«Жошы хан – Ақсақ құлан» тақырыбына арналған кездесу графика, кескіндеме, мүсін және монументалды өнер арқылы тарихи образ қалыптастырудың қыр-сырын қамтыды. Шеберлік сабағына бейнелеу өнері бағытында білім алып жүрген 100-ден астам студент, университет оқытушылары, жас суретшілер, көркемөнер колледждерінің шәкірттері мен шығармашылық қауымдастық өкілдері қатысты.
Сембіғали Смағұловтың бұл тақырыпты таңдауы кездейсоқ емес. Жошы хан – қазақ тарихындағы айрықша орны бар тарихи тұлға, ал оған байланысты «Ақсақ құлан» аңызы – халық жадында ғасырлар бойы сақталып, өнердің бірнеше түріне арқау болған рухани мұра. Аңыздың негізінде дүниеге келген күйдің де қазақтың тарихи санасында ерекше орны бар. Суретші осы оқиғаны көркемдік тұрғыдан зерделей отырып, жас буынға тарихи тұлғаның бейнесін жасаудағы ізденіс жолын, образды әртүрлі өнер тілімен ашудың тәсілдерін көрсетті. Оның айтуынша, тарихи тақырыпқа қалам тарту немесе қылқалам ұстау үшін оқиғаның мазмұнын білу жеткіліксіз. Суретші тарихи деректің астарындағы рухани мәнді сезінуі керек. Бұл ретте аңызды сол қалпында суреттеу емес, оның ішкі драматургиясын, қозғалысын, пластикалық шешімін тауып, дербес көркем образға айналдыру маңызды. «Суретшінің міндеті – аңызды сөзбе-сөз бейнелеумен шектелмей, оның пластикалық және образдық мазмұнын табу», – деп санайды профессор.
Суретші шеберлік сабағында өз шығармашылық ұстанымын түсіндіре отырып, өнердің халық дүниетанымын жаңғыртудағы міндетіне тоқталды. Оның пайымынша, суретші бар дүниені көшіріп көрсетуші емес, халықтың рухани мұрасын терең игеріп, соның негізінде жаңа көркемдік әлем қалыптастырушы тұлға болуға тиіс.
– Халқымыздың рухани әлеуеті өте зор. Сол әлеуеттің қандай жағдайда, қандай көркемдік формада әлемге қажет болатынын түсінуіміз керек. Мен бүгінгі сабақта Жошы ханның образын кескіндеме, графика, мүсін және монументалды өнер арқылы қалай ашуға болатынын көрсеткім келді. Бұл – тек бір тарихи тұлғаның бейнесін жасау емес, тұтас бір дәуірдің дүниетанымын түсінуге жасалған қадам. Біз көшпенді халықтың кеңістікті қалай меңгергеніне де назар аударуымыз керек. Мәселен, көне ою-өрнектердегі иірімдер мен бұрылыстар жай ғана сәндік элемент емес. Оның әрқайсысының өзіндік мәні, кеңістікпен байланысы бар. Оюдың ақ пен қарасын да бірін негізгі бейне, екіншісін жай фон деп қарастыруға болмайды. Екеуі де композицияның тең дәрежелі бөлшегі. Мұнда кеңістік те, қозғалыс та, олардың өзара байланысы да маңызды. Қазақтың дүниені қабылдауында осындай терең көркемдік заңдылықтар жатыр. Мен мұны «дала оптикасы» деп атаймын. Дала оптикасы – далаға сырттай қарау емес, даладан әлемге қарау. Біз қоршаған табиғатпен қандай қарым-қатынаста болдық, кеңістікті қалай түсіндік, соның бәрі ұлттық өнерімізден көрініс табады. Бүгінгі суретші осы мұраны жай қайталап қана қоймай, оны өзінің интеллектуалдық ізденісі арқылы жаңғыртуы керек, – деді Сембіғали Смағұлов.
Шеберлік сабағының барысында профессор «Жошы хан – Ақсақ құлан» тақырыбындағы монументалды туындысының нобайларын, графикалық жұмыстарын және композициялық шешімдерінің бірнеше нұсқасын таныстырды. Қатысушылар тарихи образдың алғашқы идеядан бастап тұтас көркем туындыға айналу барысын көзбен көрді. Әсіресе суретшінің бір тақырыпты әртүрлі материал мен көркемдік құрал арқылы жеткізу жолдары студенттер үшін маңызды тәжірибе болды.
Практикалық бөлімде сызық, масса, сұлба, ырғақ, қарама-қарсылық пен тепе-теңдік секілді композицияның негізгі элементтері түсіндірілді. Суретші олардың туындының мазмұны мен көрерменге әсеріне қалай ықпал ететінін нақты мысалдар арқылы көрсетті. Оның түсіндіруінше, композиция – фигуралар мен заттарды жазықтықта немесе кеңістікте орналастырудың техникалық тәсілі ғана емес, суретшінің ойлау жүйесі. Көркем туындының әсерлі шығуы жекелеген элементтердің сұлулығына ғана емес, олардың бір-бірімен байланысына, қозғалысына, ішкі ширығуына және бос кеңістікті орынды пайдалануына тәуелді.
Кездесуде графика, кескіндеме, мүсін және монументалды өнердің өзара сабақтастығы да кеңінен сөз болды. Бір тарихи оқиғаны әр өнер түрінде бейнелеу үшін суретші оның мазмұнын сақтай отырып, әрқайсысының табиғатына сай шешім табуы қажет. Мәселен, графикада сызық пен сұлба маңызды болса, мүсінде көлем мен пластика, ал монументалды өнерде туындының кеңістікпен байланысы алдыңғы орынға шығады. Суретші өзінің авторлық жұмыстары арқылы осы ерекшеліктерді салыстырып, бір идеяның әртүрлі көркемдік формада қалай түрленетінін көрсетті.
Профессор жас суретшілердің кәсіби қалыптасуы туралы да ой бөлісті. Айтуынша, көркемдік білім беру тек техникалық дағдыларды меңгертумен шектелмеуі керек. Әр студенттің жеке қабілетін ашып, дербес ойлауына, ізденуіне және өзіндік көркем тілін қалыптастыруына мүмкіндік беру керек. Сембіғали Смағұловтың өзі де осы ұстанымды шығармашылығында басшылыққа алады. Астанадағы «Қазақ елі» монументінің авторы ретінде де кеңінен танылған суретші отандық өнердің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сонымен қатар Қытай мен Солтүстік Кипрде арнайы шақыртумен шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибесін халықаралық шығармашылық ортада да бөліскен.
Бұл жолғы кездесудің маңызы белгілі суретшінің шығармашылық тәжірибесін жастарға таныстырумен ғана шектелмейді. Мұнда ұлттық тарихты өнер арқылы тану, көшпенділердің дүниетанымын заманауи көркемдік тілмен жеткізу және аға буынның кәсіби тәжірибесін кейінгі ұрпаққа аманаттау мәселелері тоғысты. Әсіресе болашақ суретшілер мен мүсіншілер үшін тарихи тақырыпқа жаңаша көзқараспен қараудың нақты үлгісі ұсынылды. Қысқасы, суретшінің шеберлік сабағы жас суретшілерге тарихи образды жаңаша пайымдаудың жолын көрсетті.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ








