Астанада күні кеше Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) халықаралық байқауының финалына өткен фильмдердің жабық көрсетілімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Биыл байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түсіп, оның арасынан 25 жұмыс финалға іріктелген. Ақтық сынға қазақстандық екі автордың туындысы да жолдама алды.
Жабық көрсетілім 1 қазанда Chaplin MEGA Silk Way кинотеатрында өтті. Көрермендерге Қазақстан, АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея және Қытай авторларының жұмыстары ұсынылды. Ал фестивальдің негізгі тақырыбы – The Future Worth Living In («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»).
Байқауға ұсынылған фильмдер 19 жанрды қамтиды. Оларды жасау кезінде 80-нен астам генеративті жасанды интеллект моделі қолданылған. Фестивальге түскен жұмыстардың жалпы ұзақтығы 100 мың минуттан асады. Жабық көрсетілімге келген көрермендерге ең үздік деген 10 фильм көрсетілді.
AAIFF негізін қалаушы Алмас Жәлидің айтуынша, байқауға түскен фильм саны бұдан да көп болған. Сондықтан да қазылар алқасы мыңдаған жұмыстың ішінен 25 туындыны таңдаған.
– 125 елден қатысушылар болды. Біз оның ішінен 25 жұмысты іріктеп алдық. Соның ішінде екеуі – қазақстандық жігіттердің туындысы. Жұмысы жақсы, олар бізге келген қонақтармен бәсекеге түсе алатындай деңгейде деп ойлаймын, – деді Алмас Жәли.
Қазақстан байқауға ұсынылған жұмыс саны бойынша да алдыңғы қатарда. Өйткені елімізден 829 өтінім түсіп, Қазақстан өтінім саны бойынша АҚШ-тан кейін екінші орынға шықты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 125 елден 8 мыңнан астам жұмыстың түсуі жасанды интеллектінің көмегімен жасалған, дәлірек айтсақ, AI-киноның тәжірибе деңгейінен біртіндеп жеке индустрияға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Осыған қатысты Алмас Жәли бұған дейін фестивальдің мақсаты тек үздік фильмдерді анықтаумен шектелмейтінін айтады. Ұйымдастырушылар басты мақсаты да сол, Қазақстанда AI-өндіріс саласының инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді. Мұнда фильмдер жұмыстың сапасы, орындалу деңгейі және AI-өндіріс саласындағы әлеуетіне қарай таңдалады. Сонымен қатар іріктелген командалар Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, Astana Hub қатысушысы атанады.
Фестиваль негізін қалаушы Айзатулла Хуссейннің айтуынша, финалға өткен жұмыстар жасанды интеллектінің кино өндірісіне ықпалын айқын көрсетіп отыр.
– Осы жұмыстарды көргенде, енді киноиндустрияның да өзгеретінін түсіндім. Қазіргі технология фильм жасауға мүмкіндік береді. Сол себепті кейде оның жасанды интеллект көмегімен жасалғанын ажыратудың өзі қиынға соғады. Бұған дейін көбіне Голливуд пен Еуропаның фильмдерін көріп, оқиғаларды Батыстың көзқарасы арқылы қабылдап келдік. Ал мұнда тек біржақты тұжырым қалыптаспайды. Әлемнің әр түкпіріндегі оқиғаларды көре аламыз. Әр автордың өз көзқарасы, өзіндік тәсілі мен тұжырымдамасы бар. Технологияның арқасында кино саласы да өзгереді, – дейді ол.
Халықаралық қазылар алқасының құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан және BytePlus өкілі кірген.
Фестивальдің жалпы жүлде қоры – 2 миллион АҚШ доллары. Оның 1 миллион доллары жеңімпаздарға жүлде ретінде беріледі. Тағы 1 миллион доллар болашағы бар AI-командаларға инвестиция салуға арналған.
Сонымен күні кеше, яғни, 1 қазанда аталмыш көрсетілім жабық форматта өтті. Ал 2 және 3 қазанда финалистердің фильмі MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында көпшілікке ұсынылады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, билет құны да өте арзан. Шамамен, 100 теңгедей.
Оған қоса, 3 қазанда финалистер AI-кино жасауға арналған практикалық уоркшоп өткізеді. Авторлар фильмді идеядан бастап дайын жобаға дейін жасау барысын таныстырып, жасанды интеллект көмегімен контент әзірлеу тәжірибесін бөліседі. Ал ең соңында көптен күткен Astana AI Film Festival жеңімпаздары анықталады.










