Елорданың төрінде өтіп жатқан бес күндік Astana Eurasian Book Fair – 2026 кітап көрме-жәрмеңкесі аясында жаңа кітаптардың тұсаукесері кесіліп, белгілі ақын-жазушылар мен кітап авторларымен жүздесу өткізіліп жатыр. Соның бірі – «Ақ батпырауық» кітабының таныстырылымы. Кітаптың авторы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті стипендиясының төрт мәрте иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Ақынның айтуынша, бұл кітап 2024 жылы «Сардар» баспасынан шыққан.
– Бүгін мінеки, сәті келіп, кітап мерекесіне орай «Ақ батпырауық» кітабымның тұсаукесері кесілді. Біз шығармашылыққа сонау 90-жылдары, тәуелсіздіктің тұсында келдік. Сол кездерде көшеде жүріп әдебиетті бір дәуірден дәуірге, ғасырдан ғасырға өткізгендей болғанбыз. Әр дәуірдің өз кезеңі болады. Біреулер тоқырау дейді, бірақ бұл тоқырау емес. Бұл – түйсіктегі дүниенің демалып, уақыт өте қалап-қалап қатпарланып, осыдан 2-3 жыл бұрын қолыма қайта қалам алуыма әкелді. Сол кезде күніге бір өлең жазамын деп өзіме талап қойдым. Сөйтіп, жыл бойы күніге бір өлеңнен жазып шықтым. Бұл жинақ – идеалистік бағыттағы жырлар. Ата-бабаларымыздың бойында бар қасиетті көрсетіп, өмірден мән іздеу еді, – деді ол.
Серікзат Дүйсенғазин осындай азаматтың замандасы болғанына қуанатынын жеткізді.
– Тоқсаныншы жылдардың басында Маралтайдың буырқанған кезің көргенбіз. Анар Салқынбай деген ұстазымыз, ә л-Фараби атындағы ұлттық университетінің профессоры айтқаны бар: “Бірде №31 автобуста келе жатсам. С ары плащ киіп алған б ір жігіт автобус ішінде өлең оқып тұр. Елдің бәрі қол соғып, бірі ақша беріп жатыр. Бірақ кім екенін танымадым” деп. Содан мен “Ол – Маралтай, Тараздан келген ақын” деймін. Міне, оның сол кездегі көшеде де, бейітте де өлең оқып жүргенін көзімізбен көрдік. Шын ақындық деген – өлең жазу емес, болмысымен ақын боп келу. Осындай азаматтың замандасы болғанымызға қуанамыз, – дейді Серікзат Дүйсенғазин.
Ақын, жазушы Ақберен Елгезек те сол бір 90-жылдарды еске алды.
– Біз Алматыға 90-жылдардың аяғында келдік. Маралтай атындағы эпидемия ковидтен бетер жүріп жатты. Сонымен ауырып, әрең айықтық. Бұ кісінің жолымен жүрсек, осылай кететін едік. Кейінгі кезде Маралтай ағамыз үшін қатты қуанып жүрміз. Әлеуметтік желіні ашсақ, күнде жаңа өлең. Кейбіріне “лайк” басып үлгермей жатамыз. Сіз – 90-жылдарда жалғыз әдебиет емес, бүкіл ел тоқырап тұрғанда поэзияны тастамай, үзіліп бара жатқан қаламды жалғап жіберіп, бізге эстафетаны қайта берген қазақтың ұлы ақынысыз. Сіз Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа лайықсыз!, – деді ол.









