Бағдарламаның әр шығарылымы миллионға жуық қаралым жинап, қазақтілді ойын-сауық контентінің арасында өзіндік орнын қалыптастырып келеді. Жобаның ерекшелігі – қалыптасқан викторина үлгісін еркін импровизациямен, заманауи әзілмен және көрерменге жақын мәдени ишаралармен ұштастыруында.
Бұл қандай шоу?
«О, сұрақ!» – әзіл мен тапқырлықты ұштастырған интеллектуалды викторина. Бағдарламада қатысушылар жүргізуші қойған сауалдарға дұрыс жауап берумен ғана шектелмей, тосын ой айтып, қалжыңмен қағысып, тапқырлығын танытуға тырысады. Шоуды комик Тұрсынбек Слямбеков жүргізеді, ал оған Аңсаған Садирханов серік болады. Әр шығарылымға отандық комедияның жаңа буын өкілдерімен қатар танымал блогерлер мен актерлер шақырылады.
Бағдарламаның сыртқы формасы дәстүрлі викторинаға ұқсайды: жүргізуші сұрақ қояды, қатысушылар жауап іздейді. Алайда «О, сұрақ!» үшін дұрыс жауаптың өзі түпкі мақсат емес. Кейде қате болжамның өзі күтпеген қалжыңға ұласып, әңгіменің көрігін қыздырады. Қатысушылар бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, әзілді одан әрі дамытады. Соның арқасында бағдарлама құрғақ сұрақ-жауап форматынан шығып, еркін әңгіме мен импровизацияға негізделген көңілді шоуға айналады. Жобаның ерекшелігі де осында. Мұнда логика мен абсурд, білім мен юмор қатар жүреді. Сұрақтарға әлемнің әр түкпіріндегі қызықты деректер, қазақтың салт-дәстүрі, аңыздары, күнделікті өмірдегі таныс құбылыстар арқау болады. Бірақ қандай тақырып қозғалғанына қарамастан, қатысушылар әңгімені күтпеген арнаға бұрып әкетуге әрдайым дайын. Осы еркіндік бағдарламаның өзіндік ырғағын қалыптастырған. Көрермен бір жағынан жауабын ойлап, ойынға араласса екінші жағынан комиктердің аяқ астынан туған қалжыңына куә болады. Сондықтан «О, сұрақ!» интеллектуалды викторинадан гөрі білім, әзіл және импровизация тоғысқан заманауи ойын-сауық жобасына көбірек ұқсайды.
Жүйеге түскен хаос
«О, сұрақ!» басқа әзіл бағдарламаларынан құрылымы жағынан ерекшеленеді. Мұнда әр қатысушы жеке тақырып ұсынып, әңгімені соның төңірегінде өрбітпейді. Бағдарлама алдын ала әзірленген сұрақтарға негізделеді. Алайда бұл қатысушылардың еркіндігіне кедергі келтірмейді. Керісінше, дайын сұрақтар әңгіменің бағытын белгілеп қана, оның әрі қарай қалай өрбитінін қонақтардың тапқырлығы мен импровизациясы шешеді. Қатысушылар дұрыс жауапты алдын ала білмейді. Сондықтан олардың реакциясы да, айтқан әзілі де көбіне сол сәтте туады. Осы ерекшелік шоуды бір жағынан табиғи, екінші жағынан жинақы етіп көрсетеді. Яғни бағдарлама еркін әңгімеге құрылғанымен, негізгі арнасынан ауытқып кетпейді. Шоудың тартымдылығы көбіне жүргізуші мен қонақтардың өзара тіл табысуынан байқалады. Тұрсынбек Слямбековтің әдейі салмақты, кейде пафосқа құрылған мәнері қатысушылардың еркін қалжыңымен астасып, қызықты контраст тудырады. Әр шығарылымға жаңа қонақтар келген сайын бағдарламаның көңіл күйі де өзгеріп отырады. Бір шығарылымда сөз қағысы мен тапқыр жауаптар басым болса, келесісінде қисынсыз әзіл немесе белгілі бір ортаға ғана таныс интернет қалжыңдары алға шығуы мүмкін. Сондықтан ережесі мен форматы тұрақты болғанымен, әр шығарылымның өз мінезі, өз ырғағы қалыптасады.
Шоуды формат емес, мазмұн жасайды
Бұл баршаға бірдей ұнауға тырысатын жоба емес. Өйткені бағдарламадағы әзілдің бір бөлігі белгілі бір ортаға ғана түсінікті болуы мүмкін. Мұнда бүгінде сирек еске алынатын қазақстандық мемдер, бұрынғы телебағдарламалар мен интернет мәдениетіне қатысты ишаралар жиі кездеседі. Сол себепті кей көрермен үшін бұл жай ғана әзіл емес, өткен уақытты еске түсіретін таныс белгі іспетті. Мәселен, «Шаншарға» жасалған сілтемелер, бір кездері телефоннан телефонға инфрақызыл порт арқылы жіберілетін әуесқой рэп, «Ел Арнадан» көрсетілген дорамалар немесе қазақтілді Twitter ортасына ғана таныс қалжыңдар – мұның бәрі бір буынның ортақ естелігін жаңғыртады. Осындай детальдар бағдарламаны көрерменге жақындатып, өзін бір ортадағы әңгімеге араласқандай сезіндіреді.
Шоудың тағы бір ерекшелігі – оның ескі телевизиялық ойындардың көңіл күйін еске салуында. Дұрыс жауаптан кейін ойналатын қысқа әуендер, жүргізушінің салмақты мәнері, сұрақ-жауаптың реті бала кезде көрген ойын-сауық бағдарламаларын еріксіз ойға түсіреді. Сондықтан «О, сұрақ!» тек әзілге құрылған викторина ретінде емес, әр кезеңнен қалған таныс белгілерді бір жерге тоғыстырған жоба ретінде де қабылданады. Онда бір буынның өскен ортасы, көрген телехикаясы, тыңдаған әуені мен интернеттегі алғашқы әзілдері қатар көрініс табады.
Соңғы жылдары қазақтілді комедияда жаңа форматқа ұмтылыс айқын байқалады. YouTube-та шетелде танымал болған жобалардың жергілікті нұсқалары көбейіп, стендап та дәстүрлі жеке концерттің аясынан шыға бастады. Комиктер импровизацияға, ойынға, викторинаға және түрлі аралас форматтарға бет бұрып, көрерменге әсер етудің жаңа жолдарын іздеп жүр. Осы ортада «О, сұрақ!» өзіндік бағыты бар жоба ретінде көрінеді. Құрылымы жағынан ол ресейлік «Самый умный комик» бағдарламасына ұқсас тұстарға ие. Мәселен, қатысушылардың жауап берер алдында өзіне тән белгі немесе дыбыс ойлап табуы секілді элементтер екі жобада да кездеседі. Дегенмен мұнда басты мәселе форматтың қайдан алынғанында емес. Маңыздысы – авторлардың сол үлгіні жергілікті мазмұнмен қалай толықтырғанында. Қазақы ортаға таныс әзіл, интернет мәдениеті, күнделікті тіл мен жаңа буынға жақын ишаралар шоудың өзіндік реңкін қалыптастырған. Соның арқасында бағдарлама бір жағынан таныс көрінсе, екінші жағынан жаңа әсер қалдырады. Көрерменге бөтен емес, бірақ бұрын дәл осы қалыпта кездеспеген дүние ұсынылады.
«О, сұрақ!» уақыт өте келе қазақтілді комедиядағы тұрақты әрі танымал жобалардың біріне айнала ма – оны әзірге уақыт көрсетеді. Алайда шоудың өз стилін табуға талпынысы, жергілікті мәдени ортаға арқа сүйеуі және импровизацияға кең мүмкіндік беруі оның басты ерекшелігі болып отыр. Авторлар баршаға бірдей түсінікті әзіл жасауға ұмтылмайды. Керісінше, белгілі бір ортаға жақын мәдени белгілерді, ішкі қалжыңдарды және еркін импровизацияны алға шығарады. Осы бағыт сақталса, «О, сұрақ!» қазақтілді ойын-сауық контентінің жаңа тынысын танытатын жобалардың бірі бола алады.
С.БЕГІМБАЙ










