Алматы қаласы Білім басқармасы мен «Өнер мектебі» КМҚК ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан экспозицияда акварель, кескіндеме, графика, пастель сынды әртүрлі техникада орындалған материалдар ұсынылады. «Өнер мектебі» КМКҚ бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі Зарима Сүлейменованың сөзінше, байқау аясында дарынды балаларды анықтау үшін белгілі суретшілер мен өнертанушылар тартылған.
– Біздің ең бірінші көздегеніміз – еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерекше қабілеті бар балаларды табу. Байқауда балалар топтарға бөлініп, өз қатарластарының арасында бақ сынайды. Қазылар алқасы тек суреттің әдемілігіне емес, баланың қиялына, түстерді таңдау шеберлігіне және тақырыпты өзіндік көзқараспен аша білуіне баса назар аударады. Бала берілген тақырыпты қалай түсінді? Біз үшін шаблонды ойлаудан гөрі баланың өзіндік көзқарасы маңызды. Мысалы, тақырып туған жер туралы болса, жай ғана тау мен күнді емес, баланың өз ауылындағы ерекше бір сәтті немесе естелікті бейнелеуіне мән беріледі. Сондай-ақ бағалау кезіндегі ең қатал ереже – жұмыстың баланың өз қолымен орындалуы. Қазылар алқасы кәсіби маманның қолтаңбасын бірден таниды. Сондықтан баланың кішігірім қателіктері болса да, оның өз бетінше жасаған еңбегі әлдеқайда жоғары бағаланады, – деді З. Сүлейменова.
16 жастағы Ерасыл Несіпбай қазір Алматы қаласында орналасқан №62 гимназияның 9-сыныбында оқиды. Сонымен бірге бойындағы шығармашылық қабілетін дамытуды мақсат тұтқан ол Өнер мектебінде қатар білім алады. Ерасыл осыған дейін де бірнеше байқауда бағын сынап келе жатқан талапты оқушылардың бірі.
– Мен бұл байқауға ұзақ уақыт дайындалдым. Алдымен тақырыпқа сай идея іздеп, бірнеше эскиз сыздым. Бояулардың бір-бірімен үйлесім тауып, жарық пен көлеңкені дұрыс түсіру үшін көп жаттықтым. Күнделікті 2-3 сағатымды осы суретке арнадым. Дайындық барысында атақты суретшілердің туындыларын зерттедім. Мен сурет салғанда музыка тыңдағанды жақсы көремін. Себебі әуеннің ырғағы маған бейнелерді елестетуге көмектеседі. Сондай-ақ оқыған ертегілерім мен кітаптарымдағы кейіпкерлер де менің қиялымды дамытады. Мен үшін ең маңыздысы – түстерді таңдау. Себебі бояулар арқылы мен өз көңіл күйімді жеткізе аламын, – деді Е. Несіпбай.
Кәсіби маман ретінде экспозицияда ұсынылған туындыларға баға берген Айсұлу Өскенбайқызы жас суретшілердің жұмысынан ортақ тенденция байқалатынын айтады. Әсіресе, қатысушылардың сан түрлі бояуға толы суреттерінен бүгінгі қоғамның әлеуметтік және рухани бейнесін көруге болады.
– Балалар өз туындылары арқылы ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, табиғатты қорғау мәселесін және адамзат арасындағы татулық пен бірлікті бейнелеген. Бұл қазіргі жас буынның қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, оларды өнер арқылы жеткізе алатынын көрсетеді. Сонымен қатар экспозицияда ұсынылған туындылардан балалар мен жасөспірімдердің ұлттық құндылықтарға, табиғат пен адамгершілік тақырыптарына ерекше қызығушылық танытатынын байқадым. Көптеген туындыда туған жерге деген сүйіспеншілік, бейбітшілік пен мейірімділік идеялары көрініс тапқан. Кей балалардың шығармаларында заманауи көзқарас пен өзіндік стиль қалыптаса бастағаны байқалады, – деді Әбілхан Қастеев атынағы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залы бөлімінің жетекшісі, көрме кураторы Айсұлу Үсентаева.
Уақыт өткен сайын сол заманның буынына тән өзіндік ерекшеліктер мен құндылықтар қалыптаса бастайтыны рас. Қазіргі жас ұрпақ арасындағы сондай бір ерекшеліктерді дәл осы көрмеден де аңғаруға болады.
– Иә, қазіргі жас буынның визуалды тілі бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген. Бүгінгі балалар өз ойын батыл жеткізіп, түр-түстер мен заманауи композициялық шешімдерді еркін қолданады. Олар дәстүрлі тақырыптарды қазіргі заман көзқарасымен үйлестіріп, шығармаларына жаңа мазмұн мен ерекше стиль енгізіп келеді, – деді көрме кураторы.
Айсұлу Өскенбайқызының сөзінше, бұл көрме жас дарындардың талантын шыңдап, олардың өнер жолына сенімді қадам басуына мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі. «Осындай игі бастамалар арқылы өскелең ұрпақ ұлттық мәдениет пен өнердің қадірін түсініп, шығармашыл тұлға болып қалыптасады», – дейді ол.
– Биылғы көрмеде ауқымды әрі маңызды тақырыптар қамтылды. Мысалы, «Менің шаңырағым – Қазақстан Республикасы» тақырыбында еліміздің әсем табиғаты, жан-жануарлары әлемі мен мәдениеті бейнеленсе, «Бейбітшілік пен мейірімділік біздің қолымызда» тақырыбы арқылы адамзаттың рухани әлеміне терең үңілуге мүмкіндік берілді. Ал «Тірі ғаламшар» тақырыбы кішкентай ғана елімізді бүкіл әлеммен байланыстыра қамтиды. Бұл көрме жай ғана экспозиция емес, тәрбиелік мәні зор, білім мен өнерді ұштастырған ерекше алаңға айналды. Қойылған туындылар өнердің адам өміріндегі маңызын тереңірек түсінуге көмектеседі. Көрмеге қатысушылардың осыған дейінгі жетістіктері де жоғары деңгейде бағаланған, – деді А. Үсентаева.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы










