы тіршілік кейін шегінеді. Сен сол үнді талдап отырмайсың, бірақ оның соңынан іштей еріп кетесің. Шәмілдің күй тартуында да осындай қасиет бар. Бір кезде бәрін ұмытасың. Қағыс та, саусақ та, техника да өлшеп отырғаныңды ұмытып кетесің. Дыбыс өз шекарасын құрып, тыңдаушыны соның ішіне алып кіреді. Күйшіліктегі тылсым дегеннің бірі, бәлкім, осы шығар.
Кез келген сахналық өнерде орындаушы мен аудитория арасында жасырын келісім болады. Орындаушы береді, тыңдаушы алады. Орындаушың әлсіз болса, тыңдаушың да риза болмайды. Әрине, сапалы да тыңдаушыны табу – қиынның қиыны бұл заманда. Алайда біздің айтпағымыз – күй түсінетін нағыз тыңдаушы. Күйдің атын да, затын да, сол күйді бұрын тартқан өнерпаздарды да білетін, жан-жақты талдау жасай алатын тыңдаушы. Міне, осындай тыңдаушы жолықса, көп домбырашылар соның ығына жығылып кетеді. Оны өзі де түсінбеуі мүмкін. Бірақ мысы басып тұрады. Кейде тыңдаушы сөз де айтпайды, бірақ орындаушы көзінен-ақ түсініп қояды. Сондықтан ығына жығылады. Әдейі емес, мүмкін іштей сезіну, түсініп қою шығар. Ал Шәміл ондай емес. Ол аудиторияның ығына жығылып, күйді соған қарай бейімдеуге ұмтылмайды. Керісінше, аудитория оның ығына жығылады. Әлбетте, күйді тарта бастағанда, тыңдарманға «мына жерге назар аудар», «мына тұста таңғал» деп ишара жасап отырмайды ғой. Музыканың шарықтау шегін, яғни кульминациясын өзі айқындайды да, керек кезінде құлпыртып жібереді. Қайта саябырсып, тағы құлпыртады. Күйді өзі «дұрыс» деп таныған арнамен жүргізеді. Тыңдаушы біртіндеп сол тынысқа, сол дыбыстық тәртіпке кіреді. Бұны қалай жасайды дейсіз бе? Бұл – тәуелсіздік. Орындаушылықтағы белгілі бір ішкі тәуелсіздік.
Шәмілдің еркіндігі де осы тәуелсіздіктен туындайды. Күйші күйді қатып қалған мәтін ретінде қабылдамайды. Керек кезінде қосады, керек кезінде тізгінді босатып, еркін жүреді. Бірақ бұл еркіндікті «ойына келгенін жасау» деп түсіну қате. Дәстүрлі музыкада, әсіресе күйшілік өнерде еркіндік пен жауапсыздықтың арасы өте жақын. Титтей нәрсе шығарманың табиғатын күшейтуі мүмкін, басқа күйде сол нәрсе керісінше оның мінезін бұзып жіберуі ықтимал. Сондықтан күйшілік өнердегі кемелдіктің бір өлшемі ретінде қай жерде өзгертуге болатынын білуінде деп айтуға болады деп есептейміз.
Шәміл Әбілтайдың күйшілік мектебін Қали Жантілеуовтен бөліп қарау мүмкін емес. Бұл жайлы біз жазбасақ та, бәрі біледі. Айтпағымыз басқа. Бізде көбіне «пәленшенің шәкірті» деген анықтама кейде орындаушының тұлғасын түсіндірудің орнына оны жеңілдетіп жібереді. Жалпы, ұстаздың жолын жалғастыру деген не? Оның тартқан күйін дәл солай қайталап, сол қағыспен, сол екпінмен тартып шығу ма? Егер дәстүрдің мәні осында ғана болса, ең мінсіз шәкірт дыбыс жазатын құрылғысы болар еді ғой. Ал өнер бұлай өмір сүрмейді.
Қали Жантілеуов пен Шәміл Әбілтайды қатар тыңдап көріңіз. Нақтыласам, Құрманғазының «Ақбайын» тыңдаңыз. Шәміл «Ақбайда» Қалекеңнің нұсқасын тура қайталамайды, көшірмесі емес. Әрине, сол мектеп, сол сарын, сол табиғат, тіпті сол нота. Бірақ негізгі сөз сақталғанымен, сөйлеуші өзгереді. Қали айтқан ойды Шәміл басқа тыныспен жалғайды. Мұны дәстүрден ауытқу деп емес, дәстүрдің тірі екенінің белгісі деп қабылдаған жөн. Сөзсіз, осының бәрін тану үшін адамның жүрек көзі мен құлағы күйшілік өнердің тілін қабылдауға белгілі дәрежеде дайын болуы керек. Сонда ұқсастықты да, айырмашылықты да сезінуге болады.
Аустралиялық этномузыкатанушы Маргарет Картоми орындаушылық өнер жайлы Musicology Australia журналында жарияланған бір мақаласында орындаушыны тек музыка жасайтын, дыбыс шығаратын адам ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін көрсетеді. Нағыз орындаушының назарында дыбыс та, орындау техникасы да, дене қимылы да, импровизация да, стиль де, тыңдаушы арасындағы қатынас та бар. Яғни performance – бірнеше қабаттан құралған біртұтас құбылыс.
Бұл көзқарасты Шәміл Әбілтайдың өнеріне қолданғанып қарасақ, бір маңызды нәрсе анық байқалады. Оның күйшілігін бір ғана техникалық тұрғыдан қарап, соған байлап қою мүмкін емес. «Оң қолы мықты» десек, аз. «Сол қолы ерекше» десек те толық жеткізе алмаймыз. «Еркін тартады» десек, бұл да жеткіліксіз. Өйткені аталған қасиеттерді Шәмілден бөлек-бөлек ретінде қарастыруға болмайды. Дыбысы қолдарымен байланысты. Ол өз кезегінде жоғарыда мысал ретінде айтқан шарықтау шегінің уақытын анықтайды. Уақыт еркіндікке жол ашады. Осы тұтастықтан орындаушылық тұлға пайда болады.
Маргарет Картоми ұсынатын орындаушылыққа тұтас қарау тәсілі – осы. Яғни алпауыт музыкантты жеке техникалық амалдарына қарай түсіндіру өте қарабайырға айналып кетеді.
Осы заманның әлем ғалымдарына тағы да үңілейік. Орындаушылық өнердегі экспрессия мәселесін ұзақ зерттеген швед психологы Патрик Юслин (Patrik N. Juslin) Psychology of Music журналындағы бір мақаласында орындаушы шығарманы жай ғана ойнап шықпай, оның мінезі мен ішкі қозғалысын тыңдаушыға әртүрлі тәсілмен жеткізетінін айтады. Мұнда дыбысты қай жерде күшейту, қай тұста бәсеңдету, екпінді өзгерту, аздап еркіндікке бару сияқты ұсақ шешімдердің өзі маңызды. Бұл ой күй өнеріне де өте жақын. Күйдің жалпы сарыны мен құрылымы сақталғанымен, әр орындаушы оны әрқалай сөйлетеді. Бір дыбысқа салмақ береді, бір жерде асығады, бір тұста кідіріп қалады, бір иірімді өткір, екіншісін жұмсақ шығарады. Осындай айырмашылықтардан орындаушының өз қолтаңбасы көрінеді. Патрик Юслиннің жазуынша, музыкадағы мағына осындай микроскопиялық шешімдердің арасынан пайда болады.
Осы айтылғандарды Шәмілдің орындауына қатысты қарасақ, оның еркіндігі де осындай ұсақ, бірақ маңызды шешімдерден көрінеді. Ол «Ақбайды» Қалекеңдей дәлме-дәл қайталамайды дедік. Бірақ мұндағы мақсат Қалидан өзгеше көріну емес. Шәміл күйдің негізгі сарыны мен табиғатын сақтай отырып, оны өз түсінігімен сөйлетеді. Бір жерін өзге екпінмен алып, бір тұсына басқа салмақ береді, қажет кезінде еркіндік танытады. Яғни шектен аспайтын еркіндік. Шәмілдің күй тартуы осы қасиетімен бағалы.
Шәміл Әбілтай – дәстүрлі мұраны жеткізуші ғана емес, күй шығаратын автор. Домбырашылар ішінде аса танымал көптеген күйі бар. Атап айтқанда, «Қазағым», «Жігер», «Бекет ата», «Ай жарық», «Матай», «Өтеміс-Жаныс», «Өрікгүл», «Ұлытау», «Тұран» сынды күйлері қазіргі заман композиторлары күйлерінің алтын қорына енген. Біздіңше, бұл жерде әр күйдің бағдарламасын тарқатып, шығу тарихын тізудің қажеті жоқ. Өзгелер жеткізер жеріне жеткізіп айтқан, жазған. Айтпағымыз басқа, авторлық күйлердің халық күйлерімен байланысы жайында.
Жалпы, домбырашы байырғы күйді тартқанда сол бұрынғы күйшінің қалыптастырып кеткен музыкалық әлемінің ішіне кіреді. Жаңа күй шығарғанда сол әлемнің заңдылықтарын пайдаланып, жаңа ой ұсынады. Шәміл де осы тәжірибеден ауытқымайды.
Қай күйін алып қарасақ та, кеше мен ертеңгінің арасын, яғни бүгінгі күннің сарынын қалыстастырған. Бұл жерде ерекше тоқталып кететін жайт бар. Жаңа ой деп жаздық, бірақ бұл ой жаңа музыка дегенді білдірмейді. Дәстүрлі өнердегі жаңалық үнемі бұрын болмаған материал жасаудан тұрмайды. Кейде ғасырлар бойы қалыптасқан музыкалық тілді өзінің ішкі тәжірибесі арқылы жаңаша сөйлету әлдеқайда қиын. Мысалға, Шәміл Әбілтайдың «Жігер» күйі сондай.
Қазақ күй тарихында «Жігер» атауы көп кездесе бермейді. Бірақ кездескен жерде бұл сөздің салмағы жеңіл емес. Затаевич Дәулеткерейдің «Жігері» жайлы, ол энергия, таусылмайтын күш дегендей сипат береді. Ал бізше, ол – төзу. Шыдау. Іштен сынбау. Қайта тұру. Өзіңе тиесілі жолдан бас тартпау. Кейде сыртқа лапылдап шығатын қуаттан гөрі адамның ішінде ұзақ сақталатын беріктік. Сондықтан күйге «Жігер» деп ат қоюдың өзінде белгілі бір биік өлшем бар сияқты. Шәміл Әбілтайдың «Жігерін» де оқиға іздеп тыңдаудың қажеті жоқ. Оның нақты қай күні, қандай жағдайда туғанын білу шығарманың табиғатын міндетті түрде тереңдете бермейді. Өйткені бұл жерде күйдің өмірбаяндық себебінен гөрі күйдің өзі маңызды. Және бірнеше маңыздының басын біріктіре алды. Өз мектебін білу, бірақ сол мектептің көлеңкесінде қалып қоймау – ол жігер; ұстазды құр қайталамай, оның өзінше жалғастыру – ол да жігер; аудиторияның көңілін аулаудың оңай жолына түспей, тыңдаушыны өзінің музыкалық әлеміне ерте алу да жігер; жарты ғасырдан артық уақыт бойы күйге бір кәсіптің емес, өмірлік істің өлшемімен қарауды жігер емес деп кім айта алады? Және ең басты жігер деп өзінің дыбысын жоғалтпау деп білеміз. Сондықтан дыбыс деп басталып, дыбыс деп аяқталған мақаламыздың атын «Жігер» деп бір күйдің атауы ретінде ғана қабылдау аздық етеді. Ол Шәміл Әбілтайдың күйшілік философиясын түсіндіретін образға айналады.
Рүстем НҮРКЕНОВ,
күйтанушы









