«AMANAT»: Тұрғындардың тұрмысын жақсарту – ортақ жауапкершілік

Депутаттың сайлау округінде 30 мыңға жуық азамат тұрады. Былтыр ол сайлаушыларымен 15-тен астам кездесу өткізіп, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді өз бақылауына алды. Кездесулер барысында аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, автотұрақтар салу, балалар ойын алаңдарын орнату, аулаішілік жолдарды жөндеу, қоқыс жәшіктерін ретке келтіру және подъезге кіреберіс жолдарды қалпына келтіру сынды мәселелер жиі айтылуда.

Депутат Абай Сақтағанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат депутаттарына жүктеген міндеттеріне тоқталып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайту – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында мәслихат депутаттары тұрғындардың мәселелерін шешуге ықпал етуі қажет екенін атап өтті. Бүгінде мәслихаттардың өкілеттігі кеңейіп, аймақтардың қаржылық дербестігі артып келеді. Біз өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, өңір дамуына, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға және көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге күш саламыз», – деді Абай Сақтағанов.

Былтыр депутат тұрғындардың өтініші негізінде жергілікті басқармалар мен бөлім басшыларына 44 хат жолдап, бірқатар мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Соның нәтижесінде Әбілқайыр хан даңғылы, 60/1 мекенжайындағы аулада ойын және воркаут алаңының құрылысы жанданып, ағайынды Жұбановтар көшесіндегі істен шыққан жарық шамдары қалпына келтірілді. Бұл жұмыс тұрғындардың тұрмысына оң әсер етті.

Сайлау округінің тұрғыны Айжан Бірімжанова округ депутаты Абай Сақтағановтың тұрғындармен тығыз байланыс орнатқанын және түскен өтініш-тілектерге жедел әрекет ететінін атап өтті.

«Округ депутаты Абай Сақтағановпен үнемі байланыс орнатып отырамыз. Қандай да бір мәселе туындаса, бірден келіп, қолдау көрсетеді. Ауладағы жарық шамы істен шыққан кезде келесі күні-ақ қалпына келтірілді. Сонымен қатар көктемгі абаттандыру жұмысына, көшет отырғызу мен сенбіліктерге үнемі қолдау білдіріп келеді», – деді ол.

Абай Сақтағанов «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыруға аянбай атсалысуда. Ол «Мұнайхим ЛТД» ЖШС-ның мұнайхимиялық реагенттер өндіру зауыты мен «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-ның мобильді бұрғылау қондырғыларын шығаратын өндіріс орны құрылысына инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу ісіне көп күш салды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы полиция басқармасының арнайы қабылдау орны құрылысына мониторинг жүргізіп отыр.

Айта кетейік, былтыр Ақтөбе облысында партияның Жол картасына енгізілген 115 іс-шараның 107-сі, яғни 93 пайызы ойдағыдай орындалды. Мәселен, денсаулық сақтау саласында 11 нысанның құрылысы аяқталып, 4 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар білім беру саласында 17 нысан пайдалануға берілсе, мәдениет саласында 6 нысан күрделі жөндеуден өтті.