Абай тұрған үйді музейге айналдыруда ол құрылыстың үйлестірушісі болған, кейін өлкетану музейлерін ашқан. Жидебай. Абай музейі. Топырағында ақынның ізі сіңген, табы қалған мекен. Музейдің осы қалыпқа қалай келтірілгені бір хикая.
АБАЙ ТОЙЫНЫҢ КЕШЕУІЛДЕУІ
Шыңғыстауда Абай өмірінің соңында мекендеген үй кеңес тұсында кітапхана болды, «қызыл отау» кеңсесіне пайдаланды, қора, қоймаға айналды. Соның бәрінде осынау мағыналы тоқал тамның көрмегені жоқ десе болады. Мемориалдық мәнге ие қара шаңырақ 1971 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойын атап өткен кезде жинақталып, қазір ел көріп жүрген қалыпқа түсірілді.
Алпысыншы жылдардың аяғы, жетпісінші жылдардың басы сол кездегі Семей облысындағы Абай, Шұбартау аудандарына ауыр тиді. 50 градусқа дейін қысқан аяз мал шаруашылығын ойсыратып кетті.
Абай елінің ақсақалы, кезінде Абай, Ақсуат және Жаңасемей аудандарында қызмет атқарған, жергілікті халық театрлары мен халық аспаптары өнер ұжымдарын қалыптастырған, осы аудандарда музей ұйымдастырумен танылған, шежіреші, этнограф Молдабек Жанболатов ақынның 125 жылдық тойы өз мезгілі, 1970 жылы емес, бір жыл кейіндеп 1971 жылы аталып өткенін осымен байланыстырады. Бұл кезде ол Абай аудандық мәдениет бөлімін басқаратын еді.
Мына жайт назар аудартатын. 1970 жылы кеңес көсемі Лениннің 100 жылдығы өзге шараларға дес бермей тұрғаны да жасырын емес еді. Сол жылғы ауқымды мерекелік шаралардың дені Ленинге арналды. Абай тойының кешеуілдеуінің осындай да сыры бар.
Молдаш, Молдабек Жанболатов ақсақал бүгінде қадірлі жас – тоқсанның шыңына көтеріліп отыр.
АБАЙ ҮЙІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ
Молдаш аға Абайдың 125 жылдығы туралы сөз әуелде 1967 жылы жазушы Мұхтар Әуезовтің 70 жылдығы кезінде қозғалғанын айтады. «Мұхтар тойы Абай тойының репетициясы болды», – дейді ол.
Қалай өткізу, не ұйымдастырудың сыртында ең бір салмақты шаруа – Абайдың Жидебайдағы музейін қалпына келтіру болған. Облыстан келген комиссия Абай музейін қалпына келтіру барысындағы құрылыс жұмысына Молдаш Жанболатовты «технадзор» – техникалық бақылаушы етіп бекітеді. Өз мамандығы – мұғалім, саласы бұл шаруадан алыстау Молдаш аға «технадзордың» әуелде не екенін білмегенін, комиссия кеткен соң құрылысшылардан сұрай отырып, алғаш мәлімет алғанын айтады.
Абай тұрған шаңырақтың іргетасының сыртында бөлмелері, бұрынғы терезе, есік тұстары анықталып, тошала, қораның орнына дейін екшелді. 1970 жылы сәуір-қазан арасында жүргізілген жұмыстың нәтижесінде дәстүрлі жобасын сақтай отырып, талапқа сай музей жасақталып шыға келеді.
Молдаш аға Жидебайдағы музейді қалпына келтірерде әртүрлі, соның ішінде ұшқары ұсыныстар болғанын да айтады. Бірнеше қабаттық биік ғимарат салуды ұсынғандар да болған. Абай тұрған қораны (Шыңғыстауды үй-жайды қора деп атау қалыптасқан) бұзбай, оны әйнекпен қоршап, витрина астында сақтау туралы да айтылған. Соңында облыс басшылығы көп оқиғаны өткерген қораның орнына Абай кезіндегі жобаны сақтап жаңа ғимарат салу керек дегенге тоқталады.
Молдаш ағаның айтуынша, бұл мекенді Абай тұрған кездегі қалпына келтіруде Абайдың аңшысы болған, құсын баптаған саятшы Бәшейдің ұлы Мұхтар ақсақалдың көмегі көп болған.
Мұхтардың әкесі Бәшей – Мұхтар Әуезовпен замандас. Ол Абай және оның төңірегіндегі адамдар жайлы деректерді жеткізуші де.
Музей мәселесі көтеріліп, Мұхтар ақсақалмен алғаш кездесуге барғанын Молдаш Жанболатов былай баяндайды.
– Сол кезде ол кісі сырқаттанып, төсек тартып жатыр екен. Оны мен білмегем. Сырқат адамға түс ауа келмейтін салт бар, бірақ келіп қалған соң кете алмай іркілдім, – деп еске алады Молдабек аға.
Жөнін айтқан соң Мұхтар ақсақал көңілденіп, балаларын дауыстап шығарып, жастығын көтерткізіп, мұқият тыңдайды. Тыңдап болып, шамасы келгенше, Абай тұрған үйдің жобасын әңгімелейді. Қай кезде қандай бөлігі өзгерген, қайсысы орнында, қайсысы қолды болды – соның бәрін тәптіштеп түсіндіріп берем дегенше Мұхтар ақсақал шаршаңқырап қалды деп еске алады Молдаш аға. Соңынан ақсақал ертең келуін өтініп, Молдаш аға ертесінде тағы да барып, ақсақалдың айтқандарын қағазға түсіріп алады. Өлшемдерін, бөлмелердің орналасқан шамасын, пештер мен қақпа, есік, терезелердің орнын – бәрін сұрап, кейін құрылыс барысында айтылғандай кейіпке түсіреді. Бұл жағынан келгенде Молдабек Жанболатов «технадзор» ғана емес, жобалаушыға да айналып кеткен сияқты.
Кейін музейдің ішін жасақтап, жәдігерлерді Абай кезіндегі орнын-орнына қойғызып, бүгінгі біз көріп жүрген халге келтіруді де ұйымдастырған – Молдаш аға. Абайдың көзін көрген, сол үйдің қызметшісі болған, 100 жасты алқымдап қалған Мақым (Мақып) ападан сұрастыра отырып Молдаш Жанболатов осы қызметті де ойдағыдай атқарып шығады.
Молдаш аға арнайы жолығып жүрген Бәшейдің Мұхтары мен Мақым апа Абайды көрген ұрпақтың соңғысы болатын.
Жидебайдағы музейде бертінге дейін Мақым апаның да суреті ілулі тұратын. Соңғы жылдары ол да көрінбейді. Сурет дегеннен шығады, жазушы Мұхтар Мағауин алғашқы абайтанушы ретінде музейге Әлихан Бөкейхановтың да суретін ілуді ұсынғанымен, әзірге ешкім ескермеген.
Болмысынан біртоға, асықпайтын, саспайтын, өзі туралы мақтанды ұнатпайтын, асып сөйлеуден алыс Молдаш ағаның Абайдың 125 жылдығында атқарған еңбегі бір бұл емес. 125 жылдықты тойлау үшін алғаш рет Қарауыл төбенің таңдап алынуы – тікелей Молдабек Жанболатовтың ұсынысы. Табиғи амфитеатр сияқты, жазықтағы мерекені биіктен тамашалайтын бұдан артық мекенді табу да мүмкін емес еді. Сол кезде Қарауыл төбе бөктеріне киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар қойылады. Содан бері Шыңғыстаудағы аудан көлемінен басталатын айтулы тойлар Қарауыл төбе бөктерінде өткізіліп келеді. Ал алғаш рет 300 адамдық хормен Абай әндерін шырқаудың да басында Молдабек Жанболатов тұр. Абай әндерін жүздеген, кейін мыңдаған адамдық хормен айту да содан бері үйреншікті дәстүрге айналды. 2025 жылы ақынның 180 жылдық тойында мұндай хордағы дауыс саны 5 мыңға дейін жеткен.
«АБАЙДЫҢ АҚ ОРДАСЫ» ҚАЙДА?
Абайдың 125 жылдық тойында сол кездегі ауданға қарасты шаруашылықтардың басын қосып, киіз үй қалашығын ұйымдастырған да осы кісі. Бұл қалашықтың тек тойға келген қонақтардың мекенжайы ғана емес, этнографиялық көрме мәніне ие болуы ескерілген.
– Әр үй қазақтың тұрмысы мен мәдениетін көрсететін шағын мұражай тәрізді болды. Біз үш күн, үш түн бойы сол 1 356 үйдің барлығын аралап, әр үйдің көрмелік мазмұны мен этнографиялық нақтылығына баға бердік. Бұл істі ұйымдастыру менің бастамам болды да мені комиссия басшысы етті, – деген Молдаш аға киіз үй кеңістігі мен жиһаздарының орналасуына баса мән бергенін айтады.
Ал ақынның 125 жылдығына арнайы тігіліп, арнайы әзірленген «Абай үйі», «Абайдың ақордасы» аталған сегіз қанат үйді жасақтаудың ұсақ-түйегіне дейін сызып, жобалап берген Молдаш Жанболатовтың өзі болатын. Айтуынша, мылтықтың ұңғысын да түзейтін Айтқали есімді шеберді іздеп барып жолығады. Шебер әуелде өзінің тек алты қанат үйді ғана жасай алатынын айтады, ұсыныстан бас тартады. Оған қоймаған Молдаш аға киіз үйдің сызбасын, өлшемін бәрін өзі қағазға түсіріп, сегіз қанаттық киіз үйдің жобасын жасап Айтқалиға ұсынады.
– Айтқали Бұғылы тауының етегіндегі бір бұлақтың басына үй тігіп жатып, сегіз қанаттық «Абай үйін» жасақтауға кіріседі. Сол маңдағы жайлауды бақташылар мен қойшылар мекен ететін. Сиыр өз аяғымен жайылатын мал болған соң күн ұзақ сиыршылар жасалып жатқан киіз үй жұмысына қолғабыс етті. Ал күнде таңертең қой өргенде Айтқали сол қойшылардан малдың құмалағын теріп әкеліп, ортаға үйіп от жағады. Шоқтанған кезде киіз үйдің уық, шаңырақ, кереге тәрізді сүйектерінің бөлшегін жаңағы шоққа салғанда, ағаш балқып шыға келеді. Соны қатты күйдірмей, дер кезінде суырып алып, керекті өлшемге салып, иетін болған. Алты ай дегенде «Абай үйі» де сыңғырлап дайын болды, – деген Молдаш аға сол күндерді елжіреп еске алады. Күндіз Абай тойына арналған түрлі нөмірлердің репетициясынан босамайтын маман кештете Бұғылыға барып, таңмен таласа қайтып келетін күндері жайлы айтады.
«Абай ордасының» сүйегін жасаудың сыртында оның киізін басу, іші-сыртын дәстүрге сай безендіру де бір жосын еңбек.
– Біз сол кезде естияр баламыз. Ағамыз ауыл-ауылдағы апаларды жинап алып, өзен жағасында киіз бастыратын. Оны тазалап сабауы бар, иін қандырып басуы бар, киізді аяқпен таптап басып өзімізше қолғабыс ететінбіз, – дейді Молдаш ағаның інісі, белгілі журналист Серік Жанболатов. Ал Молдаш аға киіз үйді безендіруде өз анасы Райхан апаның да көп септігі тигенін айтады. Бүгінде 90 жасты толтырып отырған ел ағасы сол кезде тапсырылған жұмысқа ешкімнің ренжімей келіскенін айтып, әлі күнге оларға алғысты екенін ықыласымен білдірді.
Кезінде Абай аудандық «Совхоз туы» (кейіннен «Абай елі») газетінің фототілшісі болған, бүгінде марқұм Сабыржан Құсайыновтың коллекциясынан «Абай үйінің» суретін кездестіріп қалғаным бар. Абайдың Жидебайдағы музейінің ауласына тігілген, үзігі қошқар мүйіз өрнекпен байыпты көмкерілген, шаңырақ бөлігі көтеріңкі үй – идеясын осы Молдабек аға Жанболатов ұсынған, сүйегі Айтқали шебердің қолынан шыққан, киізі мен бауларын Абай елінің әжелері мен апалары дәстүрлі түрде басып, тоқыған этнографиялық құны қымбат бұйым екен. Содан беріде 55 жылдан аса уақыт өтті, осы киіз үйдің өзі қазір жәдігерге айналатын заман болыпты. Абай заманын көз алдына әкелетін «Абай үйі» музейдің құрамдас бір бөлшегі сияқты көрінетін. Өкініштісі, сол үй бүгінде жоқ… Бар болса да, көп көзінен таса, терең қойма, керең қоралардың бірінде жатса керек.
ЖОҒАЛҒАН МУЗЕЙ
Алғаш Молдабек Жанболатов қозғау салған, ұйымдастырып, аяқтан тұрғызған, бірақ кейін өзі басқа ауданға ауысқанда көзден балбұл ұшып, бүгінге жетпеген жоқ дүниенің бірі – Қарауылдағы алғашқы өлкетану музейі. Қазір осы өлкетану музейі аталмайды да.
Бұл музей алпысыншы жылдардың ортасында ашылған екен. Оның идеясы да қызық.
– Көркемөнерпаздар ансамблін жасақтау кезінде оларды безендіруге ескілікті бұйымдар жинаттық. Солардың ішінде құнды дүниелер де шықты. Құнанбай тұтынған заттар, Мотыш бабаның шапаны, батырдың сауыты тәрізді дүниелер кезікті. Білезік, шашбау, белдіктің сан түрі бар. Соңынан соның бәрін бөлек жинақтап, өлкетану музейін ашуды ұйғардық, – деген Молдабек Жанболатов Абай ауданы өнерпаздарының алпысыншы жылдарғы жетістігін де еске алды. Бұл оны музей ашуға жетелеген екен.
1966 жылы Қарауылдағы Абай халық театры Мәскеуде бүкілодақтық байқаудың лауреаты болған. Театр 1967 жылы Чехославакияда өткен дүниежүзілік халық шығармашылығы байқауына да қатысып, онда тағы лауреат атанған. Соның бәрінде тарихи қойылымдар, этно-концерт үшін ескілікті бұйымдар жиналған. Сахнаны безендіру, декорация үшін бұл мұралардың орны ерекше. Байқаулардан кейін, концерттерден соң елге келгенде сол бұйымдар жәдігер ретінде аудандық өлкетану музейіне жол тартқан.
– Алғашында аудандық мәдениет үйінің бір бөлмесін музейге арнап едік, жиғанымыз оған сыймай қалды. Кейін балалар кітапханасына апарғанда тағы сыймады. Содан соң аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің алдына арнайы музей үшін орын беру туралы мәселе қойдым. Абай аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Кәрім Нұрбаев пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Рымхан Ғабдуллин елге баспана жетіспей тұрғанына қарамастан, музейге арнап алты бөлмелі үй салып берді. Музейді бір адамдық штатпен Семейдегі облыстық өлкетану музейінің аудандық филиалы ретінде тіркеттік. Жиналған жәдігерлердің де жеке-жеке паспорттарын жасата бастап едік, – дейді Молдаш аға.
Мұражайдағы бөлімдердің бірі «Абай әлемі» аталған. Этнографияға да жеке бөлім арналған.
– Өте құнды заттар жиналды. Мысалы, аудандық пошта байланыс мекемесінің бастығы Сайын Ағзам бабаларының торсауытын тапсырды. Сол сауыттар бейіттің түбінде көмулі жатқан екен. Саржал ауылынан ұста Боранбай деген ақсақал колхоздастыру кезінде қолданылған бір тісті соқаны қайтадан қолдан соғып берді. Бақанас ауылындағы Қабыш Керімқұлов егін жинауда пайдаланылған шаңтас құралын әкелді. Сондай-ақ арба, шана үлгілері де жиналды. Соқаның түрлері, ат әбзелдері, ер-тұрманнан бастап колхоздастыру кезінде ел ішінде «қазықаяқ» аталған темір табанды дөңгелекті трактордың қалдығына дейін жинап алдық, – деп еске алады ақсақал. Ол кісі осыны айтқанда кейін осы музейдің де жабылып қалғаны есіне түсіп, ішінен қан жылап тұрған шығар, кім білсін?!
Шежіреші ақсақал осы музейдегі құнды жәдігердің бірі Мотыш бабаның шапаны дейді. Шапан музейге жырымдалған күйде жетсе керек. Молдаш аға оның себебін әйелдер босанғанда не ауруды ұшықтауға ырым ретінде елдің жыртып алғаны деп түсіндірді.
Алайда үлкен өкініш – музейдегі соншама мұраның қазір қайда екені белгісіз. Сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ. Серік Жанболат: «Музейдегі жәдігердің көптігі соншалық, ғимаратта аяқ алып жүретін алаң аз болатын», – дейді. Алты бөлме толы сықиған жәдігер, әрқайсысының өз шежіре, тарихы бар. Молдаш аға сөз арасында жәдігер ретінде қойылып үлгермеген, қоймада қалған қылыш-найзалар жайында да айтып қалған. Сол мұра мүлік-бұйымдар қазір қайда екен? Сұрастырғанда, тұщымды жауап ала алмадық.
ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ҚОСЫЛҒАН ТАҒЫ БІР МУЗЕЙ
1972 жылы Молдабек Жанболатов Абай ауданындағы қызметінен сол кездегі Алматыдағы жоғарғы партия мектебіне оқуға кетеді. Кейін Ақсуат ауданында ұзақ жыл мәдениет саласында қызмет атқарып, соңынан Жаңасемей ауданына ауысады. Ол кісі Ақсуатта да тарихи-өлкетану музейінің ашылуына мұрындық болған.
– Алматыға партия мектебіне оқуға барғаныммен, курстарына қатыспадым, – деп жымия еске алады ол. – Алматыдағы музейлерді аралаймын. Тіпті Қырғызстанға барып музейлерді аралаған күндерім болды. Соның бәрінде музейлердің тарихы, жасақталуы, жәдігерлердің тарихы қызықтыратын. Соларды аралап көп мәлімет алдым.
Жоғарғы партия мектебінен кейін ол Семей облысындағы Ақсуат ауданына бөлім меңгерушісі қызметіне жіберіледі. Кейін үшінші хатшылыққа дейін өседі.
Молдабек Жанболатов ашылуына мұрындық болған Ақсуаттағы тарихи-өлкетану музейі елдегі маңдайалды мұражайлардың бірі ретінде аталады. Ұйымдастырушылар сол музейді ашып, алғашқы қызметкері болған Қонысбек Ақжасарды кейін Қырғызстанға, сосын Барнаулға іссапарға жіберіп, музей ісін тыңғылықты деңгейге жеткізген.
Молдабек Жанболатовтың мүзей ісін ұйымдастыру, жәдігерді тануы, жинауы, әдіс-тәсілдері, тәжірибесі – жеке үлгі. Әрине, ол кісі осы бағытта еңбектенгенде жалғыз болған жоқ, қолдаушылары, идеялас әріптестерімен бірге атқарды. Абай, Ақсуат, кейін Жаңасемей аудандарында бірнеше халықтық ансамбльдің дүниеге келуіне ұйытқы болған, барын дамытып, жетілдірген, соған бір адамдай үлес қосқан тағы да Молдабек Жанболатов болатын.
Ол кісінің Ақсуат кезеңіндегі қызметін талқылағанда журналист әріптестердің бірі: «Ел ол кісіні өте қатты сыйлайтын, кезінде Өзбекәлі Жәнібеков қалай мәдениетті көтерсе, жергілікті жерде, басқа жерді білмеймін, Ақсуат көлемінде дәл сондай еңбек сіңірген нағыз зиялы адам Молдаш ағамыз», – деген болатын.
Ел ағасының Ақсуат кезеңіндегі қызметі жайлы бір кезде өзінің әріптесі болған Бақыт Қажыбайқызынан сұрадым. Бақыт апайдың айтуынша, ол ауданның әлеуметтік, экономикалық саласы болсын, мәдениет, идеология саласы болсын, бәріне жан аямай ат салысып, алыстағы ауданның өрлеуіне өзіндік үлес қосқан. Бақыт Қажыбайқызы Молдаш ағаның адамгершілігі жайлы да айтып, әулетімен үлгі болғанын айтады.
– 10 жылдан аса бірге жұмыс істедік. Осы аралықта ол кісі халықтың құрметіне бөленіп үлгерді. Көркемөнерпаздар байқауына апарған өнер ұжымдары үнемі жүлдемен оралатын. Өзі үй-үйді аралап, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға қарасатын. Жетім балаларға қамқор болатын. Тиісті шараларға активтерді жұмылдыра білетін. Ал бала бақша ғимаратын музейге лайықтап, жөндетіп, жылу жүйесіне дейін реттеп бергені бар. Музейде алғаш қызмет атқарған жақсы азамат Қонысбек Ақжасардың қызы Құралай қазір осы тарихи-өлкетану музейін басқарып отыр, – деп еске алады Бақыт Қажыбайқызы.
– Ол кісінің жары Сәлима Құмарқызы жақсы дәрігер болды. Әулетімен аянбай қызмет атқарған адамдар. Балалары да тәрбиелі болды, – деген Бақыт Қажыбайқызы аталған музейде Молдабек Жанболатовқа да мүйіс арналғанын айтады.
Молдаш аға Ақсуаттағы музейге жәдігер жинаудың бір ерекшелігіне де тоқталды. Айтуынша, сол кезде арғы беттен, Қытайдан келген қандастар осы музей мұрағатын толықтыруға айтарлықтай үлес қосқан екен.
– Олардың көңілін тауып, ескі бұйым үйде тұрғанша, музейде тұрсын дегенге көндірдік. Яғни жәдігерлердің өз иесі болды. Бірақ ел көрсін деген ниетпен музейге алдырдық. Осы жерден өздеріңіз де көріп тұрасыздар, ел тамашалауға да ыңғайлы дедік. Сол бұйымдардың ішінде айрықша құндылары болды. Оны Алматыдан, орталықтан келгендер алып кетуге өтініш жасағанда оған әуелде келіспедік. Иесімен сөйлескен жөн болатынын айттық. Солардың арасында иесімен көп ақшаға келісіп, біздің музейдегі жәдігерлерді Алматыдағы музейге алып кеткендер де болды, – дейді Молдабек Жанболатов.
Бағалы мұра – Абай музейінің реконструкциясына дерек жинап ат салысқан, оқығаны музей ісі болмаса да, осы саланы тәжірибесімен игерген Молдабек Жанболатовтың жергілікті өнерпаздарды қолдап, халық ансамбльдерін дамытып, мәдениет пен өнерге сүйеу болғаны – өнеге, ұлағат. Татымды жәдігерді танып, құнды мұра көрсе, музей ашқан Молдаш ағаның өлкетану, этнография саласында жасаған еңбегі, жазған кітаптары бір төбе. Саланың жанашыры да, жауынгері де бір өзі. Тоқсан деген қадірлі жасқа үлгілі тәжірибесімен жеткен адам нағыз бақытты жан шығар.
Қуанышбек ҚАРИ










