Осы тұрғыда Атырауда басталған «Өнер Lab» жобасы арт-терапия көмегімен ерекше балаларды дамытудың тиімді үлгісі болып отыр. Атырау облыстық балаларды оңалту орталығы базасында жүзеге асқан бастама қысқа уақыт ішінде нақты нәтижелер көрсетіп, ата-аналар мен мамандардың жоғары бағасына ие болып отыр.
Райгүл Елеубаева үш жасар ерекше қызының алғаш рет суретшілер байқауына қатысып, үздіктер қатарына енгеніне ерекше қуанды. «Қызым үшін бұл – үлкен жетістік. Біз алғаш рет бірге сахнаға шықтық. Бұл жоба қызымның мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашты», – дейді ол.
Жоба аясында бір ай ішінде 25 бала қамтылған. Бір ай бойына балалармен кәсіби суретші Әсем Жексенбекқызы мен психолог Дана Бекмұратқызы жұмыс істеген. Нәтижесінде, балалардың шығармашылық жұмыстары көрермендерді таңғалдырды.
Жобаның негізін қалаушы, арт-терапевт дәрігер Калима Ізімованың айтуынша, бастама ерекше балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға деген қажеттіліктен туған. Шынында да, халықаралық зерттеулер көрсеткендей, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шамамен 60–70%-ында белгілі бір шығармашылық немесе бейнелік ойлау қабілеті жоғары дамыған болады. Алайда дұрыс бағыт пен қолдау болмаған жағдайда бұл қабілет толық ашылмай қалады. Сол үшін де «Өнер Lab» жобасы сурет салуды негізгі бағыт ретінде таңдаған. Өйткені бейнелеу өнері – ең қолжетімді әрі әмбебап тіл. Балалар сөзбен айта алмаған сезімін бояу арқылы жеткізе алады.
«Өнер Lab» жобасында негізінен еркін сурет салу, түстер арқылы эмоцияны жеткізу, коллаж жасау, саусақпен сурет салу әдістері қолданылып отыр. Бұл әдістер – баланың ішкі әлемін ашуға бағытталған. Психологтардың айтуынша, мұндай тәсілдер баланың миындағы нейрондық байланыстарын күшейтіп, когнитивті даму процесін жылдамдатады. Кей зерттеулерде шығармашылықпен тұрақты айналысатын балалардың зейіні мен есте сақтау қабілеті 20–25%-ға жоғары болатыны көрсетілген.
Жобаға қатысқан балаларда айтарлықтай өзгерістер байқалып отыр. Яғни, балалардың өзіне деген сенімділігі артып, эмоцияларын білдіруі жақсарды. Кей балаларда қарым-қатынас дағдылары қалыптаса бастады. Тіпті, бастапқыда тұйық болған балалардың уақыт өте ашылып, терең мазмұнды жұмыстар істеуі – біз үшін үлкен жетістік болып отыр»,– дейді жобаның негізін қалаушы, арт-терапевт дәрігер К.Ізімова.
Жоба авторы Калима Ізімова алға қарай бұл тәжірибені кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты. «Яғни, көршілес Ақтау, Ақтөбе, Орал сияқты қалаларға шығып, өзіміздің оң тәжірибемізді тарату ойымызда бар. Ал қазіргі уақытта балалардың жұмыстарын халықаралық деңгейге шығару үшін байқауларға қатысу, онлайн платформаларда жариялау, көрмелер ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Алда арт-терапияға қоса, сәндік-қолданбалы өнер, цифрлық өнер, сондай-ақ көрме және шеберлік сабақтары форматтарын енгізуді жоспарлап отырмыз», – дейді жобаның негізін қалаушы Калима Ізімова.
Ата-аналардың пікірінше, мұндай жобалар баланың дамуына ғана емес, оның қоғамдағы орнын табуына ықпал етеді. Өйткені ерекше балалардың әлеуетін ашу – тек медициналық немесе педагогикалық мәселе емес, бұл – әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер мәселесі.
ЮНЕСКО мәліметінше, мүмкіндігі шектеулі балалар басқа балаларға қарағанда 2,5 есе жиі мектепке бармай қалады. Дүниежүзі бойынша шамамен 240 млн балада түрлі мүгедектік бар. Бұл деректер инклюзивті білімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Себебі ерекше балалар үшін білімнің қолжетімді болуы олардың болашағына тікелей әсер етеді.
UNICEF зерттеулеріне сәйкес, ерекше балалардың арасында мектепке мүлде бармау ықтималдығы 49%-ға жоғары. Олар әдетте оқуда, әлеуметтік ортада және эмоционалдық жағдайда жиі қиындықтарға тап болады. Яғни, білім беру мен қолдау болмаған жағдайда олардың әлеуеті толық ашылмай қалады.
Жалпы, ғалымдар да ерекше балаларды ерте жастан дамыту аса маңызды екенін айтады. ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген елдерде ерекше балалардың әлеуметтік бейімделу деңгейі 30–40%-ға дейін артады. Ал UNICEF жүргізген зерттеулер арт-терапияның балалардың эмоциялық жағдайын жақсартып, күйзеліс деңгейін төмендететінін дәлелдеген.
Өнер – ерекше балалар үшін ең тиімді коммуникация құралының бірі. Мысалы, аутизм спектрі бұзылыстары бар балалардың көпшілігі вербалды қарым-қатынаста қиындық көргенімен, визуалды өнер арқылы ойын әлдеқайда еркін жеткізе алады. Бұл құбылыс арт-терапия аясында кеңінен зерттелген.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы 10–15 жылда инклюзивті білім беру мен арт-терапия бағыттары әлемде ең қарқынды дамитын салалардың бірі болады. Себебі қоғамда әр адамның қабілетін бағалау мен дамытуға деген көзқарас өзгеріп келеді», – дейді арт-терапевт дәрігер Калима Ізімова.
Қалай десек те, ерекше балаларды дамыту – бұл тек бір топтың мәселесі емес, бүкіл қоғамның болашағына әсер ететін маңызды бағыт. «Өнер Lab» сияқты жобалар – сол болашаққа бастар нақты қадамның бірі.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы










