Бүгін, 15 тамыз – қазақтың ұлы композиторы, «вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Тірі болғанда, биыл сазгер 96 жасқа толар еді. Қазақ музыкасына өшпес мұра қалдырған Шәмшінің жанында біраз жыл жүрген Әлімғазы Дәулетхан ұлы композитордың көпшілік біле бермейтін қырлары мен жүрегінде қалған сырларын еске алады,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әсіресе, Шәмшінің «Әке туралы жыр» жазуды армандағаны, «Сыған серенадасының» дүниеге келу тарихы және бір жол сақшысының композиторды танымай, «Шәмші баяғыда арақтан өліп қалмап па еді?» дегені – тұлғаның болмысын ашатын ерекше естеліктер:
Шәкең күйбеңдей тез-тез басып келді де, машинаның артқы есігін жұлқа ашып, киім ілгіште тұрған костюмына қол созып жатып күйгелектене:
– Үй мына сүмелек-падсандардың қорлығы өтіп кетті-ау, жеке құжаттарымды көрсетіп. Мен Шәмші Қалдаяқов деген ағаларың боламын десем:
– Өй, аға, сіз де қайдағыны айтады екенсіз, Шәмші баяғыда арақтан өліп қалмап па еді? Фамилиялас біреу шығарсыз. Жол ережесін бұзып алып, ақталу үшін өстіп қайдағыны айтатын адамдар көбейіп кетті дей ме-ау? Мен көрсетейін бұларға баяғыда өліп қалғанды, мына комсомолдың лауреаттық төсбелгісін де біреуден ұрлап алған шығармын…
Апыр-ай, мына надан балалар шынымен Шәкеңді танымай келемеждеп тұр ма, ұят болды-ау, – деп мен де машинадан шығып жүгіре басып бардым да:
– Ей, жігіттер, бұларың не, ұяттарың қайда, көздеріңе не көрініп тұр? Қазақтың ұлы композиторын танымағандарыңмен қоймай, тірідей өлтіріп тастағандарың қай сасқандарың?! Бос сөзді доғарып, ағаларыңнан кешірім сұраңдар. Сауатсыз неме болмасаңдар, қолдарыңдағы құжатқа жөндеп қарамайсыңдар ма? Бұл неткен ұятсыз сорақылық деп қатты жекірдім.
Шәкең қатты қорланғандай, ызадан кекештеніп, булыға:
– Ей… ертең генералдарыңа айтып, погондарыңды жұлғызамын, көрсетемін сендерге өліп қалған Шәмшіні… – деп айғайлады.
Құжаттарға қайта үңіле шұқшиған екі сақшы саусағы дірілдеп, дауысы да бұзыла қарлығып, жалынышты үнмен:
– Кешіріңізші, Шәмші аға, бір білместік болыпты, ұятқа қалыппыз. Жұмыстағы бір қу ауыздардың қысыр әңгімесінен сондай бір қаңқу сөздер естіп едік. Кешіре көріңіз, ағатай, – деп Шәкеңді құшақтай шалғайына оралды.
– Қап, мына иттерге дауа жоқ екен, болды, болды, кеттік Әлеке, тірімізде үйге жетіп алайық, – деп күлді.









