Қазақстанда 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ресми түрде бекітілді. Президент атап өткендей, баспасөз – халықтың дауысы, ал журналист – сенімді ақпарат хабаршысы.
Медиа саласының құқықтық негіздері нығайып келеді
Қазақстанда сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заңнамалық база кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. 2023 жылы «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң қабылданып, цифрлық кеңістіктегі қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктері айқындалды.
Ал 2024 жылы күшіне енген «Масс-медиа туралы» заң медиа саласын дамытуға жаңа серпін берді. Құжатта «масс-медиа» ұғымы кеңейтіліп, дәстүрлі БАҚ-пен қатар интернет-ресурстар да қамтылды. Сонымен қатар журналистердің құқығын қорғауды күшейтетін арнайы мәртебе енгізілді. БАҚ сұратуларын қарау мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылып, бұл журналистерге қажетті ақпаратты мүмкіндігінше тез алуға мүмкіндік берді.
Заманауи Қазақстандағы сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің құқықтық кепілдіктерін анықтайтын негізгі құжат – 2026 жылғы 15 наурызында бүкілхалықтық референдумда қабылданған және алдағы күндері күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Халықтық Конституциясы.
Жаңа Конституция мемлекеттілікті одан әрі дамытуда және Әділ, Қауіпсіз және Заманауи Қазақстанды құруда шешуші қадамға айналды. Ол барлық азаматтың құқығы мен бостандығын, соның ішінде сөз бостандығы мен ғылыми, техникалық және көркем шығармашылықтың кепілдіктерін айтарлықтай нығайтты. Бұл ретте, конституциялық нормалардың жаңа редакциясы сөз бостандығын іске асырудың құқықтық негіздерін нақты анықтайды: ол жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына, қоғамдық адамгершілікке немесе қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті, аумақтық тұтастықты және конституциялық құрылымның негіздерін бұзуға бағытталған үгіт-насихатқа жол бермеуі тиіс. Цензураға тыйым салынады.
Қазақстандық медиа цифрлық кезеңге қадам басты
2026 жылғы мәлімет бойынша елімізде 5 303 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 181-і мерзімді басылым, 253-і телеарна, 97-сі радиостанса болса, 1 457-сі ақпараттық агенттік пен интернет-басылымдар.
Бұл көрсеткіштер отандық медиа нарығының тұрақты дамып келе жатқанын және цифрлық платформалардың ықпалы артып отырғанын көрсетеді. Дегенмен, мемлекет пен кәсіби қауымдастықтың міндеті – осы әртүрліліктің арасында кликбейт емес, сапалы контент басым болатындай ету..
Журналистерді қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты
Соңғы жылдары журналистерді әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен БАҚ қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы үшінші жыл қатарынан жалғасып келеді. Бағдарлама аясында 2023 жылы – 65, 2024 жылы – 68, ал 2025 жылы 66 БАҚ қызметкері баспаналы болды.
Бағдарламаның ерекшелігі – оның тек журналистерге емес, түсірілім мен хабар тарату процесінің үздіксіз жүруін қамтамасыз ететін операторлар, монтаж режиссерлері және инженерлік-техникалық қызметкерлерді қоса алғанда, саланың басқа да маңызды мамандарына берілуінде.
Мемлекет басшысы тарапынан негізгі әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, кәсіби мерекеге орай жыл сайынғы марапаттар, гранттар және ҚР Президентінің алғысын табыстау кәсіби қауымдастықтың жетістіктерін дәстүрлі түрде мойындау саналады.
Медиа мамандардың кәсіби дамуына ықпал ететін негізгі салалық марапаттар қатарында «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығы мен «Үркер» ұлттық сыйлығы бар.
«Тұмар» ұлттық сыйлығы жыл сайын телевизия саласындағы үздіктерді анықтап, шығармашылық және техникалық ұжымдарды жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті отандық контент жасауға ынталандырады.
Ал баспа, радио және интернет журналистикасы саласында да «Үркер» ұлттық медиа сыйлығы беріледі.
Бұдан бөлек, Astana Media Week пен Орталық Азия медиафорумы сияқты халықаралық алаңдар тәжірибе алмасуға және саланың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй бағдарламасы және өзге де мемлекеттік қолдау шаралары масс-медиа қызметкерлерінің мәртебесін нығайтуға, мамандықтың беделін арттыруға және Қазақстанның ақпараттық ортасын сапалы дамыту үшін тұрақты жағдай жасауға бағытталған.
Жауапты журналистика – қоғамдық тұрақтылық кепілі
Ақпарат ағыны күрт көбейген қазіргі кезеңде журналистиканың ағартушылық және түсіндірушілік рөлі бұрынғыдан да маңызды. Сенімді ақпарат азаматтарға күрделі процестерді түсінуге, саналы шешім қабылдауға және жалған ақпараттың ықпалынан қорғануға көмектеседі.
Сондықтан кәсіби журналистика фактілердің дәлдігіне, тексерілген дереккөздерге және жоғары этикалық стандарттарға сүйенуі тиіс. Ақпараттық кеңістіктің тұрақтылығы мен қоғамдағы сенім деңгейі журналистердің жауапкершілігіне де тікелей байланысты.
Кемелді және жауапты журналистика, ең алдымен, фактілерді сөзсіз құрметтеуге, тексерілген дереккөздерге сүйенуге және елдің ұлттық мүддесін қорғауға негізделген. «Заң және тәртіп» қағидатының негізгі қағидаттарын бұлжытпай орындау отандық медиа қауымдастығының әрбір өкілі үшін басты кәсіби және этикалық бағдарға айналуы тиіс.
Мемлекет өз кезегінде медианың дамуына жағдай жасайды, бірақ ақпараттық ортаның тұрақтылығы журналистердің өздеріне және олардың жоғары кәсіби стандарттарды ұстануға деген дайындығына тікелей байланысты.
Түптеп келгенде, мемлекет те, журналистер де Әділ, Қауіпсіз және Заманауи Қазақстан құрудың ортақ мақсатына қол жеткізу үшін еңбек етеді.
Бүгінде қазақстандық журналистер мемлекетпен қатар ұлттық бірлікті сақтау, Қазақстанның заманауи, егеменді және әділ мемлекет ретіндегі бет-бейнесін таныту және ілгерілету үшін айрықша жауапкершілік алады.









