Татулықтың тамыры – мәдениетте

Оның дәлелі – рухани кеңістіктер. Бүгінде көпұлтты қоғамның бірлігін айқындайтын осындай орталықтардың қатарында театрлар, мәдениет үйлері, этностық өнер ұжымдары мен түрлі шығармашылық алаңдар жұмыс істеп жатыр. Мұнда әр халық өз болмысын сақтай отырып, өзге мәдениеттермен еркін араласып, бірін-бірі байыта түседі.

Өмірде де, өнерде де бір шаңырақ астында

Бүгінде Қазақстанда төрт этностық театр жұмыс істейді. Олар – ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары. Айта кетерлігі, неміс, ұйғыр және корей театр­лары 2017 жылы академиялық мәртебеге ие болған. Ұйғыр және корей театрларының тарихы 90 жылдан асса, неміс театры былтыр 45 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл теа­тр­лар Кеңес Одағы кезеңіндегі жаппай депортациялар нәтижесінде Қазақстанда пайда болған. Депортация­ланған халықтар үшін қазақ жері жаңа отанға айналып, бүгінде олардың ұрпақтары өсіп-өркендеп келеді. Сондықтан олардың мәдени болмысын өнер арқылы сақтау аса маңызды. 

Ал Өзбек драма театрының ашыл­ғанына 25 жылға жуық уақыт болды. Бірақ көрші ұлттың мәдени ошағы елі­мізде іргесін ғасыр бұрын қалаған. Қа­зақстандағы «Дустлик» өзбек этно­мәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Икрам Хашимжанов архивтік зерттеу­лерінде өзбек театрының алғашқы белгілері Шымкентте 1924 жыл­дың өзінде-ақ пайда болғанын анықтаған. «Ол кезде театр біртұтас құрылым ретінде емес, зауыттар мен фабрикалар жанындағы шағын театр студиялары түрінде жұмыс істеген. Бұл ұжымдар орыс және қазақ труппаларымен қатар, жұмысшылардың ауыр еңбек күнінен кейінгі бос уақытын мазмұнды өткізу үшін құрылған. Уақыт өте келе бұл студиялар бірігіп, облыс аумағындағы колхоздар мен совхоздарға гастрольдік сапармен шығуға қабілетті болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген әртістер Қызыл Армия қатарына шақырылып, олардың бірқатары ғана майданнан оралды. Сиреген ұжым кейін Қызылордаға көшірілді. Ал Шымкент тұрғындары үшін бұл алыс болғандықтан, театр іс жүзінде өз жұмысын тоқтатты» делінген зерттеушінің еңбегінде.

Түрлі халық өкілдеріне есігі әрқашан айқара ашық болатын театрдың бірі – республикалық академиялық неміс драма театры. Театр ұжымы миссиясын Қазақстандағы неміс рухани мәдениетінің орталығы болу деп түсінеді. Бұл – неміс тілін, әдебиетін және мәдени дәстүрлерін сақтау әрі насихаттау, сондай-ақ «Возрождение» мәдени орталықтарымен өзара ықпалдастық орнатуды мақсат етеді. Театр өз жобалары арқылы елдегі неміс қауымдастығының мәдени жадын сақтауға және дамытуға ықпал етеді. Республикалық академиялық неміс драма театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі Наташа Дубс театрдың негізгі бағытының бірі – қазақстандық драма­тургияны дамыту екенін айтты. Театр жас авторлармен белсенді жұмыс істеп, Алматыдағы «ОЛША» ашық әдебиет мектебімен ынтымақтастық орнатады және сахнасында қазіргі қазақстандық драматургтердің пьесалары бойынша қойылымдар ұсынады. Бұдан бөлек, Неміс театры қазақстандық көрерменді заманауи еуропалық театрмен таныстыруды мақсат етеді. Бұл бағытта Германия да жетекші рөл атқаратын елдің бірі. Театр сондай-ақ өзін әріптестікке ашық кеңістік ретінде танытып, музей­лермен, ақын­дармен, суретшілермен, музы­кант­тармен және заманауи өнердің түрлі бағыттағы өкілдерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырады.

– Қазақстандағы қазіргі Неміс теа­трының тарихы – көпұлтты ортада өмір сүретін, үнемі дамып отыратын тірі ор­ганизмнің тарихы. Бүгінгі театр ұжымы көптілді әрі көпұлтты және бұл ішкі көп­қырлылық спектакльдердің көркем тіліне, тақырыптық мазмұнына және энергетика­сына тікелей әсер етеді. Театр Қазақ­станда өмір сүретін халықтардың мәдени кодтарын табиғи түрде бойына сіңіреді, ең алдымен – қазақ мәдениетін. Бұл әрі тақырыптар мен сюжеттерде, әрі сахналық тілде көрініс та­ба­ды. Репертуарда тек неміс мәдени дәстүріне ғана емес, жергілікті контекстпен диалогқа негіздел­ген қойылымдар да бар. Олардың қатарында Гузель Яхинаның «Дети мои» романы бойынша «Волгакиндер», қазақ­стандық жазушы әрі публицист Герольд Бельгердің шығармалары негізіндегі «Ма­лень­кий король», Әннәс Бағдаттың пьесасы бойынша «Рух. На земле» спек­такль-лек­циясы және Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Қарагөз» шығармасы бар, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Наташа Дубс.

Осылайша, еуропалық театр формасын сақтауға ұмтылғанымен, Қазақстандағы Неміс театры бүгінде мәдени синтез кең­іс­тігіне айналған. Мұнда неміс, қазақ және орыс дәстүрлері бір-біріне қарсы қойылмай, керісінше өзара байытып, бірегей көркем тіл қалыптастырады.

Бір ғасырлық тарихы бар Ұйғыр музыкалық комедия театрының реп­ертуарында қазақ, өзбек, татар, қырғыз, әзербайжан қаламгерлерінің шығарма­ларынан бастап, Уильям Шекспир, Жан-­Батист Мольер, Лопе де Вега, Карло Гольдони, Николай Гоголь, Шыңғыс Айтматов секілді әлемдік классиктердің туындыларына дейінгі қойылымдар бар. Театр ұжымы Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде танытуда да бел­сенді. Театр әртүрлі фестивальдер мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, ел өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.

Сондай-ақ елімізде 9 орыс драма театры бар. Олар Астана, Көкше­тау, Тараз, Орал, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл және Шымкент қалаларында орналасқан. Қысқасы, Қазақстандағы этностық театрлар – тек мәдени мұраны сақтаушы ғана емес, шығармашылық ізденістер алаңы. Олар көрерменге жаңа қойылымдар ұсынып, елдегі мәдени әртүрлілікті сақтауға үлес қосып келеді.

Бірлікке үндеген үнпарақ

Қазақстанда жарыққа шығатын шетелдік 13 басылым бар. Vatan халықара­лық әзербайжан газеті, «Коре Ильбо» республикалық кәріс газеті, «Жийина курд» республикалық күрд газеті, AHISKA Түрік этномәдени орталығының газеті «Сайрам садоси» мен «Жанубий Қозо­ғистон» өзбек газеттері сияқты тағы басқа басылымдар бір шаңырақ астында ұйып отырған халықтардың достығы туралы түрлі мақалалар жариялап, оларды ынты­мыққа, бірлікке шақыруда елеулі үлес қосып келеді. Осындай медиа объектінің бірі – «Уйғур авази» республикалық қоғамдық-саяси газеті 1957 жылдан бастап Алматы қаласында шыға бастады. Газеттің бас редакторы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшесі Ершат Асматовтың айтуынша, басылым әрқашанда Қазақстан халқының бірлігі мен достығының нығаюына өз үлесін қосып келеді. Басылым бетінде қазақ халқынан бастап, елде өмір сүретін барлық этнос өкілінің әдет-ғұрпы, дәстүрі мен ұлттық құндылықтары туралы материалдар тұрақты беріледі. Ұйғыр халқы өкілдерінің басқа этностар арасындағы дос-құрбылары, әріптестері, тамыр-туыстарымен достық байланыстары, құдалық қатынастары туралы күнделікті өмірден алынған мысалдар арқылы жаз­ыл­ған мақалалар да редакция ұжымының назарынан тыс қалмайды. 

– Бүгінгі күнде жалпыұлттық бірлікті және қазақстандық патриотизмді наси­хаттауда масс-медианың маңызы зор екендігі бәрімізге белгілі. Бұл тұрғыдан «Уйғур авази» басылымы өзіне жүктелген міндетті жемісті атқарып келеді деп сенімді түрде айта аламын. Мемлекеттік саясатты, стратегиялық бағдарламаларды, Президент тапсырмаларын насихаттау және оларды жүзеге асыру жолындағы іс-қимылдарды жариялау, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халық­тың өзекті проблемалары және оларды шешу жолдары, әртүрлі саланың тыныс-тіршілігі туралы жазу газеттің негізгі жұмысы болып есептеледі. Қазақстандай көпұлтты мемлекетке татулық пен бірлік ауадай қажет. Газет мазмұны жағынан заман талабына сай күрт өзгерді. Қазақ халқы мен түрлі этностардың танымал тұлғаларымен сұхбаттар, әдеби шығармаларының аудармалары, әдет-ғұрып және салт-дәстүрлері туралы, қазақстандық пат­риотизм, мемлекеттік тіл рұхындағы  мақалалар жарияланады, – деді Е.Асматов. 

«Ahıska–Ахыска» газеті – Қазақстандағы Түрік этномәдени орталығының халық­аралық басылымы және Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жарық көреді. Басылым 2000 жылдан бері түрік, қазақ және орыс тілдерінде шығады. Бүгінде елімізде оқырман қолына тиетін «Ahıska–Ахыска» газеті Қазақстанның барлық өңірлеріне ғана емес, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Украина, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан және Грузия елдеріне де таралады. Газетті қоғамның әртүрлі өкілдері оқиды. «Мемлекеттік және түрік тілдері сабақтары», «Қазақстан жаңалықтары», «Түркия жаңалықтары», «спорт», «тарих» сынды тұрақты айдар­ларынан бөлек, бірқатар негізгі бағыты бар: ұлтаралық келісім мен достықты ны­ғайтуға бағытталған материалдар; Түрік этномәдени орталығының жұмысы; Қазақстан–Түркия арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту; диаспора өкілдері туралы материалдар жиі жарияланып отырады. Мәселен, соңғы нөмірінде түрік ұлты оқушылары арасында қазақ тілінен облыстық олимпиада өткені туралы жазылып: «Жастар арасында қазақ тілін насихаттау – еліміздің болашағына қосылған үлес. Біз түрік ұлтының балалары мемлекеттік тілді белсенді меңгеріп, жоғары нәтижелер көрсетіп жүргенін мақтан тұтамыз» деген ұйымдастыру­шылардың сөзі басылды. Бұл – халықтар арасындағы өзара түсіністік пен жақын­дасуды айқындайды. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылған өзге этнос жас­тарының белсенділігін байқауға болады. Қысқасы, осы айтылғанның барлығы Қазақстандағы халықтар дос­тығының нақты мазмұнға ие екенін көрсетеді. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ