Автор қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов пен оның ұлы, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің өмір жолын арқау ете отырып, ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының саяси, тарихи және мәдени келбетін зерделейді. Қос тұлғаның ғұмырнамасы арқылы ұлт тарихының күрделі кезеңдері мен рухани ізденістерін сабақтастыра тарқатады.
Рухани басқосуға жиналған зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар жаңа еңбектің тарихи-танымдық құндылығына тоқталды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін ашқан филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Қансейіт Әбдезұлы еңбектің ғылыми салмағын жоғары бағалады.
Автор үш жылға жуық уақытын тарихи деректерді жинақтап, тыңғылықты зерттеу жүргізуге арнаған. Еңбектің жекелеген тараулары 2023-2026 жылдары «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыз» журналында, сондай-ақ өзге де басылымдарда жарық көрген.
– Бастапқыда Әуезов тақырыбына қалам тербеу ойымда болған жоқ. Бұл еңбектің жазылуына Ләйлә Мұхтарқызы түрткі болды. Кітап он тараудан тұрады. Олардың барлығы 2023-2026 жылдар аралығында еліміздің түрлі басылымында түгелдей жарияланған. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде де кеңінен таралып, шамамен 100 мыңға жуық оқырманның назарына ілікті. Кез келген кітаптың басты мұраты – оқырманға жету. Сондықтан бұл көпшілігіңізге таныс туынды ойлаймын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
«Сараман жолы» – бірнеше буынның тағдырын тұтас дәуірдің тарихи шындығымен сабақтастырған сүбелі еңбек. Кітаптың алғашқы тарауларында Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитованың қилы тағдыры, ХХ ғасыр басындағы Жетісудың қоғамдық-саяси ахуалы, азамат соғысының аласапыран кезеңі мен қазақ даласындағы ағартушылықтың қалыптасу тарихы баяндалады. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің шығармашылық ғұмыры, «Абай жолы» эпопеясының дүниеге келуі, жазушының қуғын-сүргін жылдарындағы тағдыры мен Мәскеудегі қызметі тарихи деректер негізінде зерделенген.
Еңбектің кейінгі тарауларында Мұрат Әуезов бастаған қазақ жастарының ұлттық сананы ояту жолындағы ізденістері, «Жас тұлпар» қозғалысының қалыптасуы, сол дәуірдегі зиялы қауымның рухани ортасы мен қоғамдық ұстанымдары көрініс табады. Бұдан бөлек, «Көшпелілер. Эстетика. Дүниені дәстүрлі қазақ өнерімен тану» жинағының жазылу тарихы мен оның идеологиялық қысымға ұшырауы да назардан тыс қалмаған.
– Кітапты басынан аяғына дейін оқып шыққан адам бұл еңбектің ХХ ғасырдың тұтас шежіресі іспетті екенін аңғарады. Туындыда өткен ғасырдың тарихи болмысын танып, қоғамдық-саяси үдерістерін тереңінен саралауға мүмкіндік беретін құнды мәліметтер мен тың тарихи деректер молынан қамтылған. Сол себепті бұл еңбекті ғылыми тұрғыдан аса маңызды зерттеу деп бағалаймын. Әсіресе тарихымызда әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін 1960-1970 жылдардағы «Жас тұлпар» жастар қозғалысына қатысты деректер назар аудартарлық. Қозғалыстың қашан және қандай тарихи жағдайда құрылғаны, оның қалыптасуы мен дамуына Әуезовтердің ықпалы, сондай-ақ осы іске атсалысқан азаматтардың қызметі Мұхтар Абрарұлының еңбегінде жақсы суреттелген, – деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов.
Тұсаукесерге қатысқан ғалымдар «Сараман жолы» еңбегінің тарихи-танымдық құндылығын айрықша атап өтті. Олардың пікірінше, кітаптың басты ерекшелігі – автордың жеке тұлғалар тағдыры негізінде қоғамдық өзгерістер мен тарихи қайшылықтарды ашып көрсетуінде. Онымен қоса, мұрағат құжаттары мен естеліктер арқылы бұрын көпшілікке беймәлім болған деректердің ұсынылуы еңбектің ғылыми маңызын арттыра түспек.
– Тұлғаның болмысын терең тану үшін, ең әуелі, ол өмір сүрген дәуірдің тарихи ахуалын түсіну қажет. Мұқаң да тарихшы ретінде осы қағиданы берік ұстанған. Автор 1918 жылдан бергі қазақ қоғамында және Мәскеуде қалыптасқан саяси жағдайды, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси өзгерістерді баяндай отырып, тарихи оқиғалардың Қазақстанға, қазақ қаламгерлері мен нақты тұлғаға әсерін терең талдап, шеберлікпен сипаттаған, – деді Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев.
Сондай-ақ таныстырылым барысында ғалымдар туындының Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің қалыптасу жолын тереңірек тануға және оның бастауында тұрған тұлғалардың тарихи рөлін бағамдауға мүмкіндік беретінін алға тартты.
– Кітапта Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров сияқты ұлтымыздың ұлы қайраткерлерінің жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қызметі жайлы қызықты дерек көп. Кітаптың аты – «Сараман жолы». Мұны «Әділеттің жолы» деп түсіндік. Демек, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ұсынған жол бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» идеясымен үндес. Кітаптың алғашқы тарауындағы оқиға менің өлкемде, тіпті туған ауылым Қапалда өтеді. Бұл – қазақтың аса көрнекті ақыны Ілияс Жансүгіровтің ауылы, бұл белгілі оқу-ағарту қайраткері Біләл Сүлеевтің және Мұхтар Әуезовтің жары, Мұрат Әуезовтің анасы – Фатима Ғабитованың туған жері. Осылардың бесеуі де кітаптың кейіпкерлері, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жұмағұлов.
Кітаптың қорытынды тараулары Мұхтар мен Мұрат Әуезовтердің Үндістан, Жапония және АҚШ-қа жасаған сапарына арналған. Автор бұл бөлімде қос тұлғаның күнделіктері мен жолсапар жазбаларын салыстыра зерттейді. Деректерді саралау нәтижесінде аталған елдердің тарихын, мәдениетін, өнері мен көрнекті қайраткерлерін танытатын құнды деректерді оқырман назарына ұсынады.
– Гарвард, Колумбия, Калифорния университеттерінің профессор, оқытушы, студенттерімен көптеген кездесу өткізген профессор Мұхтар Әуезов қазақ жастарын ғылым-білімге жетелейді. Жапонияда болған кезінде бұл елдің озық техникасы мен технологиясын игеруге үндеп, ұлттық құндылықтарын сақтаған жапондардан үлгі-өнеге алуға шақырады. Үндістан жазбалары арқылы өткен тарихқа құрметпен қарауды, олардың үлкенді сыйлауы мен биязылығынан үйрену керектігіне ерекше назар аударады. Бұл тарихи танымы ғана емес, тәрбиелік мәні де зор кітап, – деді Бақытжан Жұмағұлов.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жаңа еңбегі тарихшылар мен әдебиеттанушыларға, ғылыми ізденіс жолындағы жастарға, сондай-ақ ұлт тарихы мен рухани мұрасына тереңінен үңілгісі келетін қалың оқырманға арналған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы










