Биыл бюджетке түскен базалық кірістің әрбір бесінші теңгесі бұрынғы қарыздардың өзін емес, пайыздарын төлеуге жұмсалып жатыр. Ақшаға шақсақ, 3 трлн теңгеге жуықтайды. Біле білсек, бұл – негізгі борышты бір тиынға да азайтпайтын, кезінде қарыз берген инвесторлардың игілігіне ғана жұмыс істейтін қып-қызыл шығын.
3 трлн теңгенің қаншалықты орасан қаражат екенін көзге елестету үшін оны салалық мекемелердің ресурс көлемімен салыстырайық. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің бір жылдық бюджеті – 2,7 трлн теңге. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 650 млрд, Көлік министрлігіне 850 млрд теңгеден бөлініп тұрады. Яғни тек пайыздарды өтейтін қайтарымсыз қаржы ДСМ бюджетімен бірдей, ал АШМ мен КМ-нің біріктірілген бюджетінен екі есе артық деген сөз.
Қарапайым тілмен айтқанда, 3 трлн теңгеге орташа сыйымдылығы 1 200 оқушыға арналған 600 жаңа мектеп, 100 көпбейінді аурухана салып, 3 мың шақырым төрт жолақты жол төсеуге, 120 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге болады.
Жалпы, айналасы алты-ақ жылда кредиторлардың жұтқыншағына жұтылатын осындай шығындар үш есе көбейіп, тарихи рекорд жаңартыпты. Мәселен, 2020 жылы мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығыны 1 трлн теңгені төңіректейтін. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,8 трлн-ға жеткен. 2026 жылы пайыздық төлемдер 3 трлн теңгелік межені бағындырды.
Үкімет неге мұнша борышқа батты? Өйткені Ұлттық банк инфляциямен күрес аясында базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстады. Нәтижесінде, ішкі нарықта БЗЖҚ мен банктердің сыйақы мөлшерлемесі көтеріліп кетті. Бұрын тек 6-7 пайызбен қарыз алып жүрген Қаржы министрлігі 2022-2025 жылдары 13-15 пайыздық ставкамен борыштануға мәжбүр болды. Сөйтіп, мемлекет өзіне өте қымбат ішкі міндеттемелер жинап алды. Іштен жинамай қайтсін, тура сол кезеңде сыртқы нарықта қаржылық ахуал қырық құбылып тұрған. Жаһандық инфляция жағдайында АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі мен Еуропа орталық банкі де сыйақы мөлшерлемесін күрт өсірген. Со-нымен қатар доллар бағамының шарықта-уы да пайыздық төлемдерді қатты ұлғайтып жіберді. Себебі доллармен алған қарыздың купондары да доллармен есептеледі.
Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауынша, егер қарызға қызмет көрсету шығындары таза бюджеттік табыстың 10 пайызынан көп болса, фискалдық жүйе жоғары тәуекел аймағына өтеді. Ал біз 20 пайыз көрсеткішпен осы қызыл сызықтан екі есе асып кеткенбіз. Ең қиыны, купондық төлем міндетті шығындар санатына кіреді. Экономика қандай дағдарысқа түссе де, мемлекет бұл 3 трлн-ды өтеуден бас тарта алмай, дефолт қаупіне ұшырайды. Үкімет ендігі ретте экономиканы дамыту үшін емес, баяғы қарыздардың пайызын төлеу үшін жаңа қарыздар алуға мәжбүр болатын қатерлі шекке таяп қалды.
Алайда сыртқы қарыздың бәрін мемлекет мойнындағы борыш деп жаңсақ түсінбеуіміз керек. Халықаралық әдістемеге сәйкес, жалпылама статистикада Үкіметтің, банктердің, жекеменшік компаниялардың жиынтық қарызы тегіс қамтылады. Қазақстан шетелге 182 млрд доллар, яки 91 трлн теңге берешек дегенде бұл сома үш негізгі блокқа бөлінеді.
Біріншісі – Қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің бюджет тапшылығын жабу үшін Лондон, Нью-Йорк биржаларынан шығарған облигациялары және Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Ислам даму банкі тәрізді қаржы ұйымдарынан тартқан несиелері. Тікелей мемлекеттік борыш болып саналатын бұл қарыздардың көлемі – 16 млрд доллар немесе жалпы соманың 8,8 пайызы.
Екіншісі – квазимемлекеттік құрылымдардың сыртқы қарызы. Мемлекет бақылауындағы «Самұрық-Қазына» қоры, «Бәйтерек» холдингі, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», KEGOC сияқты ұлттық компаниялар шетелдік қаржы институттарына шамамен 25 млрд доллар берешек. Жалпы сомадағы үлесі – 14 пайыз.
Ең үлкен үшінші топтағы жеке сектор мен фирмааралық борыштың көлемі – 141 млрд доллар немесе жиынтық сыртқы қарыздың 77 пайызы. Оның ішінде 90 млрд доллардан астамын, яғни жалпы берешектің жартысына жуығын фирмааралық берешек құрайды. Фирмааралық берешек дегеніміз – Chevron, ExxonMobil, Shell сынды тікелей шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы өз еншілес кәсіпорындарына берген несиелері. Мемлекет қарызының бұған қатысы жоқ.
Мамандар осы орайда шетелдіктер алдындағы қаржылық міндеттемелер қалыпты қарыз және қауіпті қарыз деп жіктейді.
Ең қауіпсіз борыш – манағы фирмааралық берешектер. Өйткені бұл қарызға республикалық бюджеттен бір тиын бөлінбейді. Алда-жалда, мәселен, «Теңізшевройл» жобасындағы шетелдік инвестор еншілес компаниясына сеніп тапсырған несиесін кері қайтара алмаса, мемлекет те, халық та оған жауап бермейді. Шығын шексе, инвестордың өзі шегеді, соттасса, жеке субъектілер өзара соттасады.
Қалыпты қарыз деп Үкіметтің мойнындағы борышты айтуға болады. Себебі тікелей мемлекеттік сыртқы қарыздың сомасы – 16 млрд доллар ғана, ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 5,7 пайыз ғана.
Экономистердің пікірінше, тәуекелі ең жоғары блок – квазимемлекеттік сектордың борышы. Неге десек, ұлттық компаниялар шетелден доллармен қарыз алады да, ішкі нарықта теңгемен есеп айырысады. Олардың көрсететін қызметі мен сататын тауарларының бағасы ұлттық валютамен белгіленеді. Теңге бағамы арзандаған сайын бұл компаниялардың қарызды өтеу шығындары еселеп өседі. Ондайда квазимемлекеттік сектор республикалық бюджетке алақан жайып, субсидия сұрайды. Иә, нарық қисыны бойынша ұлттық компаниялар дербес заңды тұлғаға жатады. Дегенмен түптеп келгенде «Самұрық-Қазына» құрамындағы ұлттық компаниялар немесе Қазақстан Даму банкі сыртқы қарызын төлей алмай қалса, мемлекет олардың банкрот болуына жол бере қоймайды. Өйткені квазимемлеттік құрылымдар дефолт жарияласа, елдің қаржылық рейтингі құлдырап, стратегиялық нысандар шетелдіктердің шеңгеліне ілігіп кетуі мүмкін. Сондықтан мемлекет ұлттық компанияларды қайтсе де құтқарып қалуға тырысады.
Айтпақшы, әлеуметтік медиада әр қазақстандық шетелге мыңдаған доллар қарыз деген рас-өтірігі аралас әңгіме айтылады. Қарабайыр арифметикаға салғанда дұрыс болғанымен, мұның артында қоғам санасына манипуляция жасау әрекеттері жасырынып жатқандай көрінеді. Иә, 182 млрд долларды 20 млн тұрғынға бөлсек, әр адамға 9 мың доллардан айналады екен. Бірақ бұл ақшаның 77-78 пайызы жекеменшік компаниялар мен шетелдік инвесторлардың өзара берешектерінен құралады. Шын мәнінде, халықтың мойнына жанама түрде түсетін тікелей мемлекеттік қарызды – 16 млрд долларды жан санына шақсақ, кісі басына 750 доллардан (360-380 мың теңге) келеді.
Қысқасы, сыртқы қарызды мақтауға да, даттауға да дәтіміз бармайды. Қарыз – тек қаржылық құрал. Егер Үкімет сырттан несие алып, оны ақшалай пайда әкелетін жобаларға жұмсаса, тиын егіп, теңге орудың амалын тапса – құба-құп. Ал бюджеттің жыртығын жамауға, баянсыз бағдарламалардың шығынын жабуға деп қарызға батса, ол елдің ертеңін кепілге қоюмен тең.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ










